Әр сенбі сайын өткізілетін жәрмеңкеге қала тұрғындары үйренісіп қалған. Ертеңгілік уақыттың өзінде жәрмеңкеге баратын халық аз емес десе де болады. Алғада әр сенбі сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің жәйі қалай?

Әр сенбі сайын өткізілетін жәрмеңкеге жұртшылық үйренісіп қалған. Күннің ыстығы мен қыстың салқынында жәрмеңкеге келген көпшілікті бұл жолы да ерекше ықыласпен қуантты десе де болады. Ертеңгілік уақыттың өзінде базарға барған халық көп болды. Жәрмеңкеге ауданның  ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруші кәсіпкерліктер қатысты. Түске дейін әкелінген өнімнің басым бөлігі сатылып кетті.

  • Жәрмеңкеге ауданның шаруа қожалықтары белсене қатысуда. Мәселен, бүгін 7 ірі қара, 5 қой, 1 жылқы сатылымға әкелінді. Өнім қала базарынан арзан бағамен сатылып жатқандықтан халықтың жәрмеңкеге ықыласы өте күшті. Жалпы, кәсіпкерлер аудан орталығында емес, облыстағы жәрмеңкелерге де белсене қатысады. Әр сенбі сайын жәрмеңке ұйымдастырылады. Тіпті, қазір көпшіліктің  үйреніскені сондай, ет секілді кейбір азық-түлікті тұрақты түрде  жәрмеңкеден алады. Мәселен, бүгінгі жәрмеңкедегі сиыр етінің келісі 2300 теңге. Қазіргі таңда халықтың айтуы бойынша малдың санына емес, сапасына мән беру керек. Осы тұрғыда шаруалар сүтті, етті малдың басын көбейтуге күш салып жатыр. Бұл жолғы жәрмеңкеде өнімнің барлық түрі саудаға шықты, — деді Алға аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі А.Қойлыбаева.

Қазір қоғамда талқыланып жатқан мәселе көп. Соның бірі — азық-түлік бағасы. Адамзат баласының қалыпты өмір сүруіне күнделікті тұтынатын қарапайым тұрмыстық тауарлар ауадай қажет болса, оның ішінде азық-түліктің рөлі басым. Иә, азық-түліктің бағасы қол жетімсіз болған жағдайда, тұрмыстың құты қашары анық. Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының негізсіз шарықтауы – үйреншікті қалыпты жағдай.

Әр сенбі жәрмеңке ұйымдастырылып халыққа азық-түлік өнімі мен ет, сүт өнімдері ұсынылады. Өткен аптадағы жәрмеңкеде картоптың келісін – 120, сәбізді – 210, жуаны – 100 теңгеден сатты.

Сонымен қатар Алға ауданы аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында аудандық мәслихат депутаты, қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімдігінің мамандары мен БАҚ өкілдерінен құралған жұмысшы топ мониторинг жүргізді.

  • Қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік санаты іріктелген. Олардың бағасының тұрақты болуын жұмысшы топ үнемі назарда ұстап отыр. Бүгінде бағаны саудагерлер тарапынан негізсіз және күрт өсіру әрекетін тыю мақсатында тұрақты шаралар қолға алынуда, – дейді аудандық мәслихат депутатты Марат Тулеуов.

Қарапайым жағдай, азық-түлік дүкендерінде аларда сатушыға «неге қымбат?» деп сауал қойсаңыз «Тасымал қымбат. Бағаны көтеріп жіберді немесе басқа дүкеннен алыңыз» дегендей уәжін қағады. Онымен қоса тауарға сұраныстың артуына байланысты баға көтерілді деген дайын жауап бере қояды. Ал халықтың жағдайын кім ойлап жатыр?

Қазір ірі сауда орындарына баратындай елдің бәрі қалталы емес. Қалтаны қағып тастамаса да сәл үнем болсын деп жұрт арзан азық-түлік дүкендерін жағалайды. Бүгінде әлеуметтік маңызға ие тауарлардың шекті бөлшек бағалары бекітілген. Әкімдіктер тарапынан азық-түлік бағалары бақылауға алынып, тұрақтандыру бойынша түрлі іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде.

  • Нарықтағы тауар бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу үшін азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Халық үшін тиімді баға жолға қойылған. Біздегі баға базар мен қаладағы өзге дүкендерге қарағанда 10 пайызға арзан, қалтаға қонымды. Сондықтан тұрғындар бізден молынан алып кетіп жатады. Оның үстіне өнім тез өтіп кететіндіктен біздің қоймада тұрып қалған, үсіп кеткен секілді жеуге жарамсыз өнімдер болмайды. Бәрі балғын, таза күйінде сатылуда,дейді «Саламат» дүкенінің сатушысы Үміт Жалмуханова.

Жұмысшы топ қаладағы «Dina express» супермаркеті мен әлеуметтік маңызы бар дүкендерге күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау мақсатында мониторинг жүгізіп, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында түсіндірме жұмыс жасады.

  • Тұрғындардың жиі тұтынатын картоп, жуа, ұн, нан, макарон өнімдері, ет, сүт пен көкөніс бағасы қолжетімді болуы халық үшін үлкен көмек. «Саламат» дүкенінің тұрақты тұтынушысы ретінде бұл дүкенді бағасы қалта көтеретіндей, қаладағы арзан әрі тиімді сауда орнының бірі екенін айтқым келеді,— деді Алға қаласының тұрғыны Баян Құдайбергенова.
  • Ең алдымен дүкенді ашудағы мақсатымыз халыққа тиімді бағада азық-түлікті ұсыну. Әрине қазіргі таңда, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан әкімдігі қызметкерлері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жұмыстарын жүргізіп тұрады. Бұндағы тауарларға 10 пайыздан артық үстемақы қоспаймыз,- деді «Арзан» дүкенінің иесі Азат Жаленов.

Мәншүк САПАРОВА