Жемісті жоба болсын, жас кәсіпкер!
Бүгінде әр ауланың берекесін асырған «Ауыл аманаты» жобасы Алға қаласында қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Биыл жоба бойынша қалаға 140 млн теңге бөлінген. 18 жоба мақұлданып, қаражаты есеп шоттарына түскен. Олардың ішінде көп тарағаны: техникалық қызмет көрсету станциясы (СТО), дөңгелек жөндеу мен автокөлік жуу қызметі. Монша, асхана және жартылай ысталған өнімдерді дайындау да бар.
Жылда «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ниет еткендер қатары көбейіп келеді. Қаржылай қолдауға ие болғандар түрлі кәсіп ашып табысын арттырып жатыр. Солардың бірі – жергілікті тұрғын Жайлаубаева Арайлым Мунайбаевна. 2001 жылы ата-анасымен Байғанин ауданынан көшіп келіп, №1 Алға орта мектебінде оқыған ол орта білім туралы аттестатын алғаннан соң шалғайдағы Талдықорған өңіріне оқуға түседі. Талдықорған экономикалық-технологиялық колледжінде білім алып, «Бухгалтер-экономист» мамандығын меңгереді. Кейін көп жыл бойы Алға облыстық балалар үйінде мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Сол кезде Ақтөбе қаласында С.Бәйішевтің атындағы университетте
білімін шыңдап, сырттай оқуды бітіріп алады. Балалар үйі жабылып қалған соң, «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагерінде бас есепші қызметінде. Бүгінде үш баланың анасы декреттік демалыста. Бала күтімімен үйде отырған жас келіншек уақытын зая жібермей, мемлекеттің беріп жатқан мүмкіндігін ұтымды пайдалануды ұйғарды. Осылайша, жолдасы Нұрланмен ақылдаса келе, «Ауыл аманаты» жобасына қатыспақшы болады. Қай істі бастамас бұрын, әрине қорқыныш, үрей болатыны анық. Жас отбасы да бастапқыда сасқалақтағандар
ын жасырмады. «Көз қорқақ, қол батыр» деп дана халқымыз айтып кеткендей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, білек сыбана кірісіп кетеді.
Мамандығы бойынша есепші болғасын болар, Арайлым алдын ала нарықты зерделейді. Нәтижесінде төңіректе алдымен сұранысқа ие, одан бөлек бәсекелестік жағынан төмен кәсіппен айналысуға бел буады. Ондай кәсіп – үй сыртын қаптауға арналған термопанель шығару болатын. Жеңіл пайызбен қомақты сома алу үшін жас отбасы жылжымайтын мүлкін кепілге қойып, тәуекелге барады. Осылайша былтыр желтоқсан айында құжаттарын тапсырады. Құжаттарды дұрыстауға 2 ай уақыты тағы кетеді де, міне ақпан айында жоба мақұлданып, есеп шотына 8 млн 250 мың теңге түседі.
- «Ауыл аманатына» қатысуға ниет білдірушілерге айтар бір ақылым бар. Басымнан өткесін, өмірлік тәжірибеммен бөліскім келеді. Құжат әзірлегенде асығыстыққа бой алдырмай, … (егжей-тегжейлі дайындық) керек, — деді жас кәсіпкер.
Әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған бағдарлама бойынша қазіргі таңда іс бастап жатқан кәсіпкерлер өте көп. Нұрлан мен Арайлым да отбасы бюджетіне қосымша табыс болсын деген ниетпен өз ісін бастап кетті. Бүгінде бөлінген қаражатқа кәсіпті жолға қою үшін қажетті жабдықтар мен бастапқыда қажет шикізат алынған. Бұл кәсіпке қызығушылық танытқан жандарға ескерер нәрсе, істі бастар алдында тиісті мамандармен ақылдасып, шебер кластарына қатысу абзал. Кәсіпкердің жолдасы Нұрланның айтуынша, құрал-жабдықтарды алғанға дейін осы кәсіппен айналысып жүрген адамдармен кездесіп, бір ақылдасып алу керек еді. «Асыққанның аяғы етегіне оралады» демекші, жас отбасының ақылына құлақ салғаныңыз жөн.
Тұрғын үй алабында тұрып жатқан жас отбасы жақын маңдағы көршілерінің үйін көрсетіп, өздері қолдан жасап жатқан термопанельдермен қапталып тұрғанын
айтты. Және де кәсібі жайында аз-кем айтып берді.
- Термопанельді дайындауға ацеф пен цементтен жасалған қоспа дайындаймыз. Ацефтің өзі құм мен ұнталған қиыршық тастан тұрады. Қоспаның өзі қажетті консистенцияда болуы керек. Бір партияға 2 сағаттай уақыт кетеді. Одан 4-5 шаршы квадрат қана аламыз, басқа сөзбен айтқанда термопанельдің 8 данасы ғана шығады, — деді Арайлым Жайлаубаева.
Сонда орташа өлшемдегі үйге 24 партия дайындау керек екен. Уақытын есептейтін болсақ, 4-5 күн. Ісі өрге жүзіп, тапсырыс көбейіп жатса, жас отбасының жоспарында көмекке адам алатын ойы бар. Қазірдің өзінде Нұрланның інісі мен үлкен ұлы қолқабыс болып жүр. Бір партия термопанельдің дайындалу жолына тоқтала кетсек… Алдымен қоспа дайындалады. Кейін тиісті мөлшерде (орташа қалфпқа 4 кг, үлкен қалыпқа 6 кг) қоспа құйылып, дірілдету техникасы арқылы (арнайы амартизаторы бар үстел) біркелкі етіп тегістеледі де кептірілуге жіберіледі. Ақтөбеде кең тараған бұл кәсіп түрінде термопанельге бекіту үшін қас бетінде екі тесік қалдырылады екен. Бұл эстетикалық тұрғыда ерсі көрінеді. … Жергілікті кәсіпкерлер болса, қоспаны біркелкі етіп құйып жатқанда қоспа мен пенаплекстің арасына бекіткіш орнатады. Сонда панельдерді бекіткен кезде, эстетикалық талғам сақталады. Пенаплексті де жәй ғана кесе салмайды. Оның да дайындалу жолы бар. Қажетті өлшемде кесілген пенаплекстің екі жағына күйдіру арқылы ою салынадыекен. Ол өз алдына қоспа мен кафель клейін ұстап тұруға мүмкіндік береді. «Оңай олжа оңалтпас» демекші, жергілікті кәсіпкерлер сапаға ерекше көңіл береді.
- Бір қалада тұрамыз. Бір-бірімізді көріп тұрамыз. Сұранысқа ие болудың басты жолы — сапалы дүние шығару деп білеміз, — деді жас кәсіпкер.
Расында тұрақты тапсырысқа ие болған тұста ғана ісің оңға асады, өрлейді. Саны емес сапасына мән беретін істі адамдардың кәсібіне деген бұл көзқарасы көңілімізден шықты. Кемшіліктерді түзеу арқылы біліктілігін арттырғаны көрініп-ақ тұр. Алдағы уақытта клиенттері көп болып, кәсіптері өрге жүзсін дейміз.
Мадина ТАЖИБЕКОВА