Салмақты саясат қағидаттары

Мемлекет басшысы 5 қараша күні «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Бұл – тарихи маңызы бар құжат. Себебі бұрын-соңды елімізде ішкі саясаттың идеологиялық бағыты мен ұйымдастырушылық аясын анықтайтын жүйелі, біртұтас акт болған емес.

Салмақты саясат қағидаттары

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Тарихи тұжырымдама

Тұжырымдамалық құжаттың қажет екені біраз уақыттан бері айтылып келді. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында да сарапшылар мен қаты­су­шы­лар осы мәселеге айрықша назар аудар­ды. Еділ Жаңбыршин, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Данияр Әшім­баев, Марат Шибұтов және басқалар құжатты әзірлеу уақыт талабы екенін тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы бастаманы қолдап, Президент Әкімшілігіне аталған мәселені жан-жақты зерттеп-зерделеуді тапсырды.

Ішкі саясат – мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі. Тәуелсіздік алғалы елімізде әр кезеңде ішкі саясаттың басымдықтарына орай түрлі құжаттар, бағдарламалар қабылданды. Бірақ бұл құжаттарда саланың қағидаттары мен құндылықтары, мақсаттары мен бағыттары біртұтас жүйе ретінде көрсетілмеген еді. Керісінше кейде бір-біріне қайшы келетін нормалар кездесетін. Енді, міне, мемлекеттік деңгейде алғаш рет ішкі саясат ұғымы, оның мақсаттары мен міндеттері, бағыттары жүйелі түрде нақты айқындалып, бекітіліп отыр.

Белгілі сарапшылар мен Ұлттық құрылтай мүшелері, ғылыми қауымдас­тық өкілдері тұжырымдамалық құжат­ты жарты жылдан аса уақыт әзір­леді. Әсіресе Еркін Әбіл, Ерлан Саиров, Айгүл Сәдуақасова, Берік Әбдіғалиұлы, Талғат Қалиев, Қарлығаш Жаманқұлова, Рауан Кенжеханұлы, Нұрбек Матжани, Александр Данилов, Ғазиза Әбішева бастаған азаматтар үлкен еңбек сіңірді.

Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қағидаттардың, жалпыұлт­тық құндылықтардың, ішкі саясаттың бас­ты бағыттары жүйеленді. Тұжырымдама жүргізіліп отырған қазіргі саясатты біртұтас дүниеге айналдырды. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланған материалдар оның қоғамда оң қабылданғанын көрсетіп отыр.

Кейінгі жылдары елімізде ауқымды сая­си реформалар жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде мемлекеттік ап­па­ратқа жаңа адамдар келе бастады. Мәсе­лен, ауылдық округтердің әкімдері сайлануда. «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы іске қосылды. Жүйеде буын ал­масу үдерісі үздіксіз жүріп жатыр. Сон­дық­тан ішкі саясат тұжырымдамасы мем­лекеттік қызмет жүйесіне өзге салалардан келген басшылардың жаңа буынына көмекші құрал ретінде пайдалы болмақ.

Айрықша атап өтерлігі, құжатта еліміздің жалпыұлттық нышандары бекітілген. Мәселен, шаңырақ – ұлт­тық бірліктің, домбыра – ұлттық музы­калық аспаптың, Абайдың «Қара сөз­дері»  ұлттық кітаптың нышаны болып айқындалды. Бұл нышандар елімізге тән ерекшеліктерді тануға, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайтуға және тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға ықпал етеді.

Сыншылардың кейбірі «бұл құжатта жаңа идеология неге жоқ?» деген сыңайда пікір айтып жатты. Алайда тұжырымдама әу бастан мұндай мақсатты көздеген жоқ. Оның үстіне біздегі саяси плюрализм, пікір алуандығы жағдайында бұл мүмкін емес. Құжаттың мәні – азаматтарымыз ұстанатын жалпыға ортақ қарапайым нормалар мен құндылықтарды бекіту. Яғни қоғамдық құрылым күрделенген сайын әртүрлі көзқарастағы, әртүрлі ұстанымдағы адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтарды айқындау.

Әдетте мұндай құжаттар қабылдан­ған­да ауқымды іс-шаралар жоспары мен бюджеті қомақты арнайы жобалар бірге бекітілетін. Бірақ қазіргі ұста­ным – басқа. Тұжырымдаманы дайын­дауда және бағдарламаны жүзеге асыруда қаржы талап ететін жобалар мен пиар-кампаниялар ұйымдастыру мақ­саты белгіленген жоқ. Құжат ең алдымен, тұжырымдамалық негіз қызметін ат­қарады. Ішкі саясатты жүйелі бас­қаруда анық бағдар, айқын жол сілтеуге бағытталған. Тағы да қайталап айтсақ, мақсат – саладағы жұмысты ортақ негізге жүйелеу. Сондықтан қазір қоғамдық наградалар, мектептегі тәрбие, еңбекқорлық, білім және жасампаздық құндылық­тарын біріздендіру басталып кетті. Бұл жұмыстың барлығы артық шығынсыз әрі формализмсіз атқарылып келеді. Ең алдымен, оның институционалдық негізіне басымдық берілді.

Жаңа құндылықтар жүйесі

Қоғамда жаңа этика мен құндылық­тар жүйесін орнықтыру – бір күнде атқары­латын шаруа емес, бұл кезең-кезеңі­мен жүзеге асырылатын жұмыс. Оған құрғақ ұран, жылтырақ идеологиямен қол жеткізу – бос әурешілік. Бұл жерде жалаң үгіт-насихат тиімсіз. Тіпті кері әсер етуі – ықтимал. Бұл біздің жолымыз емес. Біз жұмыстың өз ырғағымен, өз арнасымен жүргенін қалаймыз. Саяси пікір алуандығы және сөз бостандығы жағдайында ең дұрыс қадам да осы болмақ. Біз жүйелі мемлекеттік саясат арқылы адамдар арасында қоғамдық әдеп мәдениетін дамытуды көздеп отырмыз. Кейінгі уақытта жүргізіліп жатқан жұмысымыздың барлығы осыған саяды.

д

Айталық, жаңа саясаттың негізгі элементінің бірі ретінде «Заң және тәртіп» қағидаты айқындалды. Бұл – жеке адам мен қоғамдық қауіпсіздіктің ір­гетасы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Заң және тәртіп» мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты болып қала береді. Әлбетте, заңдылықты сақтау – мемлекеттің бірден-бір басты мін­деті. Бірақ қоғамның қолдауынсыз бұл істе нақты нәтижеге қол жеткізу қиын. Сол үшін қоғамда қандай да бір құқық бұзушылыққа, агрессия мен зор­лық-зомбылыққа қарсы иммунитет қалып­тастыру маңызды. Әрине, бұл бір күнде нәтиже бермейді. Дегенмен мемлекетіміз ұстанған «Заң және тәртіп» қағидаты қазірдің өзінде қоғамдағы оң өзгерістерге ықпал етіп отыр. Кейінгі бес жылда қылмыстық құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі 80 пайызға қысқарды. Заңға бағыну мәдениетін орнықтыру қоғамды жаңа сапалық деңгейге көтереді.

Жаңа қоғамдық этиканы қалып­тас­тыруда «Таза Қазақстан» жобасының маңызы зор. Бірден айтайық, бұл – бір сәттік экологиялық акция емес. Оның мәні – қоғамда тазалық мәде­ние­тін қалыптастыру, табиғатқа жан­ашыр­лықпен қарау, вандализмге қарсы күрес, жауапкершілікті арттыру. Тәртіп табалдырықтан басталады. Әркім үйде де, аула мен көшеде де тазалық сақта­са, тәртіп орнайды. Тәртіпті сақтау, тазалықты ұстану саналы түрде жасалатын дағдыға ұласқаны абзал. «Таза Қазақстан» жобасының ел азаматтары тара­пынан үлкен қолдауға ие болуы жұ­мыстың дұрыс арнада жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Кез келген институционалдық реформа, қоғамдық өзгеріс алдымен адам­дарға бағытталады. Адамдардың санасы өзгермей, бірде-бір реформа жемісін бермек емес. Ал санаға сәуле түсіретін ортаның бірі – мектеп. Сондықтан құжатта өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ерекше назар аударылған. Орта білім жүйесіне енгізілген «Адал азамат» бағдарламасы да қоғамдық құндылықтарды орнықтыруды көздейді. Бағдарлама «мемлекет – мектеп – ата-ана» үш тағанын ортақ мақсат жолында ұштастырады. Мұндай қадам нашақорлықтың, лудоманияның, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алады әрі жасампаз құндылықтарды орнықтыруға негіз болады. Қазіргі уақыт­та бағдарламаның тиімділігіне сараптама жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта оны балабақшалар мен колледждерге де енгізу ісі қолға алынады.

Мемлекет басшысы бір сөзінде «Адал еңбек пен жауапкершілік – жаңа қоғамдық этиканың өзегі» деген болатын. Аталған құндылықтарды ілгерілету мақсатында 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан инженерлерге, құрылысшыларға, ғалымдарға, шахтерлерге және басқа да мамандық иелеріне арналған тоғыз атақ қосылды. Елімізде 74 кәсіби мереке аталып өтіледі. Соның ішінде Еңбек күнінің орны бөлек. Жыл сайын еңбек озаттары мен еңбек әулеттерінің өкілдері мемлекеттік наградалармен марапатталады. Бұл қадамның бәрі қоғамда еңбекқорлықты дәріптеуге, оны жаңа құндылық ретінде орнықтыруға бағытталған.

Жалпыхалықтық құндылықтарды қорғау да – маңызды бағыттың бірі. Өйт­кені қоғамда шетелдің мәдени модельдері мен мінез-құлық нормаларын орнықтыру әрекеттеріне қатысты алаңдаушылық бар. Мемлекет бұған бейжай қарай алмайды. Сондықтан дәстүрлі құндылықтарды қорғау шараларын күшейтуге ниетті.

Республика күні мен Тәуелсіздік күнін, Наурыз бен Жаңа жылды, Ораза айт пен Құрбан айтты, Рождество мен Пасханы, Қазақстан халқының бірлігі күнін, Халық­аралық әйелдер күнін кеңінен мерекелеу құндылықтарды қадірлеудің жарқын мысалы бола алады. Кейінгі жылдары Ұлттық рәміздер күнін, Отбасы күнін, Ұлттық кітап күнін, Ұлттық домбыра күнін мерекелеу жалпыхалықтық сипат ала бастады.

Болашақта бұлардың қатары көбеюі мүмкін. Айталық, көптеген мемлекетте Көршілер күнін атап өту дәстүрі кең та­ралған. Ал көршілермен тату-тәтті, бір­лік пен берекеде ғұмыр кешу – біздің қоғамға ерекше тән қасиет. Хал­қы­мыздың, өмір салтымыздың айнымас қағидасы десек қателеспейміз. Мұн­дай қадамдар қоғамдағы ынтымақты, достықты, тұтастықты одан әрі нығайта түсері анық.

Президентіміз айтқандай, «прогрес­сив­ті қоғамның үш тұғыры бар, олар – білім, ғылым және мәдениет». Жаңа құндылықтар жүйесін орнықтыру осы үш тұғырға арқа сүйеуі керек.

Цифрлық этика

Әлем тегеурінді трансформацияны бастан өткеріп келеді. Қоғамдық өмірдің негіздері мен құндылықтардың бағдары сәт сайын өзгеріп жатыр. Мәселен, жаңа технологиялар, әлеуметтік желілер жылдам дамып, этикалық нормалар соған ілесе алмай қалды. Сондықтан қоғам­да жаңа этикалық нормаларды орнық­тырудың маңызы арта түсті.

Айталық, цифрлық платформалар дәстүрлі БАҚ монополиясын әлсіретті. Енді смартфоны бар кез келген адам жаңалықтың жаршысы бола алады. Бұл бір жағынан адамдардың пікір айту мүмкіндігін арттырса, екінші жағынан манипуляциялар мен жалған ақпаратқа жол ашып берді. Мұны мынадан-ақ аңғаруға болады: бұған дейін расталмаған ақпарат кездейсоқ жағдайда жарияланса, қазір ашықтан-ашық мақсатты түрде, көбінесе қоғамдық пікірге арнайы әсер ету үшін таратылады.

Бұл – қоғамға қауіпті құбылыс. Сол себепті әлем елдері мұндай қатерге тосқауыл қою үшін тиісті шаралар қа­былдап жатыр. Әлемнің бір бөлшегі болғандықтан, біз де ақпараттық алаңды барынша қорғауға тиіспіз. Сондықтан Орталық коммуникациялар қызметінің құрылымында Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық құрылды. Оның мақсаты – манипуляцияларды, жалған ақпаратты дер кезінде анықтап, күшін жою әрі медиа кеңістікті қорғау.

Мәселен, ақпараттық шу тудыру қоғамда көп кездесетін проблемаға айналды. Өкініштісі, соның көбі белгілі бір топтардың, жекелеген адамдардың мүддесі үшін жасалады. Пікірлердің, эмоционалды мәлімдемелердің, үстірт түсіндірмелердің көптігі қоғамдық талқылаудың сапасын төмендетеді, жалған иллюзия тудырады. Салдарынан шынайы және маңызды ақпарат расталмаған контенттің көлеңкесінде қалып қояды. Сондықтан жалған ақпаратты анықтап, күшін ж­оюмен ғана шектелмей, жаңа цифр­лық этиканы қалыптастыру керек. Бұл дегеніміз – ақпарат тарату және кон­тентті қабылдау мәдениетін орнықтыру.

д

Биыл көктемде «ақпараттық рэкет» феноменін айыптап, мәлімдеме жасадым. Бұған кейбір блогерлер мен бел­сенділер қызметінің кәдімгі боп­салауға ұласып бара жатқаны түрткі болды. Мұн­дай келеңсіз тәжірибелер бұған дейін­гі кезеңдерде деструктивті элемент­терге қатысты қолданылған «жалтақ­тау саясатының» салдарынан туында­ғаны мәлім. Бұл өз кезегінде жалған қоғамдық белсенділердің, блогерлердің, «айтқанға көніп, айдағанға жүретін» оппозиционерлердің көбеюіне жол ашты. Қазір олар кезіндегі құдірет­ті қол­даушыларынан да, жомарт клиент­терінен де айырылып қалды. Бірақ үйрен­шікті әдістен әлі де арыла алмай келеді. Бұлар­дың жұмыс схемасы да қарадүрсін: бел­гілі бір тақырыпты жоқ жерден ушық­тырып, жұрт назарын аудартады, ал содан соң жазбаны өшіріп тастау үшін қо­мақты қаржы немесе мемлекеттік тапсы­рыс дәметеді. Бұл журналистикаға да, қо­ғамдық қызметке де жатпайды. Бұл нағыз «ақпараттық рэкет» болып саналады.

Бүгінде мемлекет ашықтық пен жауап­кершілікке негізделген басқа сая­сатты ұстанып отыр. Сол себепті енді мұндай әдістерге жол бермеу қажет. «Ақ­параттық рэкетті» ымырамен де, марапатпен де, келісімшартпен де қолдап-қуаттауға болмайды. Шындығында, бұл – шантаж бен бопсалауға құрылған әрі қыл­мыстық бизнеске пара-пар қатерлі құбылыс.

Сонымен бірге қоғамда «кэнселинг» («бас тарту») құбылысы да белең алып келеді. Бір қарағанда бұл азаматтық белсенділіктің бір қыры болып көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде қысым көрсету мен келекенің құралына айналып барады. Адамдар эмоцияның жетегінде кетіп, мәселенің байыбына бармай бойкот шараларына қосылуда. Осының салдарынан қоғамдағы алауыздық пен агрессия күшейеді. Әділетсіздіктің мән-маңызын түсінбей тұрып талқыға араласу, одан да зор әділетсіздікті туындатуы мүмкін екенін естен шығармаған абзал.

Сондықтан болашақта бұл құбылысты да реттеу керек. Бәлкім, заңнамалық шаралар қолдану қажет шығар. Этностық, діни, тілдік, гендерлік және басқа да кемсітушілік белгілері бойынша бойкот жариялауға шақыратындарға қатысты жауапкершілік енгізген дұрыс.

Жалпы, этностық, діни, тілдік немесе сыртқы саяси мәселелер сияқты күрделі әрі нәзік тақырыптарды эмоциямен талқылауға болмайды. Мұның соңы алауыздыққа, қоғамды бөліп-жаруға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сол себепті пікір жазғанда, қоғамдық талқылауларда ой айтқанда шектен шықпаған дұрыс. Қазақта «ала жіпті аттамау» деген ұғым бар. Мұны пікірталас кезінде де берік ұстану қажет. Яғни елдігімізге, бірлігімізге, ынтымағымызға сызат түсіретін дүниеден алшақ болған жөн. Бұл дегеніміз – тыйым салу емес, керісінше пікірталас кезінде ұстамды болып, сабыр сақтауға шақыру.

Мемлекет қоғамдық тұрақтылыққа сызат түсіретін дүниелерге бейжай қарамайтыны белгілі. Әсіресе деструктивті контент тарату әрекеттеріне қатысты қатаң саясат ұстанады. Қазір Парламент қоғамдық-саяси тұрақтылыққа қауіп төн­діретін контентті таратуға қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу жөніндегі түзетулерді қарастыруда. Аталған жаңа­шыл­дық осы саладағы заңға қайшы әре­кет­­тер­дің алдын алуға ықпал ететін болады.

Дегенмен тұрақтылықты сақтау тек шектеу шараларынан тұрмауы қажет. Ең алдымен, қоғамда өзін-өзі реттеу тетіктері қалыптасуы керек. Мысалы, азаматтар сенімді ақпарат көздеріне ғана сүйенгені абзал. Әркім өз әрекеті үшін жауапкершілік арқалауға тиіс. Диалог мәдениетін сақтау, қарсы тарапқа құрметпен қарау – өркениетті әрі саналы қоғамның белгісі.

Жүйелі қадам, тың тәсіл

Кейінгі жылдары елімізде орын алған саяси өзгерістер бір нәрсені анық бай­қатты: реформалар жоғары жақтың пәр­менімен емес, керісінше кең ауқымды қоғам­дық диалог арқылы қалыптасады. Со­ның нәтижесінде ел тұрғындарының, азамат­тық қоғам институттарының, сарап­шы­лардың бірлескен бастамалары мем­лекеттік жаңғыртудың маңызды бөлігіне айналды. Түптеп келгенде, бұл да қо­ғам­дағы жаңа мәдениеттің, жаңа құнды­­л­ық­тың қалыптасып жатқанын аңғартады.

Бүгінгі саясаттың басты ерекшелігі – өткен жылдардың тиімсіз тәжірибесінен алыстау. Бұған дейін мемлекеттік органдар жылдам нәтиже беретін PR-тәсілдерге ұмтылды. Көрер көзге әсерлі, бірақ тиімсіз шешімдерге басымдық берілді. Бір кездері билік те, қоғам да жылдам нәтиже беретін жұмыстармен әуестенді. Жұрт алдында жарқыратып көрсетіп, тез есеп беру әдеті қалыптасты. Сол тәсіл мемлекеттік басқару жүйесіне де, қоғамдық психологияға да дендеп енді. Есесіне көзге көрінбейтін, ұзақ мерзімге арналған шаруалар тасада қалып қойды.

Қазір жүйелілікке, практикалық тиім­ділік пен тұрақты нәтижеге басым­дық берілген. Бүгінде мемлекет инфрақұры­лым салу, әлеуметтік саланы жаңғырту, азаматтарға жайлы өмір сыйлау секілді нақты әрі жүйелі міндеттерді орындап отыр. Нәтижесі де көңілге қонымды. Кейінгі бес жылда Қазақстанның іш­кі жалпы өнімі екі есе өсті. Жан басына шақ­қан­дағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 14 мың доллардан асты. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 есе ұлғайды.

а

Кейінгі бес жылда 1 200 мектеп пайда­лануға берілді. Кейінгі үш жылда денсау­лық сақтау саласында 900 нысан ел игілігіне қызмет ете бастады. Аза­маттардың орташа өмір сүруі 75 жасқа дейін ұзарды.

Тұрғын үй құрылысының көлемі 19 млн шаршы метрге жетті. 2,4 мың шақырым автомобиль жолы, 880 шақы­рым теміржол салынды. 1 980 өндіріс нысаны іске қосылды.

Жарқын да жылдам «жетістіктерге» бойы үйренгендер мұндай нәтижелерді көзге ілмейді, әрине. Шын мәнінде, бұ­лар­дың бәрі – жүйелі түрде жүзеге асы­­рылып жатқан жұмыстар. Тек, біз бұ­рын­­ғыдай жарқырата көрсетіп, жаппай жар­­намалаудан тыйылдық. Жарнамасыз, ұран­сыз, керісінше жүйелі қадамдар мен нақ­ты тәсілдер арқылы жүзеге асырылып жат­қан күнделікті жұмыстар дамуға бас­тайды, халықтың әл-ауқатын арттырады.

Дәл осындай тәсілдер идеология саласында да қолданылып келеді. Ішкі саясат әсірелеусіз, көзбояушылықсыз ретте­ліп отыр. Жасампаздық құндылықтары ор­ны­ғуда. Заңға бағыну және қоғамдық ын­тымақтастық мәдениеті нығая түсті. Азаматтық қоғам, балалар құқығын қор­ғау, ескерткіш тақталар мен рәміздік кеңіс­тік мәселелеріне ерекше көңіл бөлеміз.

Мемлекетіміз жүйелі әрі тиімді әре­кет бағытын ұстанып отыр. Түрлі салада қордаланып қалған мәселелерді жедел реттеп, тұрақты құндылықтар мен институционалдық негіздерді қа­лып­тастыру көзделген. Қабылданып жатқан шешім­дер де уақытша әсерге емес, азаматтардың мүддесі мен ұлттық стратегиялық басымдықтарға негізделген.Бұл – салмақты саясаттың қағидаттары.

 

Ерлан ҚАРИН,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі