ҚҚС-ты көтеру саудадағы көлеңкелі экономиканы арттыра ма – Премьер жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауапта қосылған құн салығын көтеру саудадағы көлеңкелі экономикаға қалай әсер ететінін айтқан.
Бөлісу:

Screenshot

Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform
— Талдау көрсеткендей, ҚҚС мөлшерлемелерінің өзгеруі көлеңкелі экономика деңгейімен тікелей байланысты емес. Мәселен, 2006 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 15% болған кезде көлеңкелі экономиканың деңгейі жалпы ішкі өнімге қатысты 19,8%, ал сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың мөлшері ЖІӨ-ге қатысты 2,7% болды. Кейінгі жылдары ҚҚС мөлшерлемесі кезең-кезеңімен 12%-ға дейін төмендеді. Алайда саудадағы көлеңкелі экономика көлемі жылдан-жылға ұлғайып, 2016 жылы ЖІӨ-ге қатысты 9,2%-ға дейін жетті. 2022 жылы ҚҚС мөлшерлемесі 12% болған кезде сауда саласындағы көлеңкелі экономика көлемі ЖІӨ-ге қатысты 3,1% болды. Мөлшерлеме төмендесе де, саудадағы көлеңкелі экономика деңгейі төмендеген жоқ, — деп жазады Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, Еуропаның кейбір елдерінде қосылған құн салығының мөлшерлемесі Қазақстандағыдан жоғары болғанымен, көлеңкелі экономиканың үлесі әлдеқайда төмен екенін айтады.

— Германияда ҚҚС мөлшерлемесі – 19%, ЖІӨ-ге қатысты көлеңкелі экономика деңгейі – шамамен 10%, Ұлыбританияда ҚҚС мөлшерлемесі – 20%, көлеңкелі экономика деңгейі – ЖІӨ-ге қатысты 11%, Мажарстанда ҚҚС мөлшерлемесі – 27%, бірақ көлеңкелі экономика деңгейі Қазақстанмен бірдей. Бұдан көлеңкелі экономика деңгейі мен ҚҚС мөлшерлемесінің тікелей байланысы жоқ екендігі айқын көрінеді, — деп жазады ол.
Бүгінгі таңда кәсіпорындардың тек 4%-ы ҚҚС төлейді.

— Көптеген компания салықтан жалтару үшін бизнесті жасанды түрде бөлшектейді, бұл ҚҚС-тың қалыпты есепке жатқызылуын қиындатады және оның мәнін бұрмалайды. Бұған қоса, бұл жосықсыз бәсекелестік тудырады. Осыған байланысты ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегін 20 000 АЕК-тен (79 млн теңгеден) 3 800 АЕК-ке (15 млн теңгеге дейін) дейін төмендету ұсынылады. Бұл арқылы бизнесті бөлшектеуден туындайтын шығын ықтимал пайдадан асып түсетіндей жағдай жасалады. Нәтижесінде нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдайлар қамтамасыз етіледі. Ал салықтан жалтару схемалары тиімсіз болып қалады, — деп түсіндіреді Олжас Бектенов.
Еске салсақ, өткен аптада Мәжіліске Салық кодексінің түзетілген жобасы енгізілген еді.

Ондағы негізгі түзетулер мыналар:

➤ Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін төмендету – 20 000 МРП (78,6 млн теңге) 3 800 МРП (15 млн теңге) дейін;
➤ Қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру – 12%-дан 16%-ға дейін, бұған қоса бірқатар салалар үшін төмендетілген мөлшерлеме 10% белгіленеді;
➤ Жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимін қолдануды шектеу – тек B2C сегментіне (бизнес түпкілікті тұтынушылар үшін) қолжетімді болады.

https://kaz.inform.kz/news/kks-ti-koteru-saudadagi-kolenkel-ekonomikani-arttira-ma-premer-zhauabi-ce325f/