Жаңа Конституция – кәсіпкерлік еркіндігі мен әлеуметтік әділеттіліктің кепілі

Менің ойымша, жаңа Конституция жобасында жекеменшік пен кәсіпкерлік еркіндігінің нақты конституциялық деңгейде қорғалуы – экономикалық тұрақтылықтың берік негізі. Жекеменшіктің мемлекеттік меншікпен тең дәрежеде танылуы әр азаматтың еңбегі мен бастамасына құрметпен қараудың белгісі деп есептеймін. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамға құқықтық кепілдік берілуі – елдегі іскерлік белсенділікті арттырып, орта таптың қалыптасуына ықпал етеді.
Әлеуметтік қорғау тетіктерінің айқындалуы да аса маңызды. Ең төменгі жалақы мен зейнетақыға қатысты мемлекеттің міндеттемелерінің бекітілуі – әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі. Әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін бұл норма үлкен қолдау деп санаймын. Сонымен қатар, еңбек ету құқығы мен кемсітусіз сыйақы алу қағидаты – әр адамның адал еңбегі лайықты бағалануы тиіс екенін көрсетеді.
«Заң және тәртіп» қағидатының енгізілуі де көңілге сенім ұялатады. Заңның бәріне бірдей қызмет етуі, алаяқтық пен негізсіз қысымнан қорғауы – кез келген азамат үшін қауіпсіз орта қалыптастырады. Мен бұл нормаларды әділетті әрі тұрақты қоғам құруға бағытталған нақты қадам деп бағалаймын.
Ш.Тлегенова,
қоғам белсендісі