Жөндеу жұмыстарын «Еңбек» ЖШС мердігер ұйымы жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 887,5 миллион теңге. Нысан 1948 жылы салынған, жалпы аумағы – 2645,2 шаршы метрді құрайды.

Өңір басшысы Асхат Шахаров облыстық халық шығармашылығы орталығының ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Күрделі жөндеу жұмыстары ғимаратты жаңғыртуға бағытталған. Мұнда бұқаралық іс-шаралар, шағын концерттер, халық және хореографиялық ансамбльдердің өнер көрсетуі, сондай-ақ жиналыстар, съездер мен фестивальдер сияқты қоғамдық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, жөндеу жұмыстарын аяқтап, нысанды пайдалануға беру 2025 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған.

Өңір басшысы жобаның сапалы және уақытылы жүзеге асырылуының маңыздылығын атап өтіп, Облыстық халық шығармашылығы орталығы өңірдің мәдени өмірінде маңызды рөл атқаратынын ерекше айтты.

Еске салайық, 2023 жылы қараша айында облыс әкімі бұрынғы Металлургтер үйіне күрделі жөндеуді бастау туралы тапсырма берген-ді.