Халық үніне құлақ асқан — ұтар

 

Халық пен билік арасын жақындату, ашықтық пен есептілікті арттыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осы орайда Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінің мүшелері Н.Жалғасбаев, И.Бітік және Б.Майлышов Алға ауданына жұмыс сапарымен келіп, қоғаммен байланыс орнатуға маңызды қадам жасады.

Сапар барысында делегация аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен, сондай-ақ құрылыстың жай-күйімен танысты. Алдымен Бестамақ ауылындағы балабақшада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қарап шыққан кеңес мүшелері бүлдіршіндердің қауіпсіз әрі жайлы жағдайда тәрбие алуы үшін жасалып жатқан бұл игі істе құрылыс сапасы мен мерзімі басты назарда болуы керек екенін баса айтты.

Кейін аудандық ауруханасы, белсенді өмір сүру орталығы, жаңадан бой көтеріп жатқан спорт кешені және Мансап орталығы жұмысымен танысқан делегация өкілдері сала өкілдерінен тікелей ақпарат алды.
Аталған құрылыс алаңында кеңес мүшелеріне жобаның барысын Алға аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жасұлан Пірімжанов пен «Интерстиль» ЖШС құрылыс прорабы Болат Мырзағұл таныстырып, қараша айында нысан пайдалануға беріледі деп уәде етті. Қоғамдық кеңес өкілдері құрылыс сапасы мен оның мерзімінде аяқталуына ерекше назар аудара отырып, бұл жұмыстар кеңестің тұрақты бақылауында болатынын еске салды.

Сапар соңында қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындардың көкейкесті мәселелері тыңдалды. Ашық әрі еркін форматта өткен кездесуде жұртшылық әлеуметтік жағдайға байланысты түйткілді жайттарды алға тартты.

Азаматтар тарапынан жиі көтерілген мәселе — жұмыссыздық. Жастардың жұмыс таба алмауы, тұрақты табыс көзінің жоқтығы – тұрғындардың мазасын алған басты тақырып. Бұған қоса, баспана мәселесі де шешімін күтіп тұр. Ардагер журналист Шара Елеусізқызы:

  • Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы төмен, баспана да берілмейді. Соңғы рет баспана берілгеніне 15 жылдан асып кетті. Кадрдың тұрақтамауы да содан. Бұл сала қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағалануы тиіс, — деп, көкейдегі базынаны ашық айтты.

Сонымен қатар аудан жастары үшін маңызды саналатын спорт кешені мен спорт мектебі облыстық спорт басқармасының қарамағында, ал аудандық спорт бөлімі өз іс-шараларын өткізу үшін үнемі сол мекемелердің есігін қағып жүруге мәжбүр. Бұл — шешімін табуға тиіс өзекті мәселе екенін айта келе, қоғам өкілдеріне: «Неліктен бұл нысандар аудан балансына берілмейді?» деген сауал тастады.

Медицина саласындағы кадр тапшылығы тағы бір өзекті мәселе ретінде көтерілді. Жас мамандар жалақының төмендігін, көтерме көмектің мардымсыздығын айтып, сол себепті мамандардың көбісі қалаға кетуге мәжбүр екендерін жеткізген. Бірнеше тәжірибелі дәрігерлердің Ақтөбе қаласындағы жеке клиникаларға ауысқаны айтылды.
«Медицина қызметкері адам өмірін арашалау миссиясын арқалаған тұлға. Гиппократ антына адал болу бәрінен биік» — деп, қабылдауға қатысушылар тарапынан медициналық білім беру мекемелерінде жастарға патриоттық тәрбие берудің қажеттігін баса айтты.

P.S.: Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар алдағы уақытта мұндай ауқымды шара алдын ала ескертіліп өткізілсе деген ұсынысын білдірді. Бұл – ұйымдастырушылар ескерерлік елеулі ескерту. 

 

Мадина ТАЖИБЕКОВА