14 Наурыз – көрісу күні

Қазақ халқының ұғымында ең басты байлық – амандық. Көрісу дәстүрі кей жерлерде «Амал мерекесі» деп те аталады. Осы бір айтулы күнді алғалықтар ерекше күтеді. Аудан басшысы Нұрбол Ержанов мереке қарсаңында ауданымыздың бірқатар қарияларымен көрісіп, ақ батасын алды. Сонымен қатар, бұл күні мәдениет үйінің қызметкерлері мен жастар ресурстық орталығының мамандары мен еріктілері қаламыздың бірқатар мекемесіне ерекше көңіл күй сыйлап, ән шашудан тарту етіп, амал мерекесінде көрісіп қайтты.

15 Наурыз – Қайырымдылық күні

Жаздық жолдама

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры тарапынан «Жаздық жолдама» жобасы жазғы каникул кезінде 5-8 сыныптардың 103 оқушысы үшін зияткерлік және шығармашылық дамумен демалысты қамтамасыз етеді. Жолдама арқылы оқуда озат болған, барлық деңгейдегі пәндік олимпиадалардың, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары жазғы лагерьге демалуға барады. Мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысатын орта сынып оқушыларын қолдауға және ынталандыруға бағытталған қайырымдылық жобасы сертификаттарын мектеп директорларына аудандық мәслихат төрағасы Марат Тулеуов табыстады.

 

16 Наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

Наурызнама онкүндігінің үшінші күні ауданымыздың мәдениет үйі қызметкерлері халықта кең тараған салт-дәстүрлерінің көрсетілімдерін челледж түрінде жолдады. Мәселен, Алға аудандық орталық кітапханасында қазақтың салт — дәстүрінің бірі – «Тұсау кесу» рәсімі көрсетілді. Келген қонақтар мен оқы

рмандар ақ дастарқанның сәнін келтірген ұлттық тағамдардан дәм татты.

17 Наурыз – Шаңырақ күні

Наурыз мейрамы онкүндігінің төртінші күнінде ауданымыздың тұрғындары арасынан «Алтын шаңырақ», «Күміс кереге» айдарына лайықты отбасыларына барып, көрісіп қайттық. Шаңырақ күні сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналады. Осы орайда олардың кіші мемлекетін өскелең ұрпаққа үлгі болар ниетте таныстырғымыз келеді.

50 жыл отасқан отбасы

Қаршыға аға мен Нұржамал апаның шаңырағынан түлеп ұшқан перзенттердің қолы қалт етсе асығатыны Алға қаласынан 13 шақырым жердегі Қарағаш ауылындағы осы үй. Бір-біріне мейірімділікпен қарасатын төрт ұлдың үлкені Асхат Жетенов жолдасы Қарлығаш екеуі үлкен үйдің отын сөндірмей, шаңырағын шаттыққа бөлеп келеді. Отасқандарына 50 жылдан астам уақыт болған «Алтын шаңырақтың» иелері бүгінде төрт ұлдан он үш немере сүйіп отыр. Немерелерінің алды Алматыдағы өнер академиясын бітіріп, сонда жұмыс жасайды. Тағы бірі Алматының архитектура институтында білім алып жатса, енді бірі Ақтөбеде медицина институтында оқиды. 1972 жылы 7 шілдеде шаңырақ көтерген отбасы әлі күнге дейін бір-біріне сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қарайды. Отағасының айтуынша, қазақта киелі саны – 7 болғасын шығар, осы күнге дейін шаңырағы шайқалмай, өмірдің ащысы мен тұщысын қол ұстасып бірге көріп келеді екен. Қаршыға ағамыз мен Нұржамал апамыз екеуі де Қарағаш ауылында туып-өскен. Кейін апамыз педагогикалық училищесін тәмамдап келгесін отау құрады. Ағамыз өмірін ауыл шаруашылығымен байланыстырса, ал апамыз өмір бойы шәкірт тәрбиелеген. Бүгінде әкесінің ізін жалғастырып келген үйдің ұлдары «Қаршыға» шаруа қожалығын аяққа нық тұрғызып, ата-анасының қолын жылы суға малып отыр. Ағайынның татулығын ұлағат еткен отбасының керегесі кең, босағасы берік болуы айдан анық.

25 жыл отау құрып бақытты…

Алға қаласының тұрғындары Күмісбек пен Гүлжан Өміровтердің отау құрғандарына 25 жыл толған. Бірлігі мен берекесі жарасқан шаңырақ иелері отбасындағы жылулықты әлі күнге дейін сақтап келеді. Нұрай есімді қыз, Мерейхан мен Қайсар есімді ұл тәрбиелеп отырған отбасы салауатты өмір салтын ұстанады. Күмісбек те, Гүлжан да №3 Алға қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Екеуі де ауданымыздың спорт саласында жетістіктерге жетіп, өскелең ұрпаққа үлгі. Ата-анасының жолын қуған балалары да спортқа жақын. Нұрай мен Мерейхан үстел тенисінен аудандық, облыстық, республикалық сайыстардың жүлдегерлері болса, Қайсар тенниспен қатар баскетболды да меңгеріп келеді. Қайсар бірқатар жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға ие. Мейірім мен сүйіспеншілігі үзілмеген шаңырақ иелері бүгінде 4 жиен сүйіп отыр. 

18 Наурыз – Ұлттық киім күні

Бұл күні Алға қаласына танымал кәсіпкер, сәнгер Рано Булатованың шеберханасына беттедік. Ұлттық нақыштағы сан түрлі сән үлгісінде киім тігетін бұл шеберхана тігіншілерінің жұмысын көріп, тәнті болдық. Көздің жауын алатын небір көйлектер, кәжекейлер, шапандар мен бас киімдер тапсырыс бойынша Ақтөбе облысынан бөлек, Қазақстанның түпкір-түпкіріне жолданады екен. Мәселен, күні кеше Атырау облысынан тапсырыс түссе, бұған дейін Орал, одан бөлек Қарағанды облысына да жіберген болатын. Бой көтергеніне небәрі 5 жылдан асса да, шеберхана тұтынушылардың арасында сұранысқа ие. Және де сұраныс күннен-күнге артып бара жатқанын байқаған Рано ендігі уақытта мемлекеттік тапсырыстарда да бақ сынамақшы.

19 Наурыз – Жаңару күні

Жаңару күні – бұл тұтас ұлттың тағдыры үшін қабылданған жаңа әлеуметтік – саяси өзгерістердің бастауы. Халықтың тыныс – тіршілігі мен тұрмысы жаңарып, табиғат пен адам санасының жаңғыруының ұштасатын күні. Осы орайда, №4 Алға орта мектебінің еріктілері мектеп ауласындағы мұзды ойып, жаяу жүргіншілердің жүруіне қолайлы жағдай жасады. Аудандағы мекемелердің ер азаматтары орталық саябақта тазарту жұмысын жүргізсе, жастар ресурстық орталығының еріктілері қаламыздағы қарт кісілердің үй маңын қардан тазартты.

20 наурыз – Ұлттық спорт күні

«Наурызнаманың» онкүндігі аясында әр күн түрлі тақырыптарға арналғаны белгілі. Осыған сәйкес, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні болып бекітілді. Қазақтың ұлттық спорты рух пен намысты қайрап, бойдағы қуатты шыңдауға өз септігін тигізетіндігі сөзсіз. Ұлттық спортты ұлықтауға арналған бұл күн спортшылар мен қарапайым халық арасында мереке салтанатын ерекше сезінуге септігін тигізді. Қазақ күресі — Қазақстан Республикасының ұлттық күрес түрі. Бұл – қазақтың көнеден келе жатқан спорттық ойындарының бірі, бүгінде кеңінен танымал. Қалалар мен ауылдардағы бірде-бір мереке қазақтың ұлттық күресінсіз өтпейді десе де болады.   Осы орайда, қаламыздағы Есет батыр атындағы спорт кешенінде ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ЕРЕСЕКТЕР АРАСЫНДА АУДАНДЫҚ ТУРНИР өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

 

-70 кг-ға дейінгі салмақтағы палуандар:

І орын- Қалиев Жанарыс (Алға)

ІІ орын — Тәжмұхан Әділбек (Қарақұдық)

ІІІ орын — Серикқалиев Нұржан (Үшқұдық)

 

+70 кг-нан тен жоғары салмақтағы палуандар:

І орын — Абдрахман Рамиль (Маржанбұлақ)

ІІ орын — Сағындық Мейрамбек (Қарақұдық)

ІІІ орын — Қанатбаев Асылхан (Алға)

21 Наурыз – Ынтымақ күні

Бұл күні Алға аудандық орталық кітапханасында «Қош келдің, Әз — Наурыз!» атты мерекелік кеш өтті. Шара қазақтың мың бұралған қыздарының ұлттық биімен ашылып, ақ жаулықты аналар шашу шашып, келген оқырман бір-бірімен амандық тілеп көрісті. Шара барысында қазақ халқының ұлттық ойындары ұлықталып, дәстүрлері дәріптелді. Кітапханада салт-дәстүрге арналып жасақталған «Төрлет, Әз Наурыз» тақырыбында көрме таныстырылды. В.И.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің 8-сынып оқушысы Еркінбаева Ақжарқын Маңғыстау облысы өңірінің Сәттіғұл жыраудың термесін орындады. Қазақтың салт-дәстүрлері «Сырға салу» көрінісі қойылып, болашақ атқа мінерлер қол күресіп, арқан тартысты. Сонымен қатар, асық ату ойындары ойнатылды. Мерекелік кешке келген оқырмандар Наурыз көжеден дәм татып, ақ тілектерін жаудырды.

 

Мадина БОЛАТБЕК, Мәншүк САПАРОВА