Алғадан шыққан ірі кәсіпкер

 Қазақстанда жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісі «Құрылысшылар күні» деп аталып өтеді. Көк тіреген әсем ғимараттар, көпқабатты тұрғын үйлер, түрлі мекемелер құрылысшылардың қол еңбегі мен бойындағы күш-жігерімен, сабыр мен төзімі сыналған сәттермен, төгілген адал маңдай терімен бой көтереді. Әрбір қаланған, қалайыдай құйылған кірпіш — мұқияттылық пен үлкен жауапкершілікті, сын өтпес сапаны талап етеді. Тұрғын үйдің сапалы салынуы – тұрмыстың жақсаруына, халықтың емін-еркін өмір сүруіне, қажеттіліктердің толықтай өтелуіне жағдай жасайды.

Ақын, жазушы, суретші де, өнер иесі де қиялдың көкжиегіне ұзақ шомылып, тіршіліктің қайнар көзінен шабыттанып, ең биік шыңдарға қанат қағатыны анық. Олар жазған өлең, шығарма, сурет пен ән де жүрегінен суырылып, ақиқатпен біте қайнасып, үн қосылып, жанының бір бөлігіндей болатыны да рас. Құрылысшы да ерекше шабытпен алпауыт қиялын парақ бетіне түсіріп, ең ауыр әрі жауапты жүкті өзіне арқалайды. Құрылысшылар күніне орай елімізге белгілі, Алға ауданынан шыққан тарихи тұлға, елдің құрметті азаматы, «НЕКТАР» өндірістік кооперативінің басшысы, кәсіпкер Шамиль Гайнанович Каспрановпен жүздесіп, сұхбаттасып қайттық. Шамиль Каспранов қажырлы еңбек пен қайсарлыққа толы өмірбаянын, құрылыс саласына қалай келгенін әңгімелеп берді:

  • Мен 1947 жылы 5 тамызда дүниеге келдім. Алға ауданы, Тамды ауылында тұрдым. Сол ауылда 11 жылдық мектепті аяқтап, кейін екі жылдық кеңес армиясына шақырылып, азаматтық борышымды өтедім. Әскерден оралған соң Ақтөбе хром қосындылар зауытына аппаратшы болып жұмысқа орналастым. Ол кезде үйленіп, балалы болған едім. Басымызда баспана болған жоқ. Содан пәтер іздеп, «ЖБИ-70» темір-бетон бұйымдарын шығаратын мекеме болды, өнеркәсіп өзінің жұмысшыларын үймен қамтиды дегенді естіп сонда жұмысқа тұрдым. Қарапайым жұмысшы болып кірсем де, кейін мастер, жаңа техника инженері мамандықтарын игеріп, жұмысымда көтерілдім. Біраз уақыт өтсе де пәтер мәселесі шешілген жоқ еді. Сөйтіп, «Актюбстрой» тресінің басқарушысы А.Мешковке жолығып, отбасылық жағдайымды айтып, баспана мәселесін толық шешіп беруін өтіндім.  Алексей Алеексеевич өз ісін жақсы білетін, көреген басшы еді. Ол кісі маған «Алға қаласында С.Киров атындағы химия комбинатының күкірт қышқылы кешені салынып жатыр. Сен сонда бар» деді. Егер менің айтқанымды орындап, Алғаға осы жаңа құрылысқа барсаң, бір ай ішінде үш бөлмелі пәтермен қамтамасыз етемін деп уәде етті және оны орындады. Алға ауданы мені еңбек жолында үлкен деңгейге өсірді, құрылыс саласында өзіме деген сенімділікті арттырды. Алғада химия комбинатында іске қосу кешенінің инжеренері, кейін бетон-қоспа торабының бастығы лауазымдарын атқардым. Кейін «Алгазаводстрой» құрылыс басқармасында бас механик, сонан соң «ПМК – 2115» колоннасын жеті жыл басқардым. Сол кезеңдерде Алға ауданы бойынша мәдениет және ауылшаруашылығына байналысты бірқатар нысан салдық.
  • «НЕКТАР» құрылыс компаниясы қалай құрылды? Осындай үлкен өндірістік кооператив болады деп ойладыңыз ба?
  • Бұл жерде алғаш ара шаруашылығы болды, бал жинадық. Жаңа кәсіпке бел байлаған шағым. «Нектар» шаруа қожалығын құрдым. Көп мөлшерде бал жинайтынбыз, үш тоннаға дейін баратын. Омарталар орналасқан шағын вагонды жанымыздағы автотұрақтың қасына қойып, бағып тұрдық. Құрылыс саласына әбден қаныққан бойым, бұл шаруаға етене үйренісе алмадым. Жаныма 15 шақты құрылысшыларды жинадым. Сөйтіп құрылыс саласындағы алғашқы жобаларымызды бастадық. «Нектар» өндірістік кооперативі құрылыс компаниясы болып 1994 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Қарқынды жұмыс жасап келе жатқан құрылыс компаниясы өзінің ірі жобаларын Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданынан бастады. Қазіргі таңда 70-ке жуық тұрғын үй, 4 балабақша, 4 автотұрақ салынып қолданысқа берілді. Сонымен қатар, «Нектар» құрылыс компаниясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алған «Туған жер» форумы аясында Батыс-2 шағын ауданында талаптарға сай келетін «Жекпе-жек» спорт сарайын салып, 2019 жылдан бастап пайдалануға берді.

Құрылыс индустриясының көшбасшысы саналатын «Нектар» өндірістік кооперативінің іргетасы қаланғанына биыл 32 жыл толды. «Нектар» құрылыс компаниясы салған тұрғын үйлер өңір халқын қызықтыратыны сөзсіз және халық тарапынан өте жақсы бағаға ие. Компания ең әуелі сапаға қатты көңіл бөледі. Құрал-жабдықтардың да, құрылысқа қажетті әрбір өнімдердің де сапалы түрін аса мұқияттылықпен таңдайды. «Тұрғын үйлер құрылысшылардың қолымен салынады. Оны міндетті түрде қадағалап, тексеріп отыру қажет. Бізбен бірге 20-25 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан мамандарымыз бар. Әрбір инженер, механик, жұмысшылар өз істерін жетік біледі. Олардың да еңбек ақысын алдын ала төлем, ай сайынғы жалақысын кешіктірмей береміз. Жұмысшылардың да кәсіпорынға деген сенімі біз үшін маңызды» — деді басшы Шамиль  Каспранов әрі қарай сөзін жалғастырып. «Құрылыс компаниямыз салған үйлер қатты қымбат емес, ақшасын да ерте алмаймыз. Тұрғын үй толық біткенде ғана сатылымға шығады. Әрбір құрылыс өз қаражатымыздан салынады. Және кәсіпорында жасайтын жұмысшылар өзіміз салған тұрғын үйлерде тұрады. Оларға арнайы жеңілдік қарастырылған. Халықпен де тығыз қарым-қатынас жасаймыз, пікірлеріне де құлақ асамыз, мәселе туындаған жағдайда тез арада шешуге тырысамыз, олар да бізге үлкен сенім артады. Сатып алушылармен де алдын-ала кепілдік мерзімі жасалады».

  • Жұмысшыларға қандай талап қоясыз? Талапшылсыз ба?
  • Менің талабым: «Бүгін көбірек жұмыс жасау қажет, ертеңге аз қалу үшін. Ең бастысы сапалы жасалуына мән беру».
  • Осы компанияда жас мамандарды жұмысқа тарту қалай жүргізіледі? Қандай мүмкіндіктер ұсынасыз?
  • Жас мамандар бізге колледжден, университеттен тәжірибе жинақтауға келеді. Жанымызда да Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі бар. Ең жас маманымыз 2001 жылғы Андрей Шиллерт есімді жігіт. Қазіргі таңда ол өндірістік-техникалық бөлімде жұмыс жасайды. Құрылыстан бастап, офис кезеңіне дейін өсті. Барлық құрылыс қызметін тексереді, мәселелерді оңай шешеді. Андрей алғаш 2021 жылы құрылыс участкесінің мастері қызметіне тағайындалды. Компания оның оқып жүріп жұмыс жасауына үлкен мүмкіндік сыйлады. Жас мамандар көптеп келе бермейді, себебі бұл ауыр сала. Ал біздің компанияның жас мақтанышы — Андрей Шиллерт.
  • Мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында қайта даярлап оқытуы жүргізіле ме?
  • Иә, әрине. Қайта оқытамыз, кәсіби біліктілігін арттырамыз. Колледж, университет бітірген болса да, арнайы тестілеуден өткізіп жаңа мамандықтарға даярлаймыз және оған компания оқу ақшасын төлеп береді. Жұмысшының жоғары біліктілігі кәсіпорынның жаңа деңгейге шығуына мол мүмкіндік береді, – деді «Нектар» компаниясы директорының орынбасары Габдулжанов Темирлан.
  • Шамиль Гайнанович, болашақта қандай ірі жобаларды қолға алғыңыз келеді?
  • «Бұл экслюзив жаңалық! Бірде – бір хабарда, газет бетінде жарияланбады. Алғаш болып тізгінін кесіп, хабар әлеміне жолдайтын Алға аудандық «Жұлдыз-звезда» газеті болып тұр. Аукционнан 24 гектар жер сатып алдық. Алдағы уақытта 40 тұрғын үй мен бірнеше коммерциялық орындар тұрғызылатын ЖК «НЕКТАР CITY» деп аталатын шағын аудан бой көтереді. Қазіргі таңда саябақ жанындағы талдар мен көшеттер отырғызылып жатыр.
  • Алға ауданы құрылыс саласының дамуына қандай баға берер едіңіз?
  • Алға қаласында соңғы жылдары бес қабатты тұрғын үйлер салынды. Орталық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Жол инфрақұрылымы да дұрысталып, жаңа деңгейге жетті. Алға қаласы одан әрі гүлдене беретініне сенімім мол.
  • Жақсы құрылысшы қандай болу керек?
  • Ең бірінші өзіне талапшыл, жауапты болуың қажет. Жанындағы мамандарға да талабы қатты болуға тиіс. Құрылыстың қай саласында жүрсең де, сапалы етіп жасап беремін деп сөз берсең, сөзіңде тұра біл. Атыңа затың сай болмай, сөзіңнең қашсаң саған ешкім толық сеніп тапсырма бермейді. Адамдармен мәдениетті түрде қарым-қатынас жаса, жұмысқа келгенде тәртіп пен талап өте маңызды.
  • Алға ауданы халқының жағдайы жақсаруына өзіңіздің үлкен септігіңізді тигізіп, әлеуметтік көмектер көрсеткен екенсіз, сол туралы айта кетсеңіз?
  • Алға ауданы, Тамды ауылында Дәрігерлік амбулатория ғимаратын күрделі жөндеуден өткіздік, балаларға арнап ойнайтын алаң мен спорт алаңын салып бердік. Онда балалар бос уақытында спортпен шұғылданады, кішкентай бүлдіршіндер қызықты ойындар ойнайды. Мүмкін бұл жерден үлкен спортшы балалар шығар. Салып берген алаңдарды ұқыпты әрі таза ұстаса, мен соған қуанамын. Себебі бұл өздерінің жері екенін сезінгенін қалаймын. Қай кезде де туған ауылыма көмегімді аямаймын. Бұл менің туған жеріме деген махаббатым мен сүйіспеншілім.
  • Құрылысшылар күніне орай ізгі тілегіңізді білдірсеңіз.
  • Құрылысшыларға ең бастысы мықты денсаулық тілеймін! Құрылысшылар ең ауыр саланың мамандары. Күннің ыстығына да, суығына да қарамай еңбек етеді. Денсаулықты ақшаға сатып ала алмайсың, сол себепті біздер жұмысшыларды арнайы киімдермен толық қамтамасыз етіп отырамыз. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын, үйлеріңіз жылу мен шаттыққа толсын!
  • Шамиль Гайнанович, сізбен тілдескенде екі үлкен тарихи сәтке куә болдық. 2026 жылдың тамыз айының бесі күні сіздің туған күніңізге дөп түссек және тағы біреуі болашақта салынатын үлкен жобамен алғашқылардың бірі болып таныстық. Өзіңіздей үлкен компанияны басқаратын жерлесімізбен сұхбаттасқанымызға қуаныштымыз! Мереке қарсаңында сізге және барша әріптестеріңізге зор денсаулық, қажырлы қайрат, жұмыстарыңызға толағай табыстар тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ