Жақын күндері елімізде өзекті мәселенің шешімі табылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бірнеше жылдардан соң мемлекетімізде электр энергия көзінің тапшылығы болатынын ескертіп, алдын-алудың жолын ұсынды. Атом электр станциясын салу үшін халықтың жаппай пікірін білу мақсатында референдум өткелі отыр. Бұл үлкен жауакершілікті қажет ететін, жайдан-жай қабылдана салатын шешім емес. Бізде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас бар. Халық арасында аталмыш құрылысқа деген фобия қалыптасқан. Оның да өз себебі бар. Себебі, көбінің ойынша егер елімізде АЭС салынса, экология бұзылады, ауа ластанады, адам өміріне аса бір қауіп төнеді деген стереотип қалыптасқан.

Дегенмен, соңғы уақытта қолдаушылар қатары да көбейіп келеді. Ал сала мамандары, энергетиктер мен ғалымдар АЭС салу елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелер еді деген пікірді қашаннан бері айтып әлек. Қалай айтсақ та қазіргі күні экономиканы алға қарай жылжыту үшін бар мәселе электр қуатына байланысты болып тұрғанына халықтың көзі жеткендей. Ертеңгі күнді бүгіннен бастап ойлағанымыз дұрыс. АЭС-тің болуы келешекте электр жарығына тәуелсіз өмір сүру үшін қажет. Бұған дейінгі кезеңдерде халқымыз осы электр энергиясының жетіспеушілігін талай көрді. Сол кезеңдерде өмір сүрген халықтың есінде сақталғанына сенімдімін. Жарықты уақытпен беретін, тіпті бірнеше күн, ай жарық болмайтын да күндерді өткерді. Осындай келеңсіздіктер алдағы уақытта орын алмасын десек, бұл мәселеге келісім бергеніміз дұрыс деп санаймын. Осы саланың мамандары АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз екенін айтуда. Сонымен қатар қуаттылығы жағынан да  көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Олай болса алаңдаушылық білдірмеуге де болады. Өйткені, осы саланың мамандары мен зерттеушілері АЭС-тің қоршаған ортаға қауіпсіздігін алдын-ала зерттеп, қарастырғанын ескергеніміз дұрыс деп санаймын.

Ә.Коргулин,

Алға аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы