Ұстаздық еткен жалықпас

5 қазан – Ұстаздар күні қарсаңында білім ордаларының жүрегі ұлағатты ұстаздар қауымын ұлықтау мақсатында ауданымыздың білім саласына елеулі үлес қосып келе жатқан жандарды халыққа таныстыруды жөн санадық. Білім саласына
42 жылын арнаған білікті де, ардақты ардагер ұстаз Гүлнар Шаяхметқызы туралы айтпақпыз.

Гүлнар апай биылғы жылдың жаз айында ғана зейнет жасына жетіп, ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, ұжымдастарының аса бір құрметімен Алға қаласындағы №4 орта мектебінен зейнетке шыққан болатын. Әріптестерінің арасында сыйлы, шәкірттеріне сүйікті де мейірімді ұстаз бола білген Гүлнар Шаяхметқызының жүріп өткен өмір жолы ұстаздық жолындағы ізбасарларына үлгі болып қала бермек.

Шаяхмет Гүлнар Шаяхметқызы  1964 жылы 21 маусымда шежірелі Ырғыз ауданы, Тәуіп ауылында дүниеген келген. 1971-1979 жылдары өзінің туған ауылындағы 8 жылдық негізгі мектепте оқып, 1979 жылы аяқтайды. 1979-1983 жылдары Ақтөбе педагогикалық училищесінде оқып, тәмамдайды. Училищені аяқтап, 19 жастағы жас ұстаз еңбек жолын Ырғыз ауданындағы Әменбет  шағын комплектілі мектепте бастайды. Гүлнар Шаяхметқызының негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. 1983-1995 жылдар аралығында өзінің туып-өскен жеріндегі мектепте мұғалім болып қызмет етеді. 1995 жылы отбасын құрады. 1997-1999 жылдары Ырғыз ауданындағы Нұра ауылында мұғалім болады. Жалпы ұстаз өз туған жерінде білім саласына 16 жылын арнаған. Отбасымен Алға қаласына қоныс аударып, №4 орта мектебіне  1999 жылы жұмысқа орналасып, 2025 жылға дейін үздіксіз 26 жыл бойы бастауыш сыныптарына білім береді. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін 7 жыл абыроймен атқарған.

Гүлнар Шаяхметқызы дәрігерлер отбасында дүниеге келген. 6 ағайынды, 5 қыз, бір ұл. Гүлнар апайдың туған апаларының барлығы да дәрігер мамандығын таңдаған. Тек өзі ғана осы мұғалімдік жолды таңдап, бірнеше жыл бойы ұрпақ тәрбиесі мен біліміне зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз. Өзінің жолын ұлы және туған інісінің екі қызы жалғастырып, бүгінде ұстаздық етуде. Кейіпкеріміз бір сөзінде абыройлы мамандығы туралы айтып, ізгі тілегін білдірді:

« — Мен ұстаздық жолды, соның ішінде бастауыш кластың мұғалімі болуды жастайымнан армандап, таңдаған болатынмын. Себебі, кішкентай балаларды өте жақсы көремін. Осы күнге дейін 10 бастауыш класты шығарып салған екенмін. Шәкірттеріме білім беруден еш жалыққан емеспін. Олар бір нәрсені толығымен ұғынса, менің еңбегімнің абыромдалаға кетпегені деп білемін. Ұстазға одан асқан бақыт жоқ. Бала әлемі бұл түсінген адамға өте терең құбылыс. Балалармен жұмыс жасау, оларға тәлім, білім берудің өзі бір ғанибет қой! Балаларды оқытып, олардың бойындағы жан-жақты қырларын ашу маған өте ұнайды. Мектепте жұмыс жасаған жылдарымда шәкірттерім мен және олардың ата-аналарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, әлі күнге шейін араласудамын. Алға қаласындағы №4 орта мектебінде қазақ-орыс кластары аралас болғандықтан, бір жылдары тіпті мектептерде қазақ кластары ашылмағандықтан бастауыштың қазақ кластарында 42 оқушыдан оқытқан кездерім де болды. Бірақ, ешқашан жұмысымды қиынсынбадым, қайта балалармен қарым-қатынас орнатқаннан әсер алатынмын.

Әрбір ата-ананың ұстазға айтқан алғысы, тілегі қандай да болмасын қымбат сыйлықтан мың есе артық. Өйткені, ұстаз үшін ол үлкен мадақтардың бірі. Осы орайда, қадірменді ұстаздар қауымын 5 қазан – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапкершілікті қажет ететін жұмыстарыңызға сәттілік, толағай табыстар тілеймін. Денсаулықтарыңыз зор, отбасыларыңыз аман, өмірлеріңіз мәнді болсын деймін.»

Тағы бір естелігінде апай шәкірттері туралы сөз қозғады. Өзінің туған жерінде ұстаздық етіп жүрген жылдары 1982 жылғы туылған оқушылардан құралған бір класс толығымен үздік оқыған. Сол шәкірттерінің барлығы дерлік өмірден өз орындарын адаспай тауып, барлығы бір-бір қызметтің тұтқасын ұстап, елге адал қызмет етуде. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, заңгер т.б маман иелері бар. Ардагер ұстаздың білімді, талапты, өнерлі шәкірттері өте көп. Солардың бірі – 2000 жылы туылған Сағынаев Есет Досанұлы. Ол 4 сыныпты бітірген бойда М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатына оқуға түсіп, үздік бітірген. Осы аталмыш оқу ордасынан маған жыл сайын Алғыс хат келіп тұратын деп еске алады Гүлнар Шаяхметқызы. Шәкірті Есет Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне оқуға түсіп, 7 жыл білім алған. Биыл ғана Эндокринология саласы бойынша резидентураға оқуға тапсырып түскен. Болашақта зор үміт күттіретін білікті дәрігерлердің бірі, жас маман. Шәкірттерінің барлығы дерлік Гүлнар апайды атаулы мерекелерде әлі күнге шейін ұмытпай, үйіне келіп те құттықтайды екен. Бұл ұстаз бен шәкірт арасындағы ыстық ықылас, аса бір құрметтің белгісі десек артық айтпаспыз.

Бүгінде Гүлнар Шаяхметқызы зейнеткерлікке шығып, екі немересін қарап, тәрбиелеріне жауапкершілікпен қарап жүрген асыл әже, отбасының ұйытқысы, аяулы ана. Әрбір шәкірті үшін білім сарайының құлпын ашып, бала жанының бағбаны бола білген ардагер ұстазға тілеріміз — әдемі қарттық шақ, қуанышты күндер мен сәттер, зор денсаулық, мағыналы ұзақ ғұмыр!

Марал САНДЫБАЙ