Жаңа оқу жылы жаңартылған мектепте
Алға ауданы үшін биылғы оқу жылы үлкен жаңалықпен басталмақ. Қарабұлақ ауылындағы 1992 жылы бой көтерген Қарабұлақ мектеп-бақшасы толықтай жаңарып, күрделі жөндеуден өтті. Білім ордасы өзінің жаңа келбетімен ауыл тұрғындарын, оның ішінде оқушылар мен ата-аналарды қуантты.
Жобаның тапсырыс берушісі — «Алға ауданының білім бөлімі» ММ «Қарабұлақ мектеп-бақшасы» КММ, ал нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына «ABYROI GROUP» ЖШС мердігер компаниясы жауапты болды. Техникалық қадағалауды «Фараб құрылыс» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «BEST-7» ЖШС атқарды. Жауапты тұлға — Ибраев Б.Р. Жөндеу жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталып, тамыз айында толығымен аяқталды.
Күрделі жөндеу жұмыстары ауқымды болды. Ғимараттың сырты толықтай сайдингпен қапталып, барлық сынып бөлмелері мен дәліздерде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Электр және жылыту жүйелері толығымен жаңартылды, еден төсеніштері ауыстырылды, есіктер жаңадан орнатылды. Бұған дейін қолданыста болмаған қанат іске қосылып, бұрынғы 13 кабинетке қосымша 7 кабинет пайдалануға берілді.
Бұдан былай мектеп-бақшада 1-11 сынып аралығында 75 оқушы, сондай-ақ 26 балабақша тәрбиеленушісі білім мен тәрбие алады. Жалпы алғанда 100-ден астам бала сапалы біліммен қамтылып отыр.
Қарабұлақ мектеп-бақшасында бүгінгі күні 26 педагог қызмет атқарады. Оның ішінде 6 мұғалім — жоғары санатты «Педагог-зерттеуші», 2 мұғалім — «Педагог-сарапшы», 8 ұстаз — «Педагог-модератор» санатында. Ал 10 мұғалім — «Педагог» дәрежесінде болса, олардың үшеуі — өткен жылы ғана қосылған жас мамандар. Бұл – білім шаңырағының тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандардың үйлесімді еңбегін айғақтайды.
Балалардың қауіпсіздігі — бірінші орында. Мектеп-бақша ғимаратына 32 бейнабақылау камерасы орнатылған: оның 20-сы ғимарат ішінде, 12-сі сыртқы аумақты қамтиды. Сонымен бірге өрт дабылдары қойылып, қауіпсіздік талаптары толық қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, мердігер компания «ABYROI GROUP» ЖШС жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілмеген бірқатар жұмысты өз демеушілігі есебінен атқарып берді. Соның ішінде мектеп кіре берісіне кафель төселіп, баспалдақ бар жерлердің ұстағыштары орнатылды. АКТ залының сахнасы жаңартылып, спорт залына жаңа линолеум төселіп, жылыту жүйесі толықтай қайта жасалды.
Қарабұлақ мектеп-бақшасының директоры Қуанышбек Жидегалиевич Кульмаганбетов:
- – «Биылғы оқу жылы біз үшін ерекше қуанышпен басталмақ. Мектептің жаңа кейіпке енуі – ауыл балаларына жасалған үлкен қамқорлық. Жаңа кабинеттердің қосылуы, заманауи талаптарға сай жасалған ішкі әрлеу жұмыстары – барлығы да балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасайды. Бұл – тек ұжым үшін ғана емес, бүкіл ауыл үшін зор қуаныш. Еңбегі сіңген барлық мамандарға және қолдау көрсеткен аудан басшылығына алғысымызды білдіреміз», — деді ол.
Қарабұлақ ауылындағы білім ордасының жаңаруы – тек мектептің емес, ауылдың да еңсесін көтерген оқиға. Бұл — мемлекет тарапынан жас ұрпақтың болашағына, олардың сапалы білім алуына жасалған нақты қамқорлықтың жарқын көрінісі.
Мадина ТАЖИБЕКОВА