Жаңа вокзал құрылысы қоғамдық бақылауда

 Алға қаласында бой көтеріп жатқан жаңа темір жол вокзалының құрылысы қоғам назарында. Жақында «AMANAT» партиясының Алға аудандық филиалына түскен тұрғындардың ауызша арызы негізінде аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, партия депутаттары мен БАҚ өкілдері нысан басына барып, жұмыс барысымен танысты.

 Тұрғындардың басты шағымы – қазіргі вокзал аумағында жолаушыларға қолайлы жағдай жасалмағаны. Перонға апаратын жол әлі күнге дейін тегістелмей, шаң мен шоқалақтан көз ашпайды. Тек вокзал кезекшісі С.Медеубаеваның талап қоюының арқасында жақында ғана жарық шамдары орнатылған. Ал пандус салу, кіреберіс жолға қиыршық тас төсеу сынды қарапайым мәселелердің өзі ескерусіз қалып отыр.

Басты мердігер – «СК Самұрық Құрылыс» ЖШС. Жоба бойынша құрылыс 2025 жылдың желтоқсан айында толық аяқталуы тиіс. Маусым айында басталған жұмыстар қазір тек іргетас блоктарын орнатып, түйіспелерді майлау деңгейінде. Дегенмен жобадағы жоспар көңіл қуантады. Келер жылы 380 шаршы метрді құрайтын жаңа вокзал пайдалануға берілмек. Оның ішінде күту залы, ана мен бала бөлмесі, ерекше жандарға арналған арнайы бөлме, бөлінген әжетханалар және сақтау камерасы қарастырылған. Бұрынғы ғимаратпен салыстырғанда жаңа нысанның секцияларға бөлініп, заман талабына сай жабдықталуы – жолаушылар үшін үлкен жеңілдік болмақ.

Алайда бүгінгі жағдай көңілге қонымсыз. Жолаушыларға арналған орын тар, ал мердігер уәде еткен үлкенірек контейнер әлі күнге дейін жеткізілмей отыр. Оның үстіне жылыту жүйесіне қатысты техникалық сипаттамалардың ұсынылмауы мердігердің жауапкершілігін төмендететінін көрсетеді.

Жұмысшы топ мүшелері бұл жағдайға бейжай қарамай, мердігер мекемеге тиісті хат жолданатынын мәлімдеді. Қоғамдық кеңес пен партия депутаттары құрылыс барысын әрі қарай да бақылауда ұстамақ. Өйткені жаңа вокзал – қала тұрғындарының көптен күткен әлеуметтік нысаны, ал оның сапасы мен қолайлылығы – әрбір жолаушының жайлылығы үшін аса маңызды.

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА