40 жыл бірге

 Алға ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеп, жастарға өнеге көрсететін игі дәстүр жалғасын табуда. Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Алға аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен аудандық «Белсенді өмір орталығында» «Күміс кереге» айдары аясында ерекше мерекелік шара өтті. Бұл жолы мерейлі той иелері – Нұрымжан Мұхамбетәліұлы мен Алма Әділбайқызының шаңырақ көтергендеріне 40 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

 Шараға зейнеткер аналар, қала мектептерінен келген жас ұстаз аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Әсем безендірілген орталықтың алаңы мерекелік көңіл-күйге толып, қонақтарды ән мен жырдың әуенімен қарсы алды.

Орталықтың директоры Бақыт Қарағұлқызының жүрекжарды лебізімен басталған мерекелік кеште түрлі көріністер қойылып, әзіл-сықақ араласқан қойылымдар көрермендерді күлкіге бөледі. «Той жырының» әуенімен сахнаға шыққан мерейлі жұпты көпшілік ыстық ықыласпен қарсы алды. Орталық зейнеткерлерінің «Сұлулық патшайымы» биі, үнді биі, халықтық қойылымдар мен мәдениет үйі өнерпаздарының әндері мерекелік кештің шырайын аша түсті.

Кеш барысында психолог Алтынай Серікқызы әзіл-қалжыңға толы тест жүргізіп, жұптың бір-біріне деген сыйластығын ерекше көрсетті. «Жұбайыңды тап» сынды ойындар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, залды қуанышқа бөледі. Қатысушылардың әуенге қосылып би билеуі, терме тыңдап, ұлттық өнерге сусындауы кешті нағыз мерекелік думанға айналдырды. Құттықтаулар мен ақ тілектер ағылып, аналар мен ұстаздар жылы лебіздерін білдірді.

Алғадағы «Күміс кереге» дәстүрі – бұл тек мерейлі жұптарды құрметтеу емес, сонымен бірге жастарға адалдықтың, сыйластықтың және отбасылық құндылықтардың мәңгілік үлгісін көрсету. Нұрымжан Мұхамбетәліұлы мен Алма Әділбайқызының 40 жылдық өмір жолы – өзара сыйластық, мызғымас махаббат пен берекелі отбасының айқын айғағы.