14 наурыз – Көрісу күні
Амал мейрамының астрономиямен байланысы неде?
Көктем келіп, айнала жаңарып бастаған кезде ең жылулыққа, мейірімділікке толы мереке Көрісу күні тойланады. Бұл — халқымыздың ежелден келе жатқан мерекелерінің бірі. Қытымыр қыстан аман-есен шығып, адамдардың бір-бірімен қауышып, амандық сұрасып, көрісуі ең әдемі көрініс. Көпшілік осы Көрісу күні туралы жалпылама ақпаратты білгенімен, оның аспан әлемімен қандай байланысы бар екендігін білмей жатады. Газетіміздің бүгінгі санында осы хақында қызықты деректермен бөлісетін боламыз.
Негізінде Амал күні дегеніміз тек бір күн ғана емес. Жыл бойы жүретін 12 айда әрбір ай сайын екі рет қайталанатын амалдардың басы осы алғашқы наурыздан басталады. Біздің ата-бабаларымыздың негізгі бағыты, бағдары, бағдаршамы, жүру жолдарында адаспай жол табатын әдістері болған. Олар табиғат құбылысына, аспан әлеміне қарау арқылы бәрін болжап, біліп, жүру жолдарын реттеп отырған. Алдағы жыл мезгілдері қалай болатындығын, ауа-райының болжамын, жайылымның жақсы-жаман болуын Үркер жұлдызына қарап болжаған. Деректерге сүйенсек, дәл осы Үркер жұлдызы төбеге шыққан кезде Күн мен түн теңеледі. Және де осы Үркер жұлдызына байланысты Амал күні белгіленеді екен. Амал күні наурыз айының басында Торпақ жұлдызы мен Айдың бір сызыққа түзілуі «Амал күні» деп аталады. Амал күні жақындағанда ауа-райында түрлі құбылыстар орын алады. Мысалы, жауын-шашынның көп түсуі, аяқ астынан күннің борауы, суық жел, сырғақ т.б. Халқымыз ертеде осы Амал мерекесі келгенде бір-бірімен қауышып, құшақтасып, ілтипат көрсететін болған. Қыстан аман шығып, бір-бірінен жағдай сұрасқан. Осы мерекеде адамдардың бір-бірімен көрісуі яғни, келесі жылға дейін амандықта болып, төрт көзіміз түгел жетейік деген мағынаны білдіреді екен.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Торпақ жұлдызы мен Айдың бір сызыққа түзілгенінен бастап «Отамалы», «Бесқонақ», «Бөрі сырғақ», «Құс қанаты», «Құралайдың салқыны», «Қызырдың қамшысы», «Тобылғы бүр жарғанда» деген ауа-райының құбылыстарының бәрі де осы Амалға жатады. Алғашқы амалды адамдар жақсылап қарсы алып, бір-біріне мейірімдерін төгіп, құрмет көрсетіп, ақ дастархан жаяды. Бұл Амалдың басы боп саналады. Одан кейін Күн мен Түн теңеліп, Ұлыстың Ұлы күні тойланады. Аталмыш табиғат құбылыстары, айтулы мереке жайында қазақ әдебиеті шоқ жұлдыздары шығармаларында да кездеседі.
Амалдың келуі жұлдыздар әлемімен, табиғаттың сырға толы құбылыстарымен тығыз байланысты. Үркер жұлдызының ерекшелігіне қарай тіпті жануарлардың өздері түрлі әрекеттер жасайды. Жыл басы тышқандардың өздері осы жыл басы наурыз айы келгенде, жер бусанып көк иісі шыққан кезде індерін қыс бойы жиналық қалған қоқыстардан тазартып, балаларына дейін іннің сыртына шығып құшақтасып қауышады деседі. Дәл осы Көрісу күні, Наурыз тойланғанда аспандағы жұлдыздар да бір-бірімен табысып, топтасады. Осындай тылсым құбылысты байқаған дана халқымыз арасында «аспандағы жұлдыздарға шейін табысып жатқанда, неге адамдар бір-бірімен көріспеске, қауышып, хал-жағдай сұрамасқа» деген түсінік қалыптасқан.
Тіпті, ертеректе халқымыз арасында атақты жұлдызшылар болған. Әр адам сол жұлдызшылардан жайлау мен қыстауға қашан ауысатындығын, тағы басқа маңызды құбылыстарды сұрап біліп отыратын болған. Осындай керемет дәстүр мен салты сақталған Көрісу күнін, Амал мерекесін тойлауды ежелден күні бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан еліміздің Батыс өңірі. Бұл күні адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, ескі өкпе-реніштерінен арылу қажет деп саналады.
Мерекенің қалыптасуы жайында мамандармен тілдескен болатынбыз.
Жеңіс Қонжарұлы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Алға ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз:
- Қазақстанның Батыс және Ресеймен шектесетін аймақтарында Көрісу мерекесі ерекше тойланады. Бұл мереке ізеттілікке, мейірімділікке, ауызбіршілікке, кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа тәрбиелейді. Амал мерекесі шығу тарихының ғылыми тұрғыда дәлелденген тұжырымы жоқ. Сондықтан да аталмыш мерекенің шығу төркіні жайлы зерттеуді қажет етеді. Ата-бабаларымыз негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқаны бәріне белгілі. Сайын далада қыстан аман шығып тарыдай шашылған халық туғанын, туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен сағына көрісетін болған. Салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың санасына сіңіру жолында қалыптасқан бұл мейрамды тойлауда ешқандай әбестігі жоқ. Соңғы жылдары елімізде Көрісу, Ұлыстың Ұлы күні мерекелері өте жоғары деңгейде аталып өтілуде. Бұл, әрине қуантады. Айта кету керек, біз наурыз айы келсе күн жылынады деп ерте қуанып жатамыз. Ертеректе көп жылдар бойы бұл айда тіпті, 22-наурызда боран соғып, жел көтеріліп, аяз тұрып адам өлімі көп болған. Табиғаттың тілімен айтсақ, «әттең, ақпандағы қауқарым болса, сиырдың ішіндегі бұзауын қатырар едім» деп наурыз айын айтқан екен. Бұрынғы кездің адамдары боран болған күні алыс жолға шықпаған. Өйткені, көктем мезгілі келсе де табиғатқа сенім жоқ, аяқ асты құбылып жағдай күрт өзгеруі әбден мүмкін. Амал мерекесі, Ұлысты Ұлы күні мейрамдарының астрономиямен өте тығыз байланысты. Бұл аталған мезгілде түрлі табиғат құбылыстары орын алады.
Асылисаева Күнзада Болатханқызы, Алға мектеп-гимназиясының физика пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші:
- Астрономиямен Амал мерекесін байланыстыратын деректер жеткілікті. Амал мерекесі елімізде әсіресе, Батыс өңірлерде ерекше тойланады, өте қатты көңіл бөледі. Бұл мереке тіршілік атаулының бәрі оянып, күн сәулесі молырақ шуағын шашып, қыстан аман шыққан сәтте аталып өтіледі. «Амал» сөзі парсы тілінің «Хамал» (Тоқты) сөзінен шыққан яғни, табиғаттың жаңаруы дегенді білдіреді. Жалпы, Азия елдері Жаңа жылды 21 наурызда кіреді деп санайды. Жер Күнді 365 күннің ішінде айнала жүріп осы кезеңде, яғни наурыз айының орта тұсында Тоқты (Овен) шоқжұлдызының жанынан өтеді. Соның құрметіне осы аталған мерекені «Амал мейрамы» деп атаған.
Бір айта кететін жайт, мектеп бағдарламасының физика пәнін 7 сыныпта оқыған кезде оқушылар ең алдымен табиғи құбылыстармен таныса бастайды. Бір қызығы, көп адамнан Жердің қыс, жаз мезгілінде Күннен қандай қашықтықта орналасады деп сұрай қалсаң, көпшілігі логикаға салып қыста күн салқын болғандықтан Жер Күннен алыс, ал жазда ыстық болғандықтан Жер Күнге жақын орналасады деп жауап беріп жатады. Ал шындығында, жауабы керісінше. Қыс мезгілінде Жер ғаламшары Күнге жақындайды, ал жаз мезгілінде Күннен алыстайды. Ал, көктем мен күзде екеуінің арақашықтықтары шамамен бірдей орналасады. Сол себепті көктем, күз айларында жауын-шашын көп болады. Кейіннен осы Амал мерекесі Көрісу күні деп аталып кетті. Ертеде ауыл адамдары көрші ауылдармен қыста байланыс үзіліп, көктем шығып, жер жаңарғанда бір-бірімен сағынысып көрісетін болған. Содан да болар бұл мейрамды Көрісу күні деп те атайды.
Амал мерекесі халықты татулыққа бастайтын, дәстүрлеріміздің жаңғыратын, рухани байып, әсер алатын мереке. Олай болса, 14 наурыз – Көрісу күні, амал мерекесі құтты болғай. Ақ мол болсын, Ұлыс оң болсын! Еліміз аман, жұрт тыныш болсын!
Наурыздағы көрісу,
Жаңа жылдың бастауы.
Жаңа жаспен үн қатып,
Сыйластықтың растауы.
Құтты болсын ағайын,
Аман-есен жүргенің.
Көктемде сіз бізбенен,
Қауышып бір күлгенің.
Қиындықтар болмасын,
Жанымызды ауыртар.
Бар жақсылық орнасын,
Қуанышқа бағыттар.
Жібек Ысқақова
Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ