Тәрбие ісіндегі тәжірибе алаңы

Семинар
Ақтөбеде «Қолайлы тәрбие ортасы және құқықбұзушылықтың алдын алу: кураторлық қызметтің рөлі» атты облыстық семинар-практикум өтті. «QUQYQ LINE» жобасы аясында ұйымдастырылған жиында білім алушылар үшін қауіпсіз тәрбие ортасын қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және кураторлық қызметтің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Семинар-практикумды Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Іс-шараға облыс бойынша 50-ге жуық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының педагогі, топ кураторлары қатысты.
Жиынның ашылуында облыстық әдістемелік орталықтың директоры Дина Жаманбаева сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Семинар барысында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және тәрбие жұмысын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
— Қазіргі таңда білім алушылардың қауіпсіздігі, тәрбиесі және тұлғалық дамуы — қоғамға жүктелген маңызды міндеттер. Сапалы білім берумен шектелмей, өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттырудың, құқықбұзушылықтың алдын алудың маңызды екенін ұмытпаған жөн, — деді облыстық әдістемелік орталық директорының орынбасары Ақгүл Әскербекова.
Семинар барысында қатысушыларға әдістемелік ұсынымдар беріліп, тәрбие саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Облыстық әдістемелік орталықтың техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің әдіскері Бағдагүл Нұрмолдина «Кәмелетке толмаған білім алушыларды тәрбиелеуде педагогикалық қолдаудың маңызы» тақырыбында баяндама жасады.
Тәжірибелік бөлімде білім алушылардың эмоционалдық күйіндегі қауіп сигналдарын ерте анықтау, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру, кураторлардың медиаторлық дағдысын дамыту бағытындағы жұмыстар таныстырылды. Сонымен қатар кейстер, коучингтер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, педагогтардың кәсіби тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасалды.
Ойыл кәсіптік колледжінің әдіскері Мейрамгүл Тәттіғали мұндай кездесулердің тәжірибе алмасудағы рөліне тоқталды.
— Семинарда құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде айтылды. Жалпы колледжде құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар, мамандармен кездесулер жиі ұйымдастырылады. Осындай семинарларға үнемі қатысамын, — деді ол.
Шара соңында семинар-практикум қорытындыланып, қатысушыларға Алғыс хат табысталды.
Аружан СМАҒҰЛОВА.