ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ


«Campit» балалар сауықтыру лагерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шара өтті. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары балаларға өрт және судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, құтқару техникасын таныстырды.
Кездесу барысында мамандар балаларға өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік, терезеден құлаудың алдын алу және тұрмыстық жарақаттардың профилактикасы жөнінде түсіндірді. Іс-шараның практикалық бөлімінде балалар өрт сөндіру-құтқару техникасы мен арнайы құрал-жабдықтармен танысты. Құтқарушылар олардың қызметі туралы айтып, өрт сөндірушінің арнайы жауынгерлік киімін киіп көруге мүмкіндік берді. Балалар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Ақтөбе қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Арслан Жаманов балаларға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керегін ескертті.
— Балалар ең алдымен өрт қауіпсіздігі талабын сақтауы керек. Сіріңкемен ойнауға және ересектердің қарауынсыз электр құрылғыларын пайдалануға болмайды. Өрт болған жағдайда дереу ересектерге хабарлап, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет. Сондай-ақ тек арнайы жабдықталған орында және ересектердің бақылауымен ғана шомылып, бейтаныс жерде суға түспеген жөн. Бұдан бөлек ашық терезелерге жақындамай, маса торына сүйенбей, терезені өз бетінше ашпаған дұрыс, — деді ол.
Арслан Жамановтың мәліметінше, биыл Ақтөбе қаласында 156 рет өрт шыққан. Өрт салдарынан 5 адам қаза тапқан. Оның екеуі бала. Осыған байланысты құтқарушылар балаларды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Аружан СМАҒҰЛОВА.