Аналарға «Күміс алқа» табысталды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылғы 22 қаңтардағы № 439 Жарлығына сәйкес Алға қаласының әкімі Нұрбол Сурбаев «Күміс алқа» наградасы қала бойынша 2 көп балалы анаға табысталды.
Әйел мен ер – отбасының қос қанаты. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде «Түз – ердікі, үй – әйелдікі» дейді. Үйде жылулық болса, түзде тыныштық орнайды. Өмірге әйел болып келгеннен кейін отбасын құрып, аяулы ана атану міндет. Қыз-келіншек, әйел-ана, әже-кейуана тағылымы өшпес із. Бұл әйел қауымының зор құрметі. Ана — барлық өмірдің бастауы. Сәрсенбінің сәтті күні аудан әкімдігінде көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Демографияның өсім алуына осы жандардың қосар үлесі мол. Тағылымы мол шараны қала әкімі Нұрбол Сурбаев жүргізіп, алтын құрсақты аналарды марапаттады.
Алты баланы дүниеге әкелген, алтын құрсақты ана, Рита Қазмагамбетова. мен Айдана Байғожановаға «Күміс алқа» табысталды.
- Нәзіктік пен қайсарлықты бойына жинаған аналарымызға ұрпақ тәрбиелеу жолындағы өнегелі істері үшін алғыс білдіремін. Бұл отбасылардағы ұл-қыздардың еліміздің нағыз патриоты боларына сенімім мол. Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен аяулы аналарымыз аман болсын!,- деді қала әкімі.
Ананың құдіреті шексіз. «Оның алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқтап, бітімге келетін болғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды.
Бүгінгі таңда, аудан бойынша 2023 жылы 7 алтын, 38 күміс алқа, яғни барлығы 45 анаға награда берілді. Қазіргі таңда аудан бойынша 2024 жылы 1ана «Алтын алқа», 6 ана «Күміс алқа» наградасына ие болды.
- Әйел үшін басты бақыт — ана атану, бала тәрбиелеу. Біздің ең басты байлығымыз осы балаларымыз. Ендігі мақсатымыз балаларымызға жақсы тәрбие мен білім беріп, оларды еліміздің жақсы азаматы етіп шығару, — деді көпбалалы ана Рита Қазмагамбетова.
Марапаттау барысында көпбалалы аналар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, «Күміс алқа» иегерлері алдағы уақытта «Алтын алқаға» да қол жеткізетіндерін айтып, елдің тыныштығына шүкіршілік білдірді.
Мәншүк САПАРОВА