Алғада қарттарға арналған тегін шаштараз кабинеті ашылды
Алға аудандық «Белсенді өмір сүру орталығында» игі бастама ретінде қарттарға тегін қызмет көрсететін шаштараз кабинеті ашылды. Әлеуметтік қызмет көрсету бағытындағы бұл жоба аға буын өкілдерінің ризашылығына бөленді.
Жаңа кабинеттің ашылу салтанатына Алға қаласының әкімі Нұрбол Сурбаев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнар Ахметова арнайы қатысты. Қала басшысы бұл бастаманың маңыздылығын атап өтіп:
- Қарттарымыз — біздің баға жетпес қазынамыз. Олардың өмір сапасын жақсарту – қоғам алдындағы жауапкершілік, – деп өз пікірін білдірді.
Саятхан Алиева: өз ісінің шебері
Шаштараз қызметін орталықта ашылған штатқа жұмысқа қабылданған Саятхан Алиева көрсетеді. Алғалықтарға жақсы танымал Саятхан Қожамбергенқызының арқасында 20 жылдық кәсіби тәжірибесі бар. Маман бұл жобаны үлкен ықыласпен қолға алғанын жеткізді.
- Қарттарымыздың алғысын есту – мен үшін ең үлкен марапат. Осы қызмет арқылы олардың көңілін көтеріп, аз да болса, өмірлеріне жылулық сыйлай алсақ, бұл еңбегіміздің ақталғаны, — дейді Саятхан ханым.
Шаштараз кабинеті қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілмесе де, алғашқы жұмысты бастауға барлық жағдай жасалған. Кейбір құралдар демеушілердің көмегімен алынған, ал кейбіреуі уақытша пайдалануға берілген. Жобаны толыққанды жабдықтау үшін мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландыру күтілуде.
Шаштараз кабинетінде қарттарға тегін шаш қиып беру қызметімен қатар шаш бояу және сәндеу сияқты қосымша қызмет түрлері де бар. Бірақ бұл қызметтерді пайдалану үшін қажетті материалдарды ата-әжелер өздері әкелуі керек.
Бұл жоба қарттардың әлеуметтік тұрғыдан белсенді болуына және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Алға ауданында қолға алынған бұл игі бастама болашақта басқа да жобаларға жол ашып, қоғамда қарияларға деген құрметтің артуына ықпал етеді.
Мадина ТАЖИБЕКОВА