Цифрландырудағы тың бастамалар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы жасанды интеллект саласына ерекше мән берді. 2025 жылы қыркүйек айындағы Жолдауында нақты тапсырмалар беріп, ЖИ-дің маңызын атап өтті. «Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек», деген еді Президент. Бұл саладағы өткен жылы атқарылған істерді газеттің алдыңғы санында жазған болатынбыз. Биыл да жасанды интеллект және цифрландыру саласы қарқынды дамуын тоқтатпақ емес. 3 жылдың ішінде толық цифрлы мемлекетке айналу үшін алда IT экспортын арттыру, ЖИ-ді барлық салаға енгізу, баршаға қолжетімді экожүйе қалыптастыру міндеті тұр. Сондай-ақ ЖИ-дің игілігін көрсететін ауқымды жобалар нарыққа шығарылмақ.