Уақыттың қадірін біліп жүрміз бе?

 Уақыт – бағалы құндылықтардың бірі. Уақыт ешқашан бір уақытта тұрмайды. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Оны жүз мәрте қайталағың келсе де, қайталай алмайсың. Әрбір адам уақытты дер кезінде пайдаланып қалмаса, кейіннен өкініп қалары анық. Бүгінде адамзат уақыттың қадірін біліп жүр ме деген сауал туындайды. Осы турасында кеңінен сөз етпекпіз…

Уақыттың жүйріктігі соншалық көзді ашып жұмғанша күндер зулап, айлар адымдап, секундтар жылжып тез өтуде. Соңғы уақытта «Уақыт тез өтуде», «Уақыт жоқ, үлгермейміз» дегенді жиі естіп жатамыз. Бірақ, оған көп жағдайда мән бермейміз. Күнделікті күйбең тіршілікпен уақыттың қалай лезде өтіп кеткенін байқамай қалып жатамыз. Егер әрбір адам уақыттың алтындай қымбат екендігін дұрыс түсіне білсе, әр сәтін бағалауға үйренер еді. Жасыратыны жоқ, еңбектеген баладан қарттарымызға шейін ұялы телефонға телмірген заман болды. Бағалы құндылығымыздың қалай зырғып өтіп жатқандығын тіпті сезбей де жатқан жайы бар. Мойындау керек, бұл қазіргі заманның ащы шындығы. Ұялы телефонды пайдалы нәрсеге пайдаланатындары да жоқ емес, бар. Яғни, сол арқылы қазіргі заманға сай саудаларын жүргізіп, кәсіптерін дөңгелетіп отырғандары қаншама.  Уақыттарын үнемдеп, онлайн білім алып, өздерін жан-жақты дамытуда. Ал, жай ғана қаншама сағаттарды телефон алдында уақыттарын еш маңызы жоқ нәрселерге жұмсап  жүргендері қаншама?! Тәңір әр адамға күнделікті 24 сағатты сыйға береді. Сол уақытты тиімді пайдалану әр адамның міндеті деп білеміз. Телефонға кеткен уақыттың орнын отбасындағы көңілді, мейірімге толы кештермен толықса, ата-аналардың балаларына деген жылы шырайы, жақын қарым-қатынасы көбейсе, туыстар, достар жиі жолықса, білім көкжиегімізді кеңейтетін кітаптар оқылса, жалпы ізгі істерге жол ашылса нұр үстіне нұр. Тәртіпті әр ата-ана өзінен бастаған жөн. Жұмыстан үйге келгенде қолы босай кетсе, әлеуметтік желіні бір шолып шықпайтын адам жоқтың қасы шығар. Танымал адамдардың өмірін бақылау, ойға қонымсыз, мән-мағынасы жоқ қысқа-қысқа әзілдер мен бейнероликтер адамның санасын қажетсіз ақпараттарға толтырудан басқа тигізер пайдасы жоқ екенін түсіну қажет. Мәселенің төркіні сол уақытты бағалай білуге шақырады. Қарапайым адам баласының күнделікті күн тәртібінің қатаң сақталуы уақытты бағалаудың ең озық үлгісі дер едік. Күн тәртібін дұрыс сақтай білген адам көптеген жетістіктерге жетеді, бәріне үлгеретін болады.

 Банкте есеп-шотың бар делік. Сол шотыңа күн сайын таңертең 86400 доллар түседі және түскен ақшаны сол күні кешке дейін жұмсап бітіруің қажет. Бір шарты тағы бар: ол ақшаны басқа банкке аудару мүмкін емес және түгесілмеген жағдайда шоттағы сома келесі күні нөлге айналады. Ал енді не істейсің? Әрине, әйтеуір сол ақшаны не болса да жұмсауға, өз игілігіңе пайдалануға тырысасың. Мінеки, барлығымыз да «Уақыт» атты банкінің тұтынушыларымыз. Күн сайын қолымызға пайдалансын деп 86400 секунд беріледі. Берілген бұл шектеулі уақытты басқа күнге не қоса алмайсың, не ертеңгі күннің уақытын мезгілінен бұрын қолдана алмайсың. Күндік уақыт қорымыз таңертең толып, кешке ада болып отырады. Өткен уақытты қайта иелене алмайсың. Сондықтан, күнделікті қолыңа түскен осы қазынаны өміріңдегі бақыт, денсаулық, жетістік, ырыс-береке, бақ сияқты маңызды нәрселерге жұмса. Аллаға құлшылық қыл! Бес парызыңды түгел орында! Ата-анаңа жақсылық қыл! Заман зулап өтіп барады, күн сайын ең жақсысын жасауға тырыс. Уақыттың қадірін толығырақ түсіну үшін мына теңеуге бір қарашы:

  • Бір жылдың қадірін мектепте сол сыныпты қайтадан оқуға қалған оқушыдан сұра
  • Бір айдың қадірін 8 айлық баланы туған анадан сұра
  • Бір аптаның қадірін апталық газеттің редакторынан сұра
  • Бір сағаттың қадірін сүйгенін күтіп отырған ғашық жаннан сұра
  • Бір минуттың қадірін пойыздан қалып қойған жолаушыдан сұра
  • Бір секундтың қадірін апат аузынан аман қалған жүргізушіден сұра
  • Ал бір миллисекундтың қадірін олимпиадада 100 метр қашықтыққа жүгіру сайысынан күміс медаль алған атлеттен сұра

Мінеки, уақыт бізге берілген үлкен қазына. Осы қазынаны маңызды нәрселерге жұмса. Ұмытпа! Уақыт ешкімді күтпейді, өткен уақыт – тарих, ал келер шақ сырларға толы. Осы сырларды арзан нәрселерге айырбастама…

Уақыттың бағалы екендігін өз жырларына арқау еткен ақын-жазушыларымыз да қаншама! Мысалы, ақын Қадыр Мырза Әлидің «Уақыт жайлы уақытында айтылған әңгіме» өлеңінде:

Уақыт қымбат, соны ұққандар бақытты,
«Әр сәтіңді қадірле» деп оқытты.
Біздер болсақ, үлкеніміз, кішіміз,
Оңды-солды шашып жүрміз уақытты.

А-ха-хаға кетіп жатыр бір сағат,
Ха-ха-хаға кетіп жатыр бір сағат…
Жұмысыңды, ұйқыңды айтса – он сағат,
Нәпақаңа кетер тағы бір сағат.

Баптануға кетіп жатыр бір сағат,
Мақтануға кетіп жатыр бір сағат.
Футбол қуып, терезені сындырып,
Ақталуға кетіп жатыр бір сағат.

Жалқау бала себептерін септейді,
«Үйге берген тапсырмалар көп» дейді.
Қыста хоккей, жаздыгүні футбол бар,
Жеткізіп көр, әрине, уақыт жетпейді!

Міне, солай, а-ай, балалар, балалар!
Кімде уақыт деп зарлайтын сана бар?!
Бір сағатты бөліп алпыс минутқа,
Әр минутын іске асырған даналар! – деп, уақыттың қаншалықты адам өмірінде орын алатынын жырлаған.

Зырғып өтіп жатқан әр сәтімізді бағалап, пайдалы іс жасауға асығайық! Көп жағдайда адамдар жақын адамдарының, ата-аналарының көзі тірісінде хабарласуға, жүздесуге уақыт таппай, олардан өмірден өтіп кетіп жатқанда барып «неге уақытында хабарласпадым, көп уақыт өткізбедім» деп сан соғып өкініп жатады. Бұның барлығы өмірде болып жатқан жағдайлар. Дәл осы тақырыпты насихаттап отандық кинорежиссерларымыз жүректен орын алатын фильмдер де түсіріп, көрермен назарына ұсынуда.

Бүгінгі күнді ертеңгі күні өкініп қалмайтындай өткізуге тырысайық! Уақыттың қадірін білуге өзімізді және ұрпағымызды тәрбиелеп, үйретейік!

 Уақыт туралы нақыл сөздер

 «Ұқыптының уақыты мол»

Мұзафар Әлімбаев

 «Уақыттың өтетіні рас, көп нәрсенің ұмытылатыны рас. Бірақ өмір бір-ақ рет беріледі деген өзіміз білетін қағида бар. Ол қандай заманда, қандай жағдайда өтсе де бәрібір қымбат. Сондықтан өз басым өткенге өкпе жүрмейді деп ойлаймын. Өткенге тек тәубе жүреді деп ойлаймын.»

Әбіш Кекілбаев

 Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
                                                                                                   Мұқағали Мақатаев

«Өмірде ең қымбат нәрсе – уақыт. Оны босқа өткізбеу керек.»

Асанәлі Әшімов

 Шад — шадыман күндерім,
Демедім бастан өтер ғой.
Дәурен өтіп, жас жатыр,
Замандас құрбы адамдар,
Азайып келіп ол бітті.
Көрген түстей бәрі де,
Көзімнен болды зым — зия.
Ағаш едің құрма өскен,
Ұршық болдың шуда өскен.
Бір қалыпта тұрмақ жоқ,
Шығармалық мұны естен.
                                                                                                   Шәңгерей Бөкеев

 «Уақыт бәріңді де жеңеді»

Сайын Назарбекұлы

 «Парасаттылар өз өмірінен ләззат алады, бос уақытын дұрыс игереді. Ақымақтар бос қалуға төзбейді. Бос уақыт оларды зеріктіреді. Сондықтан олар пайдасыз ойынмен көңіл аулап, уақыттық рахатқа салынады.»

Артур Шопенгауэр

 «Өмір – бұл репетиция емес. Уақыт аз, оны мәнді өткізіңіз.»

Сэм Альтман

 «Ең бастысы – уақыт. Уақытсыз ештеңе жоқ. Уақытты жоғалтсаң – бәрін жоғалтасың.»

Никита Ануфриев

«Өмір қысқа, ал уақыт одан да қысқа.»

 Уильям Шекспир

«Уақыт – ең әділ қазы, ол бәрін өз орнына қояды.»
 Пифагор

 «Біз уақытты босқа өткіземіз, содан кейін уақыт бізді босқа өткізеді.»
Джон Леннон

 «Кеше – тарих, ертең – құпия, бүгін – сыйлық.»
 Элеонора Рузвельт

Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ