Жасанды интеллект дәуірі – Қазақстанның стратегиялық таңдау сәті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында аса маңызды мәселені көтерді. Президенттің сөзімен айтсақ, жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қазірдің өзінде бүкіл әлемнің бет-бейнесін түбегейлі өзгертіп жатыр. Бұл тек технологиялық өзгеріс қана емес, адамзаттың ойлау жүйесіне, өмір сүру салтына әсер етіп отырған өркениеттік бетбұрыс.
Әлем алға жүйткіп барады. Озық елдер жасанды интеллекттің әлеуетін өндірістен бастап білім мен медицинаға дейін енгізіп үлгерді. Ал біз ше? Президент айтқандай, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Өйткені бүгінгі кешігу ертеңгі күні бүтін бір буынның мүмкіндігін шектейді. Әсіресе жастар үшін бұл мәселе ерекше өзекті. Бәсекеге қабілеттілік пен озық білімге ұмтылу – олардың болашағының кепілі.
Сондықтан Мемлекет басшысы қойған «үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру» міндеті – жай ғана жоспар емес, ұлттық стратегиялық мақсат. Бұл қадам Қазақстанды жаңа дәуірге жетелейді. Ол үшін мемлекетпен бірге әрбір азамат та цифрлық сауаттылықты арттырып, жаңа технологияға бейімделуі тиіс.
Бүгінгі таңда бізге батыл қадам, нақты әрекет қажет. Цифрлық ел болу – тек интернет жылдамдығын арттыру емес, ол – инновациялық ойлау, жасанды интеллектті игеру, жаңа кәсіптерді меңгеру, білім мен ғылымды дамытудың басты шарты. Президенттің бұл үндеуі – Қазақстанның жаһандық технологиялық бәсекеге енуге деген жігерлі қадамы.
Ендеше, еліміздің әрбір азаматы осы бастаманы қолдап, ортақ іске үлес қосуы тиіс. Өйткені «цифрлық Қазақстан» – келешек ұрпақтың өркендеуінің кепілі.
Мадина ТАЖИБЕКОВА,
Алға аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінің редакторы