Жаңашылдық пен жауапкершілік тұғырында


Білім беру саласында күн сайын жаңа серпін, тың көзқарас пен жаңа технологияларға сұраныс артып келеді. Әсіресе, SMART оқыту жүйесі енгізілген сыныптарда мұғалім тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар тәлімгер, фасилитатор және зерттеуш
і рөлін қатар алып жүруге тиіс. Осы өзекті тақырып аясында Алға қаласындағы «№1 Алға мектеп-бақшасы» КММ базасында облыстық семинар өтті.

Семинардың негізгі мақсаты – мұғалімнің заманауи рөлін айқындап, SMART оқыту шеңберінде сыныпты басқару тәжірибесін жетілдіру, сонымен бірге функционалдық сауаттылықты арттыру үшін инновациялық әдістерді меңгеру.

Семинардың салтанатты ашылу рәсіміне «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Ақтөбе облысы бойынша КДИ-нің аға оқытушысы, э.ғ.м. Ермекбаева Лаззат Жеңісқызы, Алға аудандық білім бөлімінің өкілдері мен мектеп басшылығы қатысты.

Калбаева Жадыраның «Позитив толқынында» атты тренингімен басталған семинар сәт сайын мұғалімнің бойындағы көшбасшылық пен шығармашылықты оятуға бағытталды. Бұдан соң, қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Қайназарова Әсемгүл мен Имандосова Бақытгүлдің ашық сабақтарында заманауи технологияларды қалай тиімді қолдануға болатынын көзбен көрді.

Теориялық бөлімде педагогтар өз тәжірибелерін ортаға салып, пәндерге бейімделген цифрлық тапсырмаларды құрастыру жолдарын ұсынды. Панорамалық сабақтарда Сатханбаева Қымбат, Дүйсенбаева Жансая, Мұратбаева Жанат және басқа ұстаздар SMART технологиялардың пәнге әсерін нақты мысалдармен дәлелдеп берді.

Семинар аясында мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар топпен жұмыс, зерттеу жүргізу, оқушының сыни ойлауын дамыту және интербелсенді әдістерді қолдану арқылы нақты нәтижеге жету жолдарын үйренді. Болат Ғалым мен Ескалиева Ләззаттың баяндамаларында ұлттық тәрбиені оқу үдерісіне кіріктіру жолдары кеңінен талқыланды.

Семинар – жай ғана іс-шара емес, ол – мұғалімнің кәсіби дамуының жаңа баспалдағы. Тәжірибе алмасу, инновациялық әдістермен танысу және өз ісіне жаңаша көзқарас қалыптастыру – бұл семинардың басты жетістігі.

SMART сыныптағы мұғалім енді – бағыт көрсетуші, шабыттандырушы және болашақтыбағдарлай білетін көшбасшы. Осы семинардан кейін қатысушы әр ұстаз өз кәсібіне жаңа серпінмен қайта оралатыны анық.

                                                     Мадина ТАЖИБЕКОВА