Зорлық-зомбылықсыз 16 күн

Жастарға бағытталған кешкі кездесу

25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Алға ауданында өткен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында жастар арасында адамгершілік құндылықтарды насихаттап, жаман қылықтарға қарсы иммунитетті күшейту мақсатында «Кешкі кездесу» атты шара ұйымдастырылды. Бұл шара жастарға қоғамдағы түрлі қауіп-қатерлерден сақтануды үйретіп, дұрыс тәрбие мен моральдық құндылықтарды жеткізуге бағытталды.

Ақтөбе облыстық оңалту орталығы ұжымымен сабақтастықта, Алға аудандық мәдениет үйінің қолдауымен өткен шараға Алға ауданының белгілі тұлғалары мен мекемелердің мамандары қатысты. Олардың арасында Алға ауданының тумасы, спортты өмірінің өзегі еткен ақтөбелік кәсіпкер Кенжебай Бөрібаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Сансызбай Мұқанов, Отбасын қолдау орталығының директоры Бану Балтабайқызы, теолог-психолог Нұрмұханбет Разақов, заңгер Отарбек Пірімжанов, Алға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Баймұрат Жаналин және басқа да құрметті қонақтар болды.

Шара барысында қонақтар қоғамдағы тәрбиелік мәселелер мен жастардың болашағына қатысты өз пікірлерін ортаға салды. Алғашқы сұрақ Сансызбай Қалмырзаевич Мұқановқа қойылды. «Аудан көлемінде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тәртіп бұзушылықтың алдын алу бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?» деген сұраққа жауап бере отырып, Сансызбай Қалмырзаұлы аудандағы комиссия жұмысын және жасөспірімдермен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Оның сөзінше, жастарға бағыт-бағдар беру үшін әлеуметтік қолдауды күшейту қажет.

Нұрмұханбет Разақов жастарды дұрыс тәрбиелеу үшін діни рухани құндылықтардың маңызына тоқталды. «Жастардың әлсіз болып кетуінің бір себебі — оларды тәрбиелеуде ата-аналардың «соқыр» махаббаты мен материалдық жағдайға баса назар аударуы», — деп айтты Нұрмұханбет мырза. Ол сондай-ақ, жастардың рухани кемелденуі үшін олардың білім мен тәрбиесін күшейту мақсатында ата-ананың көп көңіл бөліп, баламен сөйлесудің қажеттігін атап өтті.

Қоғамдағы құндылықтар мен дәстүрлердің болашақ ұрпаққа әсері туралы сөз қозғаған Отарбек Пірімжанов қазіргі уақытта жастардың рухани байлығын қалыптастыруда үлкендер мен қоғамның рөлінің маңыздылығын еске салды.

Бану Балтабайқызы әлеуметтік желілердің балалар тәрбиесіне тигізетін әсерін талқылады. Оның айтуынша, ата-аналардың көпшілігі әлеуметтік желіде көп уақыт өткізіп, өз балаларымен уақыт өткізуді жиі ұмытатын жағдайлар кездеседі. «Балалардың тәрбиесі үшін тек қана виртуалды әлемде емес, нақты өмірде де маңызы бар», — деді Бану Балтабайқызы. Кітап оқудың бала тәрбиесіндегі маңыздылығын атап, оқудың рухани байлыққа жол ашатынын түсіндірді.

Гүлім КЕНЕШОВА