«Мектепке жол» акциясы

 Жақсылық жасап жарысайық!

Жаңа оқу жылы – әрбір оқушы үшін үміт пен қуанышқа, ізгі армандар мен жаңа бастамаларға толы кезең. Осы тұста елімізде дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы биыл да өз жалғасын тапты. Тоқмансай орта мектебінде 2025–2026 оқу жылына арналып өткен акция «Жақсылық жаса – балаға қуаныш сыйла!» ұранымен бастау алды.

Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік жағынан қорғалмаған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардағы балаларға қамқорлық көрсету, олардың жаңа оқу жылына толық дайындықпен келуіне мүмкіндік жасау.

Мектеп әкімшілігі ауылдық округ әкімінің аппаратымен, мемлекеттік мекемелермен және ауыл кәсіпкерлерімен бірлесе отырып, ауыл тұрғындарына үндеу жолдады. «Бір баланың жүзіндегі күлкі – мың жақсылықтың бастауы» деген ниетпен көпшілік белсенділік танытты. Акция туралы хабарландыру әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таралып, ауыл жұртшылығының назарын аударды.

Жақсылық жасаудан жарысқан жомарт жандар қатарында Тоқмансай ауылдық округі, Қайнар ауылдық амбулаториясы, мектеп ұжымы, сондай-ақ ауылдың жас кәсіпкерлері бар. Олар оқу құралдарын, мектеп формасы мен спорттық киімдер алып беріп, кейбір оқушыларға қаржылай көмек көрсетті. Сынып жетекшілері де өз қамқорлығындағы оқушылардың жағдайын назардан тыс қалдырмай, әр балаға қуаныш сыйлауға атсалысты.

Бұл игі шара – тек материалдық көмек емес, балалардың жүрегіне жылу сыйлаған, мейірім мен қамқорлықтың үлгісі болды. «Мектепке жол» акциясы – қоғамдағы бірлік пен жанашырлықтың айғағы.

Акцияға қатысып, балғын жүректерге шаттық сыйлаған барлық демеушілер мен ауыл азаматтарына Тоқмансай орта мектебінің ұжымы атынан шынайы алғыс білдіреміз!

Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Бір сәттік мейірім – бір өмірдің бағы болуы мүмкін.

С.Нурсейтова,

Тоқмансай орта мектебінің әлеуметтік педагогі