1 жыл: Арманнан шындыққа!
Білім ордасының жайлы, іші жарық, барлық талапқа сай болуы білім беретін ұстаздарға да және білім алатын оқушыларға да өте маңызды. Себебі, олар бір күндерінің жартысын мектепте өткізеді. Осы орайда айтарымыз, Маржанбұлақ ауылында жаңа мектептің салынып, ашылуы ауыл тұрғындары үшін көптен күткен үлкен қуанышты сәт болатын.
Жуырда №2 Маржанбұлақ орта мектебінің ашылуына бір жыл толуына орай “1 жыл: Арманнан шындыққа!” тақырыбында ашық есік күні өтті. Аталмыш шарада ата-аналар алған әсерлерімен бөлісіп, ризашылықтарын білдірді.
Қамқоршылық кеңес төрағасы Абдибеков Медет Жалғасбайұлы:
«Ашық айтсақ, мектеп алғашқы ашылған кезінен қарағанда едәуір өзгеріп, жақсы жаққа қарай дамып келеді. Бұл бізге үлкен қуаныш сыйлады. Мектептің дамып жатқаны бірден көрініп тұр. Ең бастысы — балалардың оқуға деген қызығушылығы артқан. Үйде балалар сабақтары жайлы ынтамен айтып беріп жатса, бұл үлкен жетістік деп білеміз.
Сол күні кабинеттердің жабдықталуы, оқу құралдарының жаңарғаны, жалпы мектеп ішіндегі атмосфера — бәрі көңіл қуантты. Концерттер мен пәндер бойынша дайындалған көрмелер жоғары деңгейде өтті. Әсіресе технология сабағы бойынша жасалған жұмыстар таң қалдырды. Балалардың шығармашылығы мен еңбегі айқын көрініп тұр. Мұғалімдерге ерекше алғыс айтқымыз келеді! Әр балаға ерекше көзқараспен қарап, шын ниетпен білім беріп жатқандары байқалады. Балалардың жетістіктеріне, ұстаздардың еңбектеріне қуанып, мектептен ерекше әсермен, үлкен ризашылықпен және мақтаныш сезімімен шықтық. Барлық ұстаздарға зор денсаулық, шабыт пен қажымас қайрат тілейміз. Еңбектеріңіз жана берсін, мектеп осылай әрдайым алға баса берсін! Балалар да, ата-аналар да мектепке қуана келетін болсын!” — деп мектеп әкімшілігіне өз ризашылығын білдірді».
Мектеп директоры Рита Жасанқызымен тілдесіп, мектеп туралы ақпарат алған болатынбыз:
« Мектебіміз ашылған күннен бастап еліміздің дарынды, білімді жас өрендерін тәрбиелеу жолындағы игі бастамаларға зор үлес қосуда. Ұстаздарымыз бен оқушыларымыз көптеген жетістіктерге де жетуде. Бұл – тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесі.
Алға ауданындағы №2 Маржанбұлақ орта мектебі 2024 жылғы 2 мамырда ашылып, жұмыс жасауда. Мектеп 300 орындық, 2 қабатты типтік жобада салынған, Алға ауданы, Маржанбұлақ ауылы, А.Құнанбаев көшесі №7 Б ғимаратында орналасқан. Мектеп ағымдағы жылдың 15 қаңтарынан бастап, Маржанбұлақ орта мектебінің бөлімі ретінде ашылып, өз жұмысын бастады. Мектеп ашылған уақытта Маржанбұлақ орта мектебінен 306 оқушы ауысып келіп, мектепте 15 класс-комплект болса, қазіргі таңда 1-11 класс аралығында 357 оқушы, мектепалды даярлық тобында 33 тәрбиеленуші, барлығы 390 оқушы оқу жылын аяқтады. Класс комплекті саны – 18, мектепалды даярлық тобы -2. Мектепте 44 педагог жұмыс жасайды, оның 29-ы Маржанбұлақ орта мектебінен ауысып келді. 14 педагог конкурстық негізбен жаңадан жұмысқа қабылданды. ».
Кемел келешекке өз-өзіне сенімді, білім мен тәртіпті бірінші орынға қоятын мектеп ұжымына шығармашылық табыс, биік белестер тілейміз!
Марал САНДЫБАЙ