Жолдау – жаңа дәуірдің бастауы

 Осы аптада Алға ауданында саяси мәні зор кездесулер өтті. «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Д.Кубесова, аудандық мәслихат төрағасы М.Тулеуов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Аппазов бастаған бір топ қоғам қайраткерлері «Жұлдыз» және «Бизнес-Инкубатор» бастауыш партия ұйымдарының белсенділерімен ой ортақтасты.

Басқосудың басты өзегі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы болды. Жиын барысында білім сапасын арттыру, әлеуметтік түйткілдерді шешу, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, экологиялық мәдениет пен қауіпсіздікті нығайту жайы кеңінен талқыланды.

  • Аудандық мәслихат төрағасы М.Тулеуов Президенттің стратегиялық бағыттарын айта келе, оларды ауданның даму жоспарымен үйлестіру жолдарына тоқталды. «Жолдауда көтерілген бастамалар біздің өңірімізде де жүйелі түрде жүзеге асырылады. Ірі инвесторларды тарту ісі қарқынды жүріп жатыр» – деді ол.

Ал Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Аппазов экологиялық мәдениеттің маңызын баса айтып, мұндай кездесулердің қоғамды ұйыстыратын, азаматтардың үнін еститін диалог алаңы екенін атап өтті.

  • Жастар арасынан сөз алған Оразбаев Алмат жасанды интеллекттің болашағы жайында ой бөлісті. Оның айтуынша, жаңа технологиялар – бүгінгі буынға берілген ерекше мүмкіндік. Ол Президенттің: «Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық» деген сөзін мысалға алып, жастарды жаңа дәуірге дайын болуға шақырды.
  • Филиал атқарушы хатшысы Д.Кубесова да нақты істерге тоқталды. Ол ел қазынасына қайтарылған 850 миллиард теңгенің әлеуметтік маңызы зор жобаларға бағытталғанын атап өтті. Соның бірі – Маржабұлақ ауылында салынып жатқан жаңа медициналық амбулатория. «Қазан айында нысан халық игілігіне беріледі» – деді ол.

P.S. Бұл жолғы кездесулерде айтылған ойлар мен ұсыныстар – ел дамуының ортақ мүддесіне қызмет ететін қадамдардың бастауы ғана. Ең бастысы, Жолдау жалаң сөз күйінде қалмай, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған нақты іске ұласуда. Алға жұрты үшін бұл – жаңа дәуірдің бастауы, жаңа мүмкіндіктердің есігі.

Мадина ТАЖИБЕКОВА