«Жадыра» отбасын қолдау орталығы ашылды
10 қыркүйек Алға ауданының тарихында маңызды күн болып есте қалды. Бұл күні аудандық әкімдігінің қолдауымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің жанынан «Жадыра» отбасын қолдау орталығы ашылды.
Орталықтың басты мақсаты мен міндеттері – өмірлік қиын жағдайда немесе мұндай жағдайдың туындау қаупі бар отбасыларға әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық және құқықтық қызметтер көрсету. Бұл қызметтер отбасыларға қолдау көрсетіп, олардың тұрақтылығын және балалардың дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Орталықтың ашылу салтанатында алғаш сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Болатбек Кангужин жылы лебізін білдіріп, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.
Аталған шараға облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Маржан Қорғанбаева, «Қызмет» мемлекеттік банк мекемелері мен қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы Мухтарита Сағындықова, Ақтөбе қаласының Отбасын қолдау орталығының басшысы Бибігүл Қалел, Ақтөбе қаласы бойынша «Ана үйі» қоғамдық қоры ресурстық орталығының үйлестірушісі Майра Өтегенова, бірқатар білім беру мекемелерінің орынбасарлары мен әлеуметтік ұстаздары, писхолог мамандары, бөлім басшылары мен Алға аудандық белсенді өмір орталығының аға буын өкілдері қатысты.
Сонымен қатар «Жадыра» отбасын қолдау орталығында материалдық жағдайы төмен отбасыларға құқықтық, медиаторлық, логопедтік және психологиялық көмек көрсетіледі.
Салтанатты шара барысында жергілікті өнерпаздар әсем әннен шашу шашып, үлкендердің ақжарма тілектері айтылды.
Гүлім КЕНЕШОВА