Сіз жалғыз емессіз
(Алғада «Жадыра» отбасын қолдау орталығында ашық есік күні өтті)
«Қоғамның қуаты – оның адамға деген қамқорлығымен өлшенеді» деген тұжырымның мәні бүгінгі күні бұрынғыдан да терең сезіледі. Өйткені өмірдің түрлі сынақтарына тап болған азаматтарға уақытылы қолдау көрсету, отбасы құндылықтарын сақтау және әлеуметтік осал топтардың мәселесіне бейжай қарамау – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі. Қазақстанда соңғы жылдары отбасылық-демографиялық саясатты жетілдіруге, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға, тұрмыстық қиын жағдайдағы азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы игі бастамалардың нақты көрінісі ретінде Алға қаласындағы «Жадыра» отбасын қолдау орталығында өткен «Бірлік пен қолдау орталығы» ашық есік күні тұрғындар мен мамандар арасындағы өзара сенім мен ашық диалог алаңына айналды. Шара барысында құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау мәселелері кеңінен талқыланып, азаматтардың өтініштері тыңдалды, мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілді. Бұл мақала аталған кездесудің маңызы, көтерілген өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдары туралы болмақ.
Отбасы – қоғамның алтын қазығы, ұлттың рухани тірегі. Берекелі отбасы – тұрақты қоғамның кепілі. Сондықтан бүгінгі таңда отбасы институтын нығайту, аналар мен балаларды қолдау, тұрмыстық қиындықтарға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып отыр.
Осы мақсатта 9 маусымда Алға қаласындағы «Жадыра» отбасын қолдау орталығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен «Бірлік пен қолдау орталығы» атты ашық есік күні өтті.
Шара шымылдығын Алға ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин құттықтау сөзімен ашып, отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға жан-жақты көмек көрсету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ мұндай кездесулердің тұрғындар мен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты нығайтып, халықтың көкейіндегі мәселелерді дер кезінде анықтап, олардың шешілуіне ықпал ететін тиімді алаң екенін жеткізді.
Аудан тұрғындарын Отбасын қолдау орталығының қызметімен кеңінен таныстыруды, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға психологиялық және құқықтық қолдау көрсетуді, отбасылық жанжалдардың алдын алып, мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат беруді және тұрғындардың әлеуметтік институттарға деген сенімін арттыруды мақсат еткен шараға Ақтөбе облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері Еркін Шукурова мен Жаңылсын Нұрғалиева арнайы келіп, тұрғындармен еркін пікір алмасып, көкейлеріндегі сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар, «Отбасы банк» АҚ өкілі Алмат Тәжібаев тұрғындарға баспана мәселесіне қатысты мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылық мүмкіндіктер жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Аудандық кәсіби медиатор Бақыт Ерғалиева отбасылық және тұрмыстық дауларды бейбіт жолмен шешудің тетіктерін түсіндірсе, заңгер Сәкен Байғазы құқықтық мәселелер бойынша кеңестер берді. Психолог Назерке Отарбекқызы азаматтардың жан дүниесіндегі түйткілдерді тыңдап, психологиялық қолдау көрсетті. Әлеуметтік қызметкерлер Мейрамгүл Махамбетова мен Әлімжан Құттымұратов әлеуметтік көмек түрлері мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар мотивациялық спикер Меруерт Сейілханқызы, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының өкілдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының маманы және үкіметтік емес ұйымдар мен әйелдерді қолдау қорларының өкілі Рысқұл Мыңбаева қатысып, тұрғындарды жеке қабылдады.
Жалпы ашық есік күніне 26 азамат қатысып, өздерін толғандырған мәселелер бойынша тиісті мамандардан нақты жауаптар алды. Оның ішінде тұрғын үй мәселелері бойынша – 6 адам, психологиялық көмек алу үшін – 6 адам, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелеріне – 6 адам, медиаторлық көмек бойынша – 4 адам және заңгерлік көмек алу мақсатында 4 адам жүгінді.
Шараның ерекшелігі – тұрғындарға тек кеңес беру ғана емес, олардың ішкі жан дүниесіне үңіліп, моральдық қолдау көрсетуге бағытталған алаңдардың ұйымдастырылуы болды. «Сіз жалғыз емессіз – біз бірге қолдау көрсетеміз» қағидасын негізге алған ұйымдастырушылар қатысушылар үшін «Қолдау ағашын», «Сенім қабырғасын», «Анонимді хат» бұрышын және балалар аймағын жасақтады.
«Сенім қабырғасына» жазылған өтініштер мен ұсыныстар, сондай-ақ анонимді түрде жолданған хаттар мамандар тарапынан талданып, психологтардың кеңестері берілді. Кейбір тұрғындар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қолдау мен түсіністікке деген қажеттіліктерін ашық жеткізді. Бұл өз кезегінде ашық диалог алаңының маңызын айқындай түсті.
Шара аясында тұрғындардың құқықтық, қаржылық және психологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында мазмұнды мини-тренингтер ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Әйелдер құқықтарын қорғау» тақырыбында Рысқұл Мыңбаева әйелдердің заңмен қорғалатын құқықтары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат берсе, көпбалалы әке Дәурен Ботабасов «Қаржылық сауаттылық» тақырыбында отбасы бюджетін тиімді жоспарлау мен қаржыны ұтымды басқарудың маңыздылығына тоқталды. Ал психолог Гүлбақыт Тәжібаева «Сенімді қарым-қатынас құру» тақырыбында отбасы мүшелері арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің рөлін түсіндірді. Тренингтерден кейін ұйымдастырылған «Ашық микрофон» алаңында тұрғындар өз ой-пікірлерін еркін білдіріп, толғандырған мәселелерін ортаға салды. Бұл ашық диалог алаңы көпшілік тарапынан қолдау тауып, шараның мазмұнын одан әрі байыта түсті.
Балалар үшін де қызықты бағдарламалар қарастырылды. Балалар аймағында жас қатысушылар сурет салып, шахмат пен дойбы ойнап, өлең оқып, ән шырқады. Олар қолдау ағашына өз армандары мен ізгі тілектерін жазып қалдырды. Бұл көрініс шараның тек ересектерге ғана емес, жас ұрпақтың да рухани дамуына бағытталғанын көрсетті.
Іс-шара барысында көтерілген маңызды мәселелердің бірі – ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналардың бас қосып, тәжірибе алмасуына арналған арнайы бөлме қажеттілігі болды. Бұл ұсынысқа жауап ретінде орталық басшылығы ерекше балалардың аналарына арналған арнайы бөлме жасақтау алдағы жоспарға енгізілгенін мәлімдеді.
Шара соңында белсенділік танытқан қатысушылар мен аз қамтылған отбасыларға демеушілік көрсетіп жүрген Ботабасовтар отбасы, Минбаева Рыскул, Айтбаева Айгүл, сонымен қатар орталықтың белсенді келушілері Құрманиязовтар отбасы, Алтаяқова Гүлия, Асхатұлы Нұртас аудан әкімі орынбасарының «Алғыс хатымен» марапатталды.
Айта кету керек, бүгінгі таңда «Алға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Алға аудандық «Жадыра» отбасын қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі аудан тұрғындарына кешенді әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Орталықтың өз балансындағы ғимараты бар. Мұнда уақытша орналастыруға арналған 3 жатын орын қарастырылған. Қазіргі таңда мекемеде 12 штат бірлігі бекітілген болса, психолог маманының бос жұмыс орны бар.
Сондай-ақ орталық жұмысының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі – «FSM Social» мобильдік қосымшасы арқылы келіп түскен дабылдар. Биылғы жылдың алғашқы алты айында жүйе бойынша 127 дабыл тіркеліп, олардың әрқайсысы бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген.
Қоғамдағы әрбір азаматтың тағдырына бейжай қарамайтын мұндай бастамалар – әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. «Жадыра» отбасын қолдау орталығы ұйымдастырған ашық есік күні тұрғындарға көмек қолын созудың, сенім мен түсіністіктің, бірлік пен жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналды.
Өйткені өмірдің күрделі кезеңдерінде адамға кейде материалдық көмектен бұрын жылы сөз, дұрыс бағыт пен сенімді қолдау қажет. Ал дәл осындай орталықтардың басты миссиясы – қиындықпен бетпе-бет қалған жандарға «Сіз жалғыз емессіз» деген үміт сәулесін сыйлау.
Мадина ТАЖИБЕКОВА