Домбыра күні

 

ҚОС МЕРЕКЕ – ҚОС ҚУАНЫШ

Шілденің алтыншы жұлдызында Орталық саябақ әсем әуен мен мерекелік көңіл-күйге бөленді. Себебі дәл осы күні қала тұрғындары мен қонақтары екі бірдей ұлық мерекені – Ұлттық домбыра күні мен Елорда күніне арналған мазмұнды концертке куә болды.

Сахна мерекеге сай безендіріліп, көрермен назарына домбыраның макеті, Елорда тарихынан сыр шертетін кітап көрмесі ұсынылды. Кеш шымылдығы Лена Жанаманованың орындауындағы «Домбыра» әні және «Айгөлек» би тобының мың бұралған биімен ашылды.

Сахнаға шыққан кеш жүргізушілері – айтары анық, сөзі көркем жастар – көрерменді қос мерекемен құттықтап, еліміздің жүрегі – Астананың 27 жылда жеткен жетістіктеріне шолу жасады. Ару қалаға арналған әндер кештің мазмұнын байытып, көпшілікті рухани серпілтіп отырды.

 Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» – деген сөздің шынайылығын сахна төріндегі күй саздары дәлелдеп берді. Ауданымыздың өнерпазы Бекболат Дәрібаев Құрманғазының «Адай» күйін орындаса, Жібек Бисенғалиева «Домбыраның үнімен» тыңдарман жүрегін тербеді.

Домбыра күніне орай ұйымдастырылған күй шеруінде Алға балалар өнер мектебінің домбырашылар ансамблі Дәулеткерейдің «Көрғұлы» және «Ер Тұран» күйлерін орындап, көркемдік жетекшілері Бердіғали Жұмағазиевтің кәсіби жетекшілігін дәлелдеді. «Ұлы дала» триосының орындауындағы әуен де ұлттық рухты асқақтатты.

Жүргізушілер елордамыз туралы қызықты деректермен бөлісіп, «Астана – Опера» театры, «Думан» кешеніндегі мұхитарал, Ұлттық кітапхана сияқты нысандардың ерекше болмысына тоқталды. Осы тақырыпты ашатын әндер мен дуэттер тыңдарманды шаттыққа бөлеп, елорданың өркендеген келбетін бейнеледі.

 Кеш барысында жүргізушілер көрерменге домбыра туралы тың деректерді ұсынды. Айта кетейік, ғалымдар Хорезм мен Тараз маңынан табылған тасқа қашалған домбыра бейнесін біздің дәуіріміздің IV ғасырына жатқызады. Бұл – қазақтың музыкалық мәдениетінің тамыры тереңде жатқанын дәлелдейтін тарихи айғақ. Ал әлемдегі ең кішкентай домбыраны 2021 жылы Болатбек Кәрімханұлы жасаған. Оның ұзындығы — 4,5 сантиметр, ал ені — бар болғаны 1,4 см. Ішегі, пернесі, құлағы түгел бар бұл домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бүгінде Швейцарияда жасалған алтынмен апталып, гауһармен көмкерілген домбыра да бар. Оның құны – 50 000 еуро. Бұл кәдесый ретінде шығарылған туындыға жиырма төрт каратты алтын мен табиғи асыл тастар пайдаланылған. Тағы бір ерекше домбыра – музыкалық механизммен жабдықталған аспап. Бұл домбыра Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» және Сүгірдің «Аққу» күйлерін автоматты түрде орындай алады. Бұл туындылар жайлы деректер көптің қызығушылығын тудырып, ұлттық аспаптың құндылығын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Термеші қызымыз Ақжарқын Еркінбаеваның орындауындағы жыр кеш көрігін қыздырып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар өнер мектебі мен «Болашақ» шығармашылық орталығының әншілері мен ұстаздары өнерлерін ортаға салды.

Кеш соңында жүргізушілер «Жазғы әуендер» атты маусымдық мәдени жобаның ашылуы жариялап, алдағы апта сайынғы концерттерге келіп, көңіл көтеруге шақырды. «Гүлдерай» би тобының ұлттық биі мен түрлі жанрда орындалған әндер мерекелік кештің мәнін арттыра түсті.

Ұлттық домбыра мен елордамыз Астананың мерекесін біріктірген бұл кеш – ұлттық болмысты дәріптеген, отансүйгіштікті оятқан, халықтың рухын көтерген тағылымды мәдени шара болды.

Ел аман, жұрт тыныш болғай! Кеш соңында жүргізушілердің тілегімен айтылған осы сөз – көрерменнің де көңіл түйініне айналды. 

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА