Жеңіс тұғырынан көрінген жас спортшылар
Ауданымыздың спортшылары үздіксіз жаттығулар мен тынымсыз еңбектің арқасында көптеген жарыстардан жүлдемен оралып қуантуда. Жуырда ғана Жетісу облысы, Текелі қаласында өткен баскетболдан 2013-2014 жылы туылған жасөспірімдер мен қыздар арасындағы Күзгі ҚР чемпионатында Ақтөбе облысы құрама командасы ІІ орынға ие болды. Құрама команда қатарында №3 Алға қазақ орта мектебінде оқитын Алға аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері бар.
Облыстық құрама командасының құрамына кірген оқушыларды атай кетсек: Саттарова Кәусар, Ғарифолла Кәусар, Лепесова Айзере, Нұрлан Жансая, Салпышева Еркеназ. Аталған оқушылардың барлығы 6 сыныпта оқиды. Баскетболға спорт мектебіне 4 сыныптан бастап қатысып келеді.
Қыздар командасының жаттықтырушысы — Өміров Күмісбек Қаблашұлы. Күмісбек Қаблашұлы 2002 жылдан бері дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Ал, №3 Алға қазақ орта мектебінде еңбек етіп келе жатқанына биыл 20 жыл. Сонымен қатар ол БЖСМ-да жас спортшыларды баскетболдан жаттықтырады. Мектеп те де баскетбол үйірмесіне жетекшілік етіп, талай балалардың спортқа деген қызығушылығының артуына септігін тигізіп келеді.
- Қыздардың баскетбол үйірмесіне қатысқандарына екі жыл уақыт болды. Қызығушылықтары өте жоғары. Сабақ аптасына үш рет өткізіледі. Барлығының да жауапкершіліктері бар, сабақтан қалмауға тырысады. Осы екі жыл ішінде өздерін шыңдап, көптеген аудандық, облыстық жарыстарға қатысып келеді. Жүлделі орындарға да ие болып жүр. Текелі қаласында өткен республикалық чемпионатқа қатыспас бұрын қыздарды облыстық чемпионатқа қатыстырған болатынмын. Сол жарыстан бесеуі де мүдірмей өтіп, облыстық команда құрамына қосылды. Сөйтіп өңіріміздің намысын қорғап, ІІ орынға ие болды. Болашақтарынан зор үміт күттіретін шәкірттеріме алдағы уақытта өтетін үлкен жарыстарда күш-жігер, жеңіс тілеймін!,- деді Күмісбек Қаблашұлы жеңіске жетіп келген шәкірттері туралы.
Қазіргі таңда спортшылар жаңа жылдың басында өтетін «Ұлттық мектеп лига» жарысына қызу дайындық үстінде. Бұл жобаның мақсаты – оқушыларды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту. Жаттықтырушының айтуынша, аталмыш жобаның алдымен аудандық, облыстық кезеңдері өтеді. Содан соң облыстық кезеңнен өткен спортшылар республикалық кезеңге өз мектептерінің намысын қорғау үшін жарысады. Аталған жобаның ерекшелігі еліміз бойынша әртүрлі спорт түрінен әр мектептен бір команда құру болып табылады.
Жеңістерің құтты болсын, жас спортшылар! Биік белестерді бағындыра беріңдер!
Марал САНДЫБАЙ