Ескі әндер ескірмегені жөн…

 …Қай уақытта да ескі дүние өз міндетін атқарып болған соң, жылыстап қолданыстан шыға бастайды, мұны «адамзаттық құбылыс» десек те болатын шығар. Қазіргі кез келген адам Ласттың «Жалғыз бақташысын», Поль Морияның әлемдік шедеврлерін білмеуі мүмкін.

Алайда, әр халықтың өзінің ұлттық санасынан берік орын алған, ешқашан ұмытылмайтын нәрселер болады. Біздің ұлтымыздың жауһарлары-«Қамажай», «Қара жорға», «Гәккулерінің» де қаны қазақ кез келген адамның санасында алыс бір түкпірден болса да, «естіліп» тұратыны, бәлки, содан шығар…

Дегенмен, өзге тілде ауызданған жастардың қазақтың ескі дүниелерін ұмытып кеткені есті адамды ойландырса керек.

Аудандық мәдениет бөлімі, аудан мектептері, аудандық ішкі саясат қызметі өмірлік қағидаларымызға байланысты болғандықтан ба, осы салаға үнемі алаңдап жүретініміз рас.

Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде өткен «Ескірмейтін ескі әндер» атты ретроконцертке аз да болса мұрындық болғанымызды жасырмаймыз. Әйтпесе, әуені делебеңді қоздырғанмен, мәтініне «Көк жигулиді» күркілдетіп, «Розовый синтезаторды» шиқылдатып қосып, «ән» деп «шырқайтын» жастар көбейіп кетті… Бұл «хиттердің» астында Әсет, Әблахат, тіпті, Шәмші шедеврлері де «босағадан сығалайтын» жағдайға жеттік.

Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Б.Жаналин мырзаға, осы мекеменің бас маманы Венера Құдайбергенқызына құлаққағыс қылғанбыз, рахмет, іліп әкетті.

Бірден айта кеткеніміз жөн, мұндай ретро әндерге көрермен сусаған екен. Халық та көп жиналды, шырқалған кез келген әнге бар көрермен қосылып отырды. Ойнақы әуендерге ортаны бермей билеген 70-80 жылдың жастары нағыз өнердің қандай болатынын тағы бір көрсетті. Әсіресе, бір өзі бір департаменттің қызметін атқарып отырған «Белсенді өмір орталығының» мүшелері әдемі кешті аспандатып әкетті.

«Мұңайма», «Жас қалам», «Синий иней», т.б. әндер шырқалғанда қазіргі сахна төрін бермей жүрген жас әншілеріміздің өздері таңданыстарын жасырмады.

Аудан мәдениетінде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан тамдылық «Достар» триосы, құмға көмілген гауһардай көп көріне бермейтін Бекболат Дәрібаев, Мәдениет үйінің әншілері Жұмагүл Тәжмағанбетова, Аслан Сейтендер ескі есті әндерді әуелетті.

Осы жерде кештің сценарийін дайындап, жоғары деңгейде өткізуге жанын салған Мәдениет үйінің қызметкері Жұмагүл Тәжмағанбетованың еңбегі бір төбе екенін атап өткеніміз ләзім. Сол жылдардың сән үлгілерін көрсетіп, би түрлерінен жарыс ұйымдастырып, көрерменді бір сәт те тыныш қалдырмауда сценарийін жазып, концерттің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Жұмагүл, Жайнагүлдердің еңбегі ерекше. Кештің тізгінін ұстаған Гүлнәзия Сағынғановаға да алғыстан басқа айтар жоқ. Би жарыстарынан, сән үлгілерінен оза шыққан көрермендерге аудандық мәдениет бөлімі тарапынан азын-аулақ сый-сияпат мезіреті жасалды.

Бұл ауданымызда бірінші рет өтіп отырған ретро әуендер кеші. Алғашқы ойымыз — сонау 30-50-інші жылдар әндерін қамту болатын. Бастапқы болғасын 70-80-інші жылдар әндері ғана қамтылды. Алайда ұжымшар-кеңшар кездеріндегі «Қырманға кел, қалқатай», «Сүйгенім менің қалада», «Бақыт ортақ емес пе еді?» атты әндер, соғыс жылдарындағы «Кестелі орамал», «Жас қазақ» әндері де ел жадында қайта жаңғыруы тиіс. Осы орайда жер аяғы кеңіген соң, ретро әуендерді тағы жаңғыртуды ойластырып отырған аудандық мәдениет бөліміне алғыстан басқа айтар жоқ.

…Қарамағындағы мәдени ошақтардың қызметкерлерін жинаған басқосуда аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Б.Жаналин біз әңгімелеп отырған бастаманы ауылдық жерлерде де жалғастырып әкету туралы тапсырма берді. Өте құптарлық іс.

…Қалай десек те, жақсы бір шара өтті. Ұлт ретінде ұсақталып, жойылып кетпеу үшін жасалатын алғышарттардың бірі де бірегейі — кешегі тарихымызды, салт-дәстүрімізді, мәдениет- өнерімізді ұмытпау, санадағы дүниені жаңғыртып, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Сіз бен біз осы ізгі іске қол ұшын берсек, «Көк жигулидің» де бензині бітеді, «Розовый синтезатордың» да тоғы таусылады…

 

Шара Елеусіз,

 зейнеткер журналист