Алға мәдениет үйінде «Алаяқтан сақ болыңыз» тақырыбында тұрғындармен кездесу өтті. Жиынға Алға ауданының прокуроры Н.Тұрышов, аудан әкімінің орынбасары Б.Кангужин, аудандық полиция бөлімінің бастығы Н.Ибраев, сондай-ақ бірқатар бөлім мен мекеме басшылары қатысты.
Кездесу барысында Алға ауданы прокурорының орынбасары А.Тамабаев өңірдегі алаяқтық қылмыстарының қазіргі ахуалы жайлы баяндама жасады. Ол алаяқтықтың алдын алу мақсатында қолға алынған шаралармен таныстырып, тұрғындарды сақ болуға шақырды. Қаржылық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. «Халық банк» АҚ филиалының басшысы Қ.Аязбаев тұрғындарға қаржылық алаяқтардың әрекеттері мен олардан қорғану жолдары туралы ақпарат берді. Ол интернет-алаяқтардың жиі қолданатын айла-тәсілдері, банк карталары мен жеке мәліметтерді қорғау жолдары жайлы түсіндірді. Тұрғындар тарапынан онлайн кредит беру жүйесіне қатысты сұрақтар қойылды. Азаматтар «Несиелер неліктен адамның келісімінсіз рәсімделіп кетеді?», «Онлайн қарыз беруді шектеу мүмкін бе?» деген сауалдарын ортаға салды. Бұл сұрақтарға заң аясында жауап беріліп, құқық қорғау органдары алаяқтықпен күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндірді.
P.S.: Жиын соңында мамандар тұрғындарға қырағылық танытуға, белгісіз адамдарға жеке деректерін бермеуге, күмәнді хабарламаларға сенбеуге кеңес берді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды. Қаржыңыз бен жеке мәліметтеріңізді сақтаңыз! Күдікті жағдайлар туындаған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгініңіз!
Мадина ТАЖИБЕКОВА