ҚР 2002 жылғы 3 шілдедегі №331 «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңы өсiмдiктердi зиянкестерден, арамшөптерден және өсiмдiктер ауруларынан қорғау саласындағы қызметтi жүзеге асырудың құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды. Сонымен қатар егiн өнiмiн, оның сапасын сақтау мен ел аумағында фитосанитариялық iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсердi болғызбауға бағытталған.

Осы Заңның шеңберінде ҚР АШМ АӨК МИК Алға аудандық аумақтық инспекциясы улы химикаттардың адамдар денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіпсіз пайдаланылуына, ауыл шаруашылығы егістіктерінің зиянды организмдеріне қарсы іс-шаралардың уақытында әрі сапалы жүргізілуіне және фитосанитариялық есептіліктің жүргізілуі мен табыс етілуіне ұдайы бақылау жасап отырады. Осы орайда жоғарыда аталған Заңның 14-5 бабы бойынша қызметi мемлекеттiк фитосанитариялық бақылау объектiлерiне байланысты жеке және заңды тұлғалар:

  1. фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзуге және саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдердің дамуы мен таралуына жол бермеуге;
  2. пестицидтер айналымы саласындағы техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiк талаптарын сақтауға;
  3. фитосанитариялық есепке алуды жүргiзуге және уәкілетті органның ведомствосына есептiлiктi табыс етуге;
  4. пестицидтерді тіркеу (ұсақмөлдекті және өндірістік) сынақтарынан өткізу және мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес пестицидтерді тіркеу (ұсақмөлдекті және өндірістік) сынақтарынан өткізуге;
  5. пестицидтердi залалсыздандыруға және арнаулы сақтау орындарын (көмiндiлердi) тиiстi жағдайда ұстауға;
  6. қызметтiң лицензияланатын түрлерiне қойылатын талаптарды сақтауға;
  7. Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңнамасына сәйкес өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлардың ұйғарымдарын орындауға;
    7,1. өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың мемлекеттік фитосанитариялық бақылау объектілеріне қолжетімділігін қамтамасыз етуге;
  8. өсiмдiктердi қорғау жөнiндегi инспекторларға олардың Қазақстан Республикасының өсiмдiктердi қорғау туралы заңнамасын орындауына жәрдемдесуге мiндеттi. Осы Заңның

14-5 бабының 3 тармақшасына  сай қызметі фитосанитариялық бақылау обьектілеріне байланысты жеке және заңды тұлғалар фитосанитариялық есепке алуды жүргізуге және уәкілетті органға есептілікті табыс етуге міндетті.

ҚР АШМ «Фитосанитариялық нормативтерді, фитосанитариялық есепке алу нысандарын, сондай-ақ оларды ұсыну қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 29 маусымдағы №15-02/584 санды бұйрығының қосымша нысандарына сай фитосанитариялық есеп ай сайынғы, яғни наурыз, қыркүйек айлары, жартыжылдық және жылдық кезеңділікпен аудандық аумақтық инспекцияға  тұрақты табыс етілуі тиіс.

Фитосанитариялық есептілікті ұсынбау, сол сияқты уақытылы ұсынбау салдары жеке және лауазымды тұлғалар мен шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субьектілерін Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 403-бап, 1 тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеп соғады.

Д.Аққағазов,
Алға аудандық аумақтық инспекциясы басшысы