Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) құрылғанына 30 жыл толып отыр
Бұл – еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды, тарихи оқиғалардың бірі. Ассамблея – Қазақстан халқының бірлігін, татулығын және қоғамдық келісімін қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарып келе жатқан бірегей институт.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде бұл мерейлі датаға ерекше тоқталып өтті. Ол ҚХА-ның ел дамуындағы үлесін жоғары бағалап, оны «Қазақстандағы тұрақтылық пен бейбітшіліктің тірегі» деп атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылды. Бұл – әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ құрылым.
Ассамблеяның 30 жылдық тарихы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тұрақтылықтың айқын дәлелі. ҚХА-ның арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісім салтанат құрып отыр. Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілі бейбіт өмір сүріп, өз ана тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтауға толық мүмкіндік алуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ассамблея – халқымыздың бірлігін нығайтатын маңызды құрылым. Ол барлық этностардың мәдениетін, тілін сақтауға және дамытуға үлес қосып келеді», – деп атап өтті. Президент ел бірлігінің маңызын алға тарта отырып, ҚХА-ның алдағы кезеңде де өз қызметін жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бұл тек бір ұйымның ғана емес, бүкіл елдің жетістігі. Ол еліміздің басты құндылықтары – бейбітшілік пен келісімнің нақты көрінісі. Болашақта да Ассамблея еліміздің дамуына, бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет ететініне сенім мол.
Ә.Жоламанов
Белсенді жас