Жолдау — оң өзгерістердің бастауы
2024 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын жариялады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын Тамды орта мектебі ұжымы да үлкен ықыласпен қабыл алды. Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі өзгерістерге баса назар аударды.
Жолдауда жүзге жуық түрлі бастамалар, ұсыныстар мен тапсырмалар бар. Солардың бірі білім саласына қатысты. Президент Қазақстан халқына Жолдауы барысында:«Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» — деді. Бұл алдағы уақытта педагог кадрлардың біліктілігіне баса назар аударылатындығын көрсетті. Одан бөлек, баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Себебі мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек екендігі айтылды.
Мемлекет басшысы халықты алаңдатып отырған бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталды. Оның ішінде интернеттегі алаяқтық, жол апаттары, әскердегі тәртіп, наркобизнеске қарсы күрес, медициналық сақтандыру жүйесінің кемшілігі, педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы сияқты түйткілді мәселелер.
Жыл сайын жолдауда айтылатын әрбір игі іс, әрбір жаңа бастама тәуелсіз еліміздің жаңаша бағытта дамып жатқанының айқын көрінісі. Біз, ұстаздар, Президентіміздің бізге артып отырған сенімін ақтап, асқан жауапкершілікпен бірлесе отырып, Жолдау аясында атқарылатын жұмыстарды қарқынды түрде дамытуға, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында бар күш-жігерімізді саламыз.
Ж.Жолдасов,
№1 Алға мектеп-бақшасының
денешынықтыру пәні нұсқаушысы