Вице-министр

алғалықтармен кездесті

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Жомарт Әлиев, Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов Алға ауданында жұмыс сапарымен болып, тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдау кезінде тұрғындар Елек өзенін тазалау, Көкжиде су қорын сақтау, Алға көшелеріндегі шаңның зияны және басқа да мәселелерді қозғады.

Жиында Республика және Ағниязов көшелерінің тұрғындары республикалық маңызы бар жолдың үй төңірегімен өтетініне және де жол сапасының төмендігінен көк ала шаңнан көз ашпайтынына шағымданды.

Вице-министр бұл шағымға қатысты қаланы айналып өтетін жаңа жол салынып жатқанын алға тартып, оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенін айтты.

Бүгінде қала сыртымен өтетін жолдың құрылысы аяқталғаннан кейін ішкі жолдарға, оның ішінде Республика және Ағниязов көшелеріне де жөндеу жүргізілетіні айтылды.

  • Нақ қазір бұл көшелердегі тұрғындардың жағдайын жеңілдетудің амалы — жолға су шашып тұру. Осы жолға жауапты мекеме күніне бірнеше рет су сеуіп тұрса, шаңды басуға септігі тиеді. Айтылған тапсырманы орындамаған жағдайда айыппұл салынуы керек, — деді Жомарт Әлиев.

Сонымен қатар, вице-министр жергілікті құзырлы органдарға аталған көшелерден сынама алып, ауа құрамын тексеруді тапсырды.

  • Алға қаласын су тасқынынан қорғау мақсатында салынған дамбыны 3 шақырым қашықтықта бетондау, Тамды ауылындағы дамбыны жөндеу мәселелері бүгінде күн тәртібінде өзекті болып тұр. Биылғы су тасқыны кезінде тұрғындар мен мекеме қызметкерлері бірлесе қимылдап, 300 қапшық құмды уақытында орналастырды. Әйтпеген күнде Алға қаласына да су кірер ме еді, — деді қала тұрғыны.

Қарақобда өзенінің қамысы қалың өссе, өзеннің ағысы баяулайды. Бұлақтар да аршылмайды екен. Осы мәселені қозғаған Қарақобда ауылының байырғы тұрғыны Зияш Меңбаев ауылымен аттас өзеннің тағдырына алаңдайтынын жеткізді.

Ардагерлер болса Көкжиде су қорын сақтау мәселесін көтерді.

  • Бүгінде Құндақтырдың суын пайдаланып отырғанымызға 50 жылға таяды. Оның су қоры азайды. Енді келешек ұрпақты ойласақ, Көкжидені қорғау керек, — десіп қариялар бәрінен де су мен топырақ маңызды екенін еске салды.

Қойылған сұраққа облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов өңірде бірнеше мұнай компаниясы еңбек етіп жатқанын, және де олардың жұмысын бірден тоқтату қиындық туғызатынын алға тартты. Жұмыс тоқтаса жүздеген адамның, яғни өз жерлестеріміздің тағдырына әсер ететіні белгілі. Сондықтан, Президент тапсырмасына сай, мұнай өндіру жұмыстары алдағы жылдарда бірте-бірте тоқтатылады. Ал Көкжиде суының құрамына келер болсақ, ол тұрақты түрде тексеріліп отыратыны айтылды.

 

Мәншүк САПАРОВА