ЖАҢҒЫРҒАН «БОЛАШАҚ» БАЛАБАҚШАСЫ
Бестамақ ауылындағы «Болашақ» балабақшасының жағдайы соңғы жылдары жиі айтылып жүр еді. Уақыт өз ізін қалдырған ғимаратқа жаңарту қажет екені айқын болатын. Биыл осы мәселе шешімін тауып, балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін қаржы бөлінді. Ескі нысанның жаңаруы ауыл тұрғындары үшін маңызды оқиғаға айналды.
Жыл басында өңір басшысы Асхат Шахаров ауыл тұрғындарымен кездескен кезде, ақсақалдар қауымы «Болашақ» балабақшасының әбден ескіргенін, техникалық және функционалдық талаптарға сай келмейтінін көтерген еді.
1974 жылы салынған 140 орындық ғимараттың тозығы жеткені рас болатын. Әкім мәселені назарға алып, қаржы бөлуді ескеретінін айтты. Уәде іс жүзінде орындалып, облыстық бюджеттен 314 230,7 мың теңге бөлінді. Мамыр-қыркүйек айлары аралығында ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мекеме жаңа киіпке енді.
Жөндеу жұмыстарын «Бабәк-Құрылыс» ЖШС атқарды. Авторлық бақылауды «ASU JOВА» ЖШС, техникалық қадағалауды «СанТехМонтаж-Ақтөбе» ЖШС жүзеге асырды.
Бірінші кезекте ғимараттың шатыры толығымен ауыстырылды. Жылдар бойы тозып, табиғатқа төтеп беруден қалған ескі шатырдың орнына сапалы материалдар пайдаланылды. Бұл — жылы да қауіпсіз орта қалыптастырудағы негізгі қадам болды. Сонымен қатар, жылу жүйесі күшейтіліп, су құбырлары талапқа сай жөнделді. Ішкі қабырғалар мен едендер толықтай жаңартылып, жарық әрі таза, балалардың ойыны мен оқуына қолайлы орта қалыптастырылды.
Заманауи балабақша бейнесін айқындайтын тағы бір маңызды өзгеріс — энергия үнемдейтін технологиялардың енгізілуі. Бұл — бюджет қаражатын тиімді пайдалану ғана емес, экологиялық жауапкершілікке бағытталған ұтымды шешім.
Тозығы жеткен терезелердің орнына жаңасы орнатылды. Сыртқы аумақ та назардан тыс қалмады. Балаларға арналған ойын алаңдары жаңартылып, түрлі дамытушы элементтермен жабдықталды.Сонымен қатар облыстық білім басқармасының қолдауымен балабақша жиһаздары жаңартылды.
Жаңғырудың бұл бағыттары тек материалдық жаңарту ғана емес, балаға деген қамқорлықтың, қоғамның ертеңге деген сенімінің белгісі. Бестамақтағы «Болашақ» балабақшасының жаңаруы — ауылдың бүгінгі тынысын жаңғыртқан, ертеңіне сәуле түсірген игі іс деп білеміз.
Тек құрылыс емес, эстетикалық жаңғырту да назардан тыс қалмады. Топ бөлмелері балалар психологиясына оң әсер ететін түстермен безендірілді. Қиялға жетелейтін, шығармашылыққа ынталандыратын интерьер шешімдері қолданылды.
Балабақшаның біртұтас жаңару процесінде мекеме меңгерушісі Ляззат Құрманова үлкен еңбек сіңірді. Күрделі жөндеу басталған күннен соңғы нүктесіне дейін ол жұмыстың әр кезеңін бақылап, сапалы орындалуына тікелей атсалысты.
Жаңарған «Болашақ» балабақшасының ашылуына қатысқан ата-аналар мен ауыл тұрғындары қуаныштарын жасырмады. Жаңғыртылған ғимараттың балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне және дамуына оң әсер ететіні ерекше атап өтілді.
Балабақша баланың алғашкы білім ордасы ғана емес, оның тұлға болып қалыптасуына негіз қаланатын қасиетті мекен. Жаңарған, жайлы әрі қауіпсіз ортада тәрбиеленген әрбір бүлдіршін ел болашағының жарқын кепілі. Осындай ігі істер жалғасын тауып, барлық білім беру мекемелері заманауи талаптарға сай жаңарып отырса, ұрпағымыздың келешегі де кемел болары сөзсіз.
Ахмет Аманжол Ерғалиұлы,
Бестамақ ауылы ардагерлер ұйымының төрағасы