23 млн тонна астық бастырылып, экспорт 13 пайызға артты

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 9 айда медицина мен білім саласында 57 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.

23 млн тонна астық бастырылып, экспорт 13 пайызға артты
Фото: Kazinform/ЖИ

— Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығы саласында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда 23 млн тонна астық бастырылды. Вегетация кезеңіндегі күрделі климаттық жағдайларға және бидай егіс алаңын 1,8 млн гектарға жоспарлы қысқартуға қарамастан, астықтың жалпы түсімі көпжылдық орташа деңгейден жоғары болады деп болжанады. Майлы дақылдарды жинау жұмыстарының қарқыны да артып келеді. Бүгінгі таңда 3,7 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары, — деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, жиын-терім қорытындысында майлы дақылдар тұқымының көлемі рекордтық межеден — 5 млн тоннадан асады деп күтіледі.

— Көкөніс дақылдары бойынша да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда 3,1 млн тонна көкөніс, 2,9 млн тонна картоп және шамамен 2,4 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Биыл дәнді және дәнді-бұршақ дақылдарының жалпы жинау алаңы 15,6 млн гектарды құрайды. Бүгінгі таңда егіс алқаптарының 96 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерден құрайды, — деді вице-министр.

Оның дерегінше, негізгі астық егетін өңірлердегі орташа өнімділік Солтүстік Қазақстан облысында гектарына 17 центнерді, Ақмола облысында 14 центнерді және Қостанай облысында 14,2 центнерді құрайды. Биыл астық сапасының жоғары екені байқалады. Элеваторларға түскен бидайдың 72,4 пайыздан астамы үшінші сыныпқа жатады.

— Жаңа өнім астығы экспортының оң динамикасын да атап өткен жөн. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,1 млн тонна құрады. Бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіштен 13 пайызға жоғары. Осыған байланысты астық қабылдау кәсіпорындарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, астықты уақтылы жөнелту және қолда бар логистикалық қуаттарды тиімді пайдалану маңызды, — деді ол.