Жаңа Конституция – Жаңа Қазақстанның берік іргесі
Ел тарихында тағдыршешті кезеңдер аз болмайды. Сондай сәттерде қоғамның санасы сергек, көзқарасы айқын, ұстанымы нық болуы қажет. Конституциялық реформа – жай ғана заң мәтінін өзгерту емес, ол – мемлекеттің болашақ бағытын айқындайтын стратегиялық таңдау. Бүгінгі талқылаулар мен ашық кездесулер – халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатының нақты көрінісі. Әрбір бап, әрбір түзету – ертеңгі ұрпақтың тағдырына әсер ететін маңызды қадам. Сондықтан Ата Заң жобасын талқылау – барша азаматтың ортақ ісі, ортақ жауапкершілігі.
2026 жылғы Конституциялық реформа аясында Қазақстан Республикасы Ата заңының жаңа жобасын түсіндіру мақсатында облыстық мәслихат депутаттары Қойлыбаев Марат Айтуғанұлы мен Қалмағанбетов Бижан Қуанышкерейұлы Алға ауданының тұрғындарымен кездесті.
Халық қалаулылары алдымен «Алға-Жылу» КМК жұмысшыларымен жүздесіп, одан кейін Алға индустриялық-техникалық колледжінің ұстаздары және қызметкерлерімен, Белсенді өмір сүру орталығының ата-әжелерімен, аудандық мекемелер мен бөлім қызметкерлерімен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ашық пікір алмасты.
Кездесу барысында депутаттар жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылауға және тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап беруге келгендерін атап өтті.
- – Бүгін тәуелсіз еліміз маңызды тарихи кезеңде тұр. Бұл – үлкен таңдау уақыты. Таңдау дегеніміз – заңдылық. Ал заңдылықтың берік ұстанымы болуы керек. Заман өзгерген сайын заң да жетіліп отырады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған Ата Заңымыз мемлекеттігіміздің қалыптасуына қызмет етті. Енді жаһандану дәуірінде, әлемдік қауымдастықта өз орны бар ел ретінде Жаңа Қазақстанның талаптарына сай жаңа мазмұн қажет, – деді Марат Айтуғанұлы.

Жиын барысында қатысушылар тарапынан тіл мәселесіне қатысты сұрақ қойылды. «Қазақ және орыс тілдері қатар жүреді» деген тіркес қоғамда түрлі пікір туғызып отырғаны айтылды.
Депутаттар Конституцияның 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп нақты көрсетілгенін түсіндірді. Ал 2-тармақта мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен қатар қолданылатыны жазылған. Мұндағы «тең» сөзін «қатар» сөзімен алмастыру ұсынылып отырғаны айтылды.
- – Қазақ тіліне деген құрмет құжаттағы сөзбен емес, жүректегі сезіммен өлшенеді. Қазақ қазақпен қазақша сөйлегенде ғана тілдің мерейі үстем болады. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқын көрсетілген, – деді халық қалаулысы.
Алға аудандық Белсенді өмір сүру орталығының директоры Бақыт Қарағұлқызы жаңарған қоғамға жаңаша заң қажет екенін атап өтіп, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Ол заң жобасын мұқият оқып, алыпқашпа әңгімеге ермеудің маңызын айтты.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Мұқанов Сансызбай Қалмырзаұлы қонақтарға алғыс білдіріп, Конституциялық реформа жобасы аудан көлемінде кеңінен талқыланып жатқанын жеткізді. Барлық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Ел болашағын айқындайтын бұл тарихи қадам – әр азаматтың жауапкершілігін талап ететін кезең. Заң – мемлекеттің тірегі. Ал сол тіректің мықты болуы – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Мадина ТАЖИБЕКОВА