Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Алға ауданында аудан әкімі Асланбек Серікұлының төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдардың жиыны өтті. Басқосудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік пен мейірімділік қасиеттерін сіңіру, осы бағытта бірлесе жұмыс жасау. Жиналыста азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ қоғамдық бастамаларды қолдау шаралары өзекті болып табылды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әлия Жеңісқызының мәліметінше, ауданда 1 саяси партия, 11 үкіметтік емес ұйым, 6 қоғамдық бірлестік және 5 кеңес тіркелген. Алайда, «Қазақ тілі» қоғамы мен ақсақалдар кеңесі, жастар кеңесінің төрағаларының орындары бос.
Кездесу барысында ауданда тіркелген қоғамдық бірлестіктер мен ҮЕҰ-дардың атқарған жұмыстары сараланып, өзекті мәселелер мен ұсыныстар қаралды. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, бопсалау мен суицидтің алдын алу мәселелері көтерілді.
Қоғамдық ұйымдардың бірқатар пікірлері тыңдалып, назарға алынды. Мәселен, жиынды тоқсан сайын өткізу туралы ұсыныс қабылданып, мектептерге үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін бекіту және тәрбиелік шараларды оқу процесіне кедергі келтірмес үшін демалыс кезінде ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Мадина ТАЖИБЕКОВА