Желшешек. Белгілері мен күтім тәртібі
Желшешек ауруы – бұл өткір жұқпалы ауру, ол теріде және шырышты қабаттардың бетінде қатты қышынумен сипатталады. Ол бірден көрінбейді, инкубация кезеңі 10 күннен 3 аптаға дейін созылады.
Желшешекпен 1 жастан 10 жасқа дейінгі балалар жиі, ал 10 жастан асқан балалар мен ересектер сирек ауырады. Желшешекпен ауырып жазылған адамда күшті иммунитет қалады. Желшешек ауа арқылы тарайды. Ауру басталғанда температура 38-39°С-ге дейін көтеріледі де, адамның терісі мен шырышты қабығында қышыма бөрткен пайда болады. 3-5 күн өткеннен кейін бөрткеннің көбеюі тоқтайды да, температура төмендеп, қалпына келеді. Бөрткен қара қотырланып, 1,5-2 аптадан соң қабығы түсе бастайды. Кейде барлық ауырған кезеңде науқастың температурасы көтерілмей, әдеттегідей бір қалыпты болады.
Ауру адам сырқаттың инкубациялық кезеңінің соңғы күнінен бастап және бөрткен шыққаннан кейінгі 9-күнге дейін жұқпалы болып есептеледі. Әдетте желшешек жеңіл өтеді, бірақ кейде (әлжуаз балаларға шыққанда) асқынатын да кезі болады, терісі іріңдейді, құлақтары мен аузының шырышты қабығы т.б. қабынып ауырады.
Баланың температурасы төмендеп, бөрткеннің қайталап шығуы тоқтағаннан кейін, яғни бұрынғы бөрткендері қара қотырланған соң серуенге шығаруға болады. Серуендету режимін дәрігермен келіскен жөн. Сәбиді дұрыс тамақтандыру керек. Температурасы көтерілгенде ол тағамнан бас тартады, сырқаты асқынған кезде кішкентай балалардың іші өтеді, құсады. Мұндай жағдайда баланы зорлап тамақтандыруға болмайды, тек 6-12 сағаттан кейін тамақтандырып, сусынды көп ішкізу қажет
Желшешек шыққанда науқас бала жатқан бөлмені үнемі желдетіп, дымқыл шүберекпен сүртіп алған жөн. Науқаспен жақындасқан 7 жасқа дейінгі баланы 11 күннен 21 күнге дейін оқшаулау керек.
Н.Утегенов,
Алға аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы