Жауапты мемлекет пен саналы қоғам үйлесімі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты кең көлемді сұхбаты еліміздің алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағдарын айқындап, басқарудың жаңа мәдениеті мен қоғамдық келісімнің жаңарған моделін ұсынған саяси манифест ретінде көрінді.

Жауапты мемлекет пен саналы қоғам үйлесімі

Жаңа экономикалық мәдениетті қалыптастыру құралы

Мемлекет басшысы сөз басын ақпарат­тық кеңістіктегі жауапкершілік және ағарту­шы­лық миссиядан бастап, цифрлық дәуірдегі газет-журналдардың рөліне тоқталады. Бас­пасөзге азаматтық ойды тереңдететін, өзекті жайттарды салмақты талдайтын ма­ңызды зияткерлік алаң ретінде баға береді. Алыпқашпасы көп ақпараттық дүрбелең жағдайында ой сүзгісінен өткен сараптамалық дүниелердің маңызына назар аударады. Әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген кезеңде газет-журналдардың негізгі міндеті ақпарат жеткізумен ғана шектелмей, ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет ету екені нақты жет­кізілген. Бұл – бұқара арасында ақ­паратты саналы қабылдау мәдениетін орнық­тырып, мемлекеттің ақпараттық қауіп­сіздікке басымдық беріп отырғанын көр­сететін қадам. Ақпараттық қауіпсіздіктің өзегі жалған ақпаратқа қарсы әрекеттен гөрі, әлеу­меттік ортада сыни ойлау мәдениетін қа­лып­тастыруда жатыр. Осы тұрғыдан ал­ғанда, Президенттің пікірлері мемлекет пен көпшілік арасындағы интеллектуалдық бай­ланысты күшейтуді көздегенін байқай аламыз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы тұжырым­да­ма­лық сұхбатта экономикалық өсім көрсеткіштеріне де басымдық беріп, оларды әлеуметтің әл-ауқатын арттырумен өзара сабақтастықта қарастыруды ұсынады. Эко­но­миканың 6 пайыздан астам өсімі, ішкі жалпы өнім көлемінің 300 млрд доллардан асуы – сөзсіз жетістік. Мемлекет басшысы бұл сандарға тоқмейілсуге бол­май­тынын ашық айтты. Инфляция, тұтыну­шы­лық шығындардың өсуі, тұрғын үй мен ком­му­нал­дық қызметтердің қымбаттауы әлеу­меттік көңіл күйге әсер ететіні анық. Пре­зидент аталған түйткілдерді жасырмай айтып, басқаруда реалистік көзқарасын көрсетті.

Осы ретте жұртшылық арасында қызу тал­қы­ланған салық реформасы алдыңғы қатар­ға шығады. Мемлекет басшысы жаңа реформаны бюджет кірісін арттырумен қатар, жаңа экономикалық мәдениетті қалыптастыру құралы деп түсіндірді. Экономикалық мінез-құлықты өзгертуге арналған ортақ келісім ретінде сипаттап, салық төлеуді отаншылдықтың бір көрінісіне айналдыру идеясын ұсынды. «Кәсіпкерлік еркіндік пен әлеуметтік жауапкершілік тең жүруге тиіс» деген қағида алға тартылды. Салықтан жалтару заңбұзушылықпен бірге, өзара келісімді әлсірететін фактор екені нақты айтылды. Ал адал салық төлеу мемлекеттің дамуына қо­сылған тікелей үлес болмақ.

Сұхбаттағы тариф саясатына қатысты ойлары да көңілге қонымды. Арзан тарифтердің шын мәнінде ауқатты топтарға жұмыс істеп келгені ащы да болса шындық. «Көбірек тұтынған – көбірек төлейді» қағидаты әлеу­меттік әділдікке негізделген. Ал әлеу­мет­тік осал топтарды қолдау жалпылама жеңілдіктер арқылы емес, нақты әрі атаулы көмек арқылы жүзеге асуы керек. Жалпы, энергетика, жылу жүйелері, су және электр желілерінің тозуы дәл бүгін пайда болған жоқ. Маңыздысы – қазіргі билік өткен қателіктерді мойындап қана қоймай, оларды түзетуге нақты қадамдар жасап келеді.

Заңсыз активтерді қайтару саяси науқан емес, мемлекеттік қағидат екені де толық көрінді. Мұндай қадамдар қоғамдағы әділдік сезімін қалпына келтірумен қатар, мем­ле­кет­тің беделін де арттырады. Қайтару барысын саяси шоуға айналдырмай, оның нақты нәтижесін мектептер, ауруханалар, инфра­құ­рылым нысандары арқылы көрсетіп отыр.

Президенттің жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға басымдық беруі – жаһандық үрдістермен үндес шешім. Заманауи беталыс бәсекеге қабілетті мемлекет болып қалудың шарты ретінде қа­рас­тырылды.

«Supercomputer» жобалары, «AI-Sana» бағдарламасы мен цифрлық университеттерді дамыту бастамалары Қазақ­станның адам капиталына жүйелі әрі ұзақмерзімді инвес­тиция салып отырғанын айғақтайды. Тың үдерісте технологияны жай тұтынудан гөрі, оны жасай алатын кәсіби кадрлар даярлауға басты басымдық беріледі.

 

Туристік әлеует және жауапкершілік

Ел туризмі кейінгі жылдары жаңа серпін ала бастағаны анық. Мемлекет басшысының бұл салаға тікелей назар аударып, Үкіметке нақты ескерту жасауы орынды. Қазақстанның табиғи мүмкіндіктері жағынан бәсекелесі аз. Тау, дала, көл, шөлейт аймақтар, экотуризмге сұраныс артып отырған уақытта бұл орасан артықшылық. Мәселе сол байлықты тиімді әрі ұқыпты пайдалана білуде. Қонақжайлық қызметте жалқаулыққа, ашкөздікке және дөрекілікке жол жоқ екені орынды айтылған. Саяхатшыларға қызмет көрсету мәдениеті ел туралы алғашқы әрі ең есте қалар әсер. Бұл жерде таяқтың бір ұшы кәсіби біліктілікке тіреледі. Саяхат индустриясына шынайы отан­шыл, өз ісіне жан-тәнімен берілген мамандар керек.

Экотуризмді дамытуға кедергі келтіріп отырған жайттардың бірі ретінде кейбір «эко-белсенділердің» әрекеті сынға алынды. Бұл жерде маңызды шекараны ажырата білу қажет: табиғатты қорғау мен кез келген дамуға қарсы шығып, аяқтан тарту бір ұғым емес. Туризм мен табиғатты қорғау бір-біріне қарсы емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын қағидалар болса, игі.

Қонақжайлықты дамыту – ел имиджін нығайту, өңірлерді өркендету және ұлттық экономиканы әртараптандырудың орынды тетігі екені ұмытылмауға тиіс.

 

Ақиқатқа сүйенген тарихи сана

Бүгінгі Қазақстан үшін ең өзекті мәселе – ұлттық сананың бағыты мен даму бағдарын айқындау. Тарихқа көзқарас, отаншылдық ұғымы, идеологияның рөлі, жастардың дүниетанымы және мемлекеттің стратегиялық таңдауы өзара тығыз байланыста қамтылуы қажет. Дәйек-деректерді бұрмалап, нақты құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс дәріптеу ұлттық сананың дамуынан гөрі, керісінше, оның әлсіреуіне алып келеді. Мұндай үрдіс ел ішінде жалған түсінік қалыптастырып, өткенге деген шынайы көзқарасты көмескілейді. Тарихты талқылауға қызығушылықты пайдаланып ойдан шығарылған деректерді тарату, өткенге қатысты жауапкершілікті өзге жұртқа арта салу – мемлекетшіл санаға қайшы әрекет. Тарих жұртты бір-біріне қарсы қоятын құрал емес, керісінше, ұлтты ұйыстыратын, ортақ құндылыққа айналатын негіз болуы керек.

Осы тұста Абай ілімі ерекше мәнге ие. Ұлы ойшыл қоғамдағы кемшіліктерді жасырмай айтып, жеке адамнан бастап, тұтас ұлттың кемелдену жолын көрсетті. Оның «Толық адам» тұжырымы осы мезеттегі саналы орта қалыптастыру идеясымен толық үндес. Абай еңбекқорлықты, білімділікті және адамгершілікті ұлт дамуының басты тірегі деп білді. Сондықтан Абайдың «Қара сөздері» бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Сұхбаттағы ең құнды тұжырымдардың бірі – Президент ұсынған патриотизм. Нағыз отаншылдық – ұран емес, адал еңбек, кәсіби парыз, айналаңа нақты пайда келтіру.

 

Тәуелсіздік жолы және болашақ бағдар

Тәуелсіздіктің 35 жылы – тарихи өлшем­мен қысқа мерзім болғанымен, мемлекет қалыптастыру үшін аса күрделі кезең. Осы жылдарда Қазақстан елеулі жетістіктерге жетіп, халықаралық аренада беделді мемлекетке айналды. Әрине, қателіктер де болды, бірақ олар – даму жолындағы табиғи құ­бы­лыс. Алдағы жылдар – жаңа сын-қатер­лер мен үлкен мүмкіндіктер уақыты. Жастардың талапшылдығы мен жоғары азаматтық санасы – ел болашағының басты кепілі. Бірақ арман мен эмоцияға берілмей, нақты өмірге бейімделу, еңбекқорлық пен тәртіпті басты құндылық ету – уақыт талабы.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бастамасы идеологиялық тұрғыдан ерекше маңызға ие. Тазалық – тек экологиялық ұғым емес, ол рухани, моральдық тазалықтың символы. Үнемшілдік, қайырымдылық пен еріктілік мәдениеті саналы адамның басты белгілері. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2026 жылды «Халықаралық еріктілер жылы» деп жария­лауы осы бастаманың жаһандық деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

Жауапты мемлекет пен саналы қоғам – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы құн­ды­лықтарды берік ұстанғандар ғана өткен­нен тағылым алып, болашаққа сеніммен қадам баса алады.

Қорыта айтқанда, келелі сұхбат Қазақ­стан­ның дамуындағы жаңа белесінің идео­логиялық негізін айқындады. Бұл бет­бұ­рыс­тың басты шешімі – шындықты мойындау, жауапкершілікті бөлісу, реформадан қорықпау. Президенттің басты ұстанымы: популизм емес – нәтиже, иллюзия емес – шындық, уәде емес – жауапты міндет. Қазақстан алда күрделі, бірақ мағыналы жолдан өтпек. Алайда бұл жол тоқырауды емес – дамуды, иллюзияны емес – шынайылықты таңдауға жетелейді. Ендігі басты мәселе – осы реформалардың көпшілік тарапынан дұрыс түсініліп, орындалуының ортақ борышқа айналуы. Мемлекет басшысы атап өткендей, бір орында тұрып қалуға біздің тарихи мүмкіндігіміз де, моральдық құқығымыз да жоқ.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректор