Жас сайлаушылар – ел болашағының тірегі
Алға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан 2025 жылғы 3 қыркүйекте №23 қаулысына сәйкес жас сайлаушылар клубы құрылды. Аталған бастама жастардың сайлау процесіне деген қызығушылығын арттыруға, олардың құқықтық мәдениеті мен азаматтық белсенділігін қалыптастыруға бағытталған.
Клуб құрамы 9 мүшеден тұрады. Олар – Алға ауданындағы білім беру ұйымдарының жас мұғалімдері, педагог-ұйымдастырушы, тәлімгерлер, аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы. Әртүрлі сала өкілдерінен құрылған жас сайлаушылар клубы жастармен жұмыс жүргізуде тиімді тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Жас сайлаушылар клубының басты мақсаты – жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, сайлау мәдениетін арттыру және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру. Осы бағытта клуб мүшелері жастар арасында сайлау құқықтарын түсіндірудің заманауи тәсілдерін қолдана отырып, түрлі танымдық және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыруда.
Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай клуб мүшелері бірқатар мазмұнды іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, Алға аудандық Жастар ресурстық орталығында және №4 Алға орта мектебінде жас мамандар арасында интеллектуалдық ойын ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қатысушылар Ата Заңға қатысты сұрақтарға жауап беріп, құқықтық білімдерін шыңдады. Сонымен қатар бұл кездесу ұжымдық бірлікті нығайтуға да өз септігін тигізді.
Сондай-ақ «Ата Заңы – еркін елдің негізі» тақырыбында сынып сағаттары мен оқушылар арасында пікірталас турнирлері өткізілді. Бұл іс-шаралар оқушылардың өз ойларын еркін білдіруіне, заңға құрметпен қарауына және азаматтық көзқарасының қалыптасуына ықпал етті.
25 қазан – Республика күніне орай Алға мектеп-гимназиясында оқушыларға арналған сурет көрмесі мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Көрмеде жасөспірімдер өз шығармашылық жұмыстарын ұсынып, туған елге, Тәуелсіздікке деген сүйіспеншіліктерін бейнеледі. Ал дөңгелек үстел барысында оқушылар ел тарихы мен азаматтық жауапкершілік тақырыптарында пікір алмасты.
Жас сайлаушылар клубының қызметі – болашақ сайлаушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жастарды ел өміріне белсенді араласуға баулуға бағытталған маңызды бастама. Алға ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Алға аудандық аумақтық сайлау комиссиясы