Жас футболшының жарқын жеңісі
Алға өңірінің жас спортшылары биік белестерді бағындырып келеді. Соның жарқын дәлелі – №3 Алға қазақ орта мектебінің 8 «А» сынып оқушысы, болашағынан зор үміт күттіретін футболшы Орынбасаров Арнаттың жетістігі.
Арнат футболға 2019 жылдан бері қатысып келеді. Аз ғана уақыттың ішінде спортқа деген ынтасы мен еңбегінің арқасында облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерді. Қазіргі таңда ол – Ақтөбе құрама командасының белді ойыншысы. Екі жыл бойы намысын қорғап жүрген жас спортшы Қазақстан чемпионатының жүлдегері, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, республикалық жарыстардың жеңімпазы атанып, бірнеше рет «үздік ойыншы» атағына ие болған. Сондай-ақ Арнат – 1-разрядтық ойыншы мәртебесіне қол жеткізген.
Жуырда ғана, тамыз айының 20-28 аралығында еліміздің облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының 2011 жылы туған жасөспірімдер құрама командалары арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Арнаттың командасы І орынды жеңіп алды. Осы үздік көрсеткіші үшін Арнат Қазақстан футбол федерациясының Президенті М.Омаровтың атынан арнайы Дипломмен марапатталды.
Бұл жеңіс – Арнаттың ғана емес, тұтас Алға ауданының мерейін үстем еткен қуанышты жаңалық. Өйткені жас өреннің табысы – өңірдегі спорттың дамуының айқын көрінісі.
Арнаттың алға қойған мақсаты – кәсіби футболшы атанып, ел намысын халықаралық аренада қорғау. Ол үшін бүгіннен бастап тер төгіп, тыңғылықты дайындалып келеді.
Аудан жастарының спорттағы осындай жеңістері жас ұрпаққа үлкен үлгі болып, ертеңгі күнге сенім ұялатады. Ал Арнаттың табыстары – еңбектің, табандылықтың және спортқа деген адалдықтың айқын дәлелі.
Мадина ТАЖИБЕКОВА