10 елдімекенге 2422 бейнебақылау камерасы орнатылды
Жол қауіпсіздігі
Облыста жол-көлік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында облыстың 10 елдімекеніне 2 422 қоғамдық бейнебақылау камерасы, 94 аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін (МТНБ) тіркеуге арналған 45 кешен орнатылды. Бұл кешендер автокөлік нөмірлерін автоматты түрде анықтап, деректерді құқық қорғау органдарының мониторинг «Қорғау» жүйесіне береді.
Сондай-ақ қалада кеңейтілген аналитикалық мүмкіндіктері бар 190 камера жұмыс істейді. Олар бақылау аймағындағы рұқсат етілген саннан асатын адамдар тобын анықтау,адамдардың немесе көліктің тыйым салынған аймақтарға өтуін тіркеу, жаяу жүргіншілердің немесе көліктердің белгіленген сызықтарды кесіп өтуін бақылау,көліктерді әртүрлі көше, аудан бойынша есептеу және жіктеу,
мемлекеттік тіркеу нөмірін, соның ішінде шетелдік көліктерді тану және олардың қозғалыс маршруттарын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ камералар жекелеген аймақтардағы адамдар санын, қоқысты рұқсат етілмеген жерлерге төккендерді және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу үшін бет-әлпетті тану бойынша ақпарат береді.
Жыл соңына дейін тағы 300 бейнеталдау функциялары бар камера орнату жоспарланып отыр. Бұл қаладағы қоғамдық қауіпсіздік пен бақылау деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Аталған жобаны іске асыру қылмыс деңгейін төмендетуге, жедел қызметтердің әрекет ету тиімділігін арттыруға және қоқысты рұқсатсыз тастауды бақылау арқылы экологиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізеді.
К.ҚОПАЕВА.