Нариманның қарбызы

Қиыл бойын қиялай қонған Ақкемерде жасыл желегі тербелген, бау-бақшасы жайқалған көрікті аулалар көп. Соның бәрін көріп өскен Нариман Шаханов үшін қазіргі маусымдық кәсібі таңсық емес. Әуелгіде «Тәуекел!» деп бел буған жігіт бүгінде нағыз бағбанға айналды.
Әулеттің үлкені болғасын ел қатарлы білімін алған соң, ол Ақтөбе қаласының сыртынан жер телімін алып, өзінің баспанасын көтермекке қамданды. Таныстары арқылы құрылысқа өзбек жігіттерін тапты. Еңбекқор жігіттер екі айда шөбі белуардан келген жерге өзінің қалауындай үйін тұрғызып, құрылысын толық аяқтап берді. Олардың еңбегіне тәнті болып, риза болғаны сонша, бір күні құрылысшы жігіттерді туған ауылына әкеліп, Қиылдың бойындақой сойып, қонақ қылды. Бала кезден еңбекке, соның ішінде бақша егу жұмысына жақын өскен олар Қиылдың табиғатын көріп «құлап» түсті. Сол жерде келесі жылы бақша егетін болыпқол беріп, уағдаласты.
Көктемде елу жылдан бері бау-бақшамен айналысып келе жатқан атасын алып келген жігіттер бірден жұмысқа кірісіп кетті. Екі жігіттің берік уәдесінің «жемісі» биыл 15 гектар алқапта жайқалып тұр. Алғашқы жылы үш гектар жерге қарбыз-қауын егіп бастаған Нариман бүгінде өзі бауырларымен бірге бақша баптаудың нағыз маманына айналды. Тіпті әкесі Нұрлан алпыстан асса да күні-түні қасында. Міне, төрт жылдан бері төрт ағайынды жігіт жомарт жердің бабын тауып, ырзық-несібесін айырып отыр. Әзірге еңбек күші — өзбек достарымен бірге өздері және жиені мен ағайын інісі.
Биыл кезең-кезеңімен өнім беретін қарбыздың бес түрін егіпті. Оның сыртында үш гектар қауын бар. Жиырма сотық жерде картоп та гүлдеп тұр. Бір гектар жердің қиярын жинап, Ақтөбеге өткізді. Бүгінде оның өнімі қаладағы «Табыс» базарында сатылады.
— Биыл Мадрид Ф1, Топкон, Продюсер, Холлор дегенжазда өнім беретін төрт түрін егіп отырмыз. Төртеуінде төрт түрлі айырмашылық бар. Мысалы, Топкон мен Мадрид Ф1-дің ішіндегі қызылы өте қызыл, әрі тығыз болады. Жегенде кәдімгідей сықыр-сықыр етеді, дәмі өте дәмді. Салмақты да. Мадрид Ф1 15 килодан жоғары тартады,— дейді Нариман Нұрланұлы.
Қарбызды егіп, суарып, күтіп-баптаудан бөлек күзету де көп еңбек. Алқап қоршаулы тұрғанымен айнала анталаған мал. Іргедегі ауылдың сиыры мен Қобданың жылқысы күндіз-түні тыным бермей тұр. Одан қалды, қарға мен қоян да осы бақшаға көз тігіп отыр. Көзің тайса қарға ойып шұқып тастаса, қоян сыртын сыпырып тастайды екен.
Ата жұрт Ақкемерде әкесі әуелгіде шаруашылық ашып, малбасын көбейткен еді. Кейін балалардың бәрі қалаға кеткесін, одан қалды зайыбы сырқаттанғасын қойған еді. Бірақ сол шаруашылықты жүргізуді балалары бағытын өзгертіп, іліп әкетті.
Атам қазақ: «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», — дейді. Шынында да, ағын судың бойында ерінбеген жанға еселеп несібе табуға болатынын еңбекқор Нариманға қарап тағы бір мәрте ұқтық. Осындай берекелі істің бейнетін жеңіп, зейнетін көріп отырған ағайынды жігіттердің еңбекқорлығы қандай мақтау сөзге де лайықты.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.