Әуенмен өрілген жаз

Жаз мезгілінің соңғы күндеріне де жеттік. Күннің көзіндей күлімдеп тұратын, жылуын төгіп, жаныңды жадырататын естеліктерге толы жаз айын қимай-қимай шығарып салудамыз. Сағыныштың салмағы ауырлағандай, бойымыз да күздің қара салқынына үйренбей  тұр.

Тамыздың 28 күні Алға қаласының 65 жылдығына арналған мерекелік концерттің қорытындылау кеші өтті. Қоржындарына ән-жырын асынып, алыстан ат арылтып апта сайын әр ауылдан, ауданнан, қаладан өнерлі өнерпаздар келіп жатты. Тарих шежіресіне көз жүгірттік, әр ауданның мәдениетімен таныстық, киелі дәстүр жаңғырды, ұлттық құндылықтар ұлықталды, заман ағымына ілескен жаңа дүниелер де қылау берді.  Ашық аспан астындағы «Әуенмен өрілген жаз» гастрольдік концерті осының барлығының мәресі болды.

Жезтаңдай әншіні, мың бұралған бишіні, ұлттық өнерді өнеге етіп жүрген өнерпазды көруге көрермен әрдайым асық. Қорытынды кеште алаңның көшелері қала тұрғындары мен қонақтарға лық толды. Күздің қоңыр салқыны мен уілдеп жұмсақ тиген желіне төтеп бергендей қаз-қатар, бір-біріне жап-жақын тұрып алды. Күннің суығына қарамастан халықтың өнерге деген сүйіспеншілігі көңілдерді жылытты. Ақтөбе қалалық мәдениет сарайының «Ақтөбе» вокалды аспаптық ансамблінің әншілері Алға төрінде тағы да қонақ болып, тізгінді қолдарына алып кешті бастады. Жанды дауыста әсерлі әндер шырқалды. Ансамблдің жетекшісі Әкімжан Шәкіровте өз өнерімен бөлісті. Халықтың көңілін көтеріп, әуезді әндерімен жанға шуақ сыйлады. Мерекелік концерттің жүргізушілері Назерке Алдиярова, Аслан Махмуд халықпен амандасып, мерекемен құттықтады. Алға жеріне алғаш табан тіреп келгендерін, тарихы терең қасиетті мекеннен ірі тұлғалар шыққанын, мәдениеті мен өркениеті жарасқан ғажап, сұлу қала екенін айтып, таңданыстарын жеткізді.

Бұл кеште шырқалған әндер легі ерекше болды. Бәлкім, жаздың соңы болғасын да шығар. Жаз ғана көңілді әндерді шырқайтындай, жазда ғана халық шаттанып билейтіндей, әннің құдіреті көрермен аға-апалардың көңіліне қуаныш нұрын төгіп, сол шуақпен жасарып кететіндей көрінеді. Концертті Ақтөбе қаласының өнерпаздары әрі қарай жалғады. Мәдениет саласының үздігі, отбасылық дуэт Дулат- Рита Айтжановтар, Нұрсұлтан Ескендір, «Тамсан» триосының солисті Ақторғын Аминова, «Дауыс» әншілер ұжымының солисті Қуаныш Өтегенов, ZIGZAGSOLO, Есет Әлімжан әсем әндерін арнады.

Гастрольдік концерт әнмен ғана шектелген жоқ, Алға қаласының тарихы жөнінде сұрақтар қойылып, ең жылдам, тапқыр көрермендерге арнайы сыйлықтар табысталды. Кештің арнайы қонағы Қазақстанның танымал эстрада жұлдызы, тыңдарман халықтың жүрегінен өнерімен орын алған әнші – Жандос Қаржаубай болды. Әншінің өнерін тамашалауға келген халықтың қуанышында шек жоқ еді. Өнерді сүйген халық әрдайым нағыз өнерпаздың, шын мықтының жанашыр тілекшісі. Көрермен әншімен бірге ән шырқады, би де биледі, бойға қанат біткендей, көңіл бір серпіліп қалды. Қариялар да жас әншіге ризашылық білдіріп, ақжарма тілегін жолдады.

Алға қаласының 65 жылдық мерекесіне орай жаз бойы ұйымдастырылған «Өнер керуені» гастрольдік концерті қала халқының жан-дүниесін байытты, әдемі сезімдер сыйлады, өнерге деген ықыласты арттырды. Мәдениет – халықтың рухани тірегі. Осы салада жанын салып үлкен істер атқарып жүрген сала мамандарына дән ризамыз!

Нұржауған ЖАҚСЫМБЕТ