Ұстаз жетістігі
Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай өткен облыстық мәнерлер оқу байқауында Тоқмансай ауылдық округінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ескельдина Диана Витальевна өз шеберлігін танытып, облыс әкімі Асхат Шахаровтың марапатына ие болды.
Ұлы тұлғаның шығармашылығы насихатталған байқауда әдебиетке деген сүйіспеншілігінің арқасында Диана Витальевна көпшілік арасынан дараланды. Ол 1996 жылы 17 қыркүйек күні Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Тоқмансай ауылында дүниеге келген. Ұлты – неміс. 2003 жылы Тоқмансай негізгі мектебінің табалдырығын аттап, 2014 жылы Тоқмансай орта мектебін тәмамдаған. Мектепті аяқтаған соң Ақтөбе қаласындағы «АГУ Тарлан» колледжіне оқуға түсіп, 2017 жылы аяқтаған. Одан соң Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білімін жалғастырып, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады. Диана Витальевна мектепте, орта және жоғары оқу орындарында оқып жүрген кездерінде өзін жан-жақты қырынан көрсетті. Әсіресе, әдебиетке өте жақын болған. Алғашқы еңбек жолын өзінің туған ауылындағы Тоқмансай орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастап, бүгінде де сол қызметін шәкірттерін білім нәрімен сусындатып абыроймен атқаруда.
Ұстаз өз сөзінде: «Ұстаздық қызметімді атқарып, шәкірттеріме сапалы білім мен тәлімді тәрбие беруге, олардың бойына ана тіліне деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға бар үлесімді қосып келемін. Өзі өлсе де артынан мәңгі өлмейтін мұра қалдырып кеткен дана Абай атамыздың шығармаларын сүйіп оқимын. Ақынның шығармаларынан өзіме шабыт аламын, әр оқыған сайын менің жан-дүнием байып, рухани мол қазынаға ие боламын. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын!» — деген болатын.
Біз де редакция ұжымы атынан Диана Витальевнаны жетістігімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыстар, жемісті еңбек пен биік белестер тілейміз!
Марал САНДЫБАЙ