Жаңа Конституция – әділетті әрі адамға бағытталған мемлекет негізі

Менің ойымша, Конституция жобасындағы түбегейлі жаңа тұстар – еліміздің болашағына бағытталған маңызды әрі уақыт талабына сай өзгерістер. Бұл құжатта ең алдымен адамға бағдарлану идеясының өзекке айналуы ерекше әсер қалдырады. Яғни, мемлекет те, заң да ең алдымен адамның құқығы мен мүддесіне қызмет етуі тиіс деген қағидат нақты айқындалған.
Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жариялануы – өте орынды шешім деп санаймын. Себебі кез келген дамыған елдің тірегі – азаматтарының еркіндігі мен қауіпсіздігі. Осы тұрғыдан алғанда, бұл норма қоғамның сұранысына толық жауап береді.
Сонымен қатар, бірлік пен ынтымақтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің мемлекеттілігіміздің берік іргетасы ретінде айқындалуы – көпұлтты Қазақстан үшін аса маңызды. Бұл тұрақтылық пен татулықты сақтаудың кепілі.
Егемендік пен Тәуелсіздіктің, унитарлық құрылым мен аумақтық тұтастықтың өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітілуі де көңілге сенім ұялатады. Бұл – мемлекеттігіміздің мызғымас негізі екенін көрсетеді.
Әділеттілік, Заң және Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттардың алғаш рет Конституциялық деңгейде бекітілуі – қоғамдағы жауапкершілікті арттыратын маңызды қадам. Әсіресе, заң үстемдігі мен тәртіп қағидатының нақтылануы елдің дамуына оң әсер етеді деп ойлаймын.
Ең бастысы, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – Қазақстанның біртұтас халқы екенінің нақты айқындалуы демократиялық құндылықтарды нығайтады. Бұл әр азаматтың ел тағдырына жауапты екенін білдіреді.
Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа жобасы – әділетті, тұрақты әрі адамға бағытталған мемлекет құруға жасалған маңызды қадам деп есептеймін.
М.Сапарова,
тілші